• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Шаруашылық Бүгін, 09:10

Көктемгі дала жұмысы қарқын алды

10 рет
көрсетілді

Түркістан облысында биылғы көктемгі егіс науқаны жоспарға сай жүріп жатыр. Шаруалар дала жұмысына ерте кіріскен. Мысалы, өңірдің оңтүстік а­удандарын­да диқандар қаңтарда қырыққабат көшеттерін егеді. Жалпы, биыл өңір­де ауыл шаруашылығы дақылдарына 919 мың гектар жер лайықтал­ды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 мың гектарға артық. Оның ішінде 536 мың гектар­ға жаздық дақыл, 208 мың гектарға күздік егіс, ал 175 мың гектарға жоңыш­қа өсіріледі. Ерте пісетін көкөніс пен картопты 24 мың гектарға егу жоспарланған.

Облыстық ауыл шаруашы­лығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың б­аяндауынша, егіс құрылымын әртараптандыру және су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында бірқатар өзгеріс енгізілген. Атап айтқанда, мақта алқабы 17 мың гектарға ұлғайып, 162 мың гектар болады, жүгері 15 мың гектарға артып, 55,2 мың гектарға жеткізіледі, ал мақсары 16 мың гектарға көбейіп, 85,4 мың гектарға орналастырылады. Су шығынын азайту мақсатында күріш 7 мың гектарға қысқартылса, ауыспа­лы егіс талаптарына сәйкес бидай көлемі 25 мың гектарға азайтылып, 216,3 мың гектар болады.

Көктемгі дала жұмысын уақтылы жүргізуге 52,5 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген. Айлар бо- йынша нақты көлем белгіленіп, өңірлік операторлар анықталды. Басқарма басшысының ай­туынша, тиісті министрліктер тарапынан жанармайдың босату бағасы бекітілгеннен кейін бес күн ішінде шаруаларға жеткізу жұмыстары басталады.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен жол картасына сәйкес, жыл соңына дейін облыс бойынша 203,5 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Тыңайтқыш жеткізу мақсатында отандық өндірушілермен келісім жасалды. Атап айтқанда, «ҚазАзот» 48,2 мың тонна, «Қазфосфат» 23 мың тонна тыңайтқыш жеткізеді. Қазір облыс аумағындағы қоймаларда 25 мың тонна минералды тыңайтқыш сақтаулы. Оның қолжетімділігін арттыруға облыстық бюджеттен 9,5 млрд теңге қаралып, 134 мың тонна тыңайтқышты субсидиялау мүмкіндігі қамтамасыз етілді. Аванстық субсидиялау тетігі бо­йынша өтінім қабылдау басталды», дейді Ф.Байдуллаев.

Дала жұмысын қаржыландыруға «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 36,8 млрд теңге қарасты­рылған. Бүгінде 8,4 млрд теңгеге өтінімдер мақұлданып, 7,2 млрд теңгеге 321 жоба қаржыландырылды. Қосымша 15 млрд теңгеге екінші траншқа өтінім беріл­ген, қаржы бөлінгеннен кейін та­уар өндірушілерді несиелеу жалғасады. Сондай-ақ 162 мың гектар мақта алқабын сапалы тұқыммен қамтамасыз етуге 30 пайыздық сақтандыру қорын есептегенде 4,7 мың тонна мақта шиті қажет. Қазір жергілікті тұқым шаруашылықтарында 1,6 мың тонна жоғары репродукциялық шит дайын, қосымша 3,1 мың тонна трейдерлік компаниялар мен мақта зауыттары арқылы импортталады. Биылдан бастап мақта шитін субсидиялау нормативі 1,5-2 есеге ұлғайтылып, отандық және шетелдік тұқымдарға бөлек норматив белгіленген. Яғни жергілікті тұқым шаруашылықтарын қолдау күшейеді.

Басқарма басшысының мәлімдеуінше, көктемгі дала жұмысына 37,4 мың бірлік техника дайын. Ауыл шаруашылығы құрылымдарында 16 мың трактор, 3 мың соқа, 1 мың қопсытқыш, 4 мың дәнсепкіш және 14 мың тырма бар. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде өткен жылы 1 872 техника сатып алынып, жаңарту үлесі 9,2 пайызға жетті. Биыл 2029 техника сатып алу жоспарланған. «ҚазАгроҚаржы» тарапынан 5 пайыздық жеңілдетілген лизинг бағдарламасына 19 млрд теңге бөлініп, техника паркін 10 пайызға дейін жаңартуға мүмкіндік туып отыр.

Ауыл шаруашылығы дақылдарын сумен қамтамасыз етуге биыл 3,8 млрд текше метр лимит бекітілді. Облыстағы 42 су қоймасының жалпы сыйымдылығы 8,8 млрд текше метрді құрайды, қазір оның 6,5 млрд текше метрі немесе 76 пайызы толған. Вегетациялық маусым басталғанға дейін су көлемін толық жинақтауға мүмкіндік бар. Су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша республикалық жоспар 27 мың гектарды құраса, облыс мүмкіндігін ескере отырып бұл көрсеткішті 50 мың гектарға дейін жеткізу көзделіп отыр. Бүгінде 20,5 мың гектар алқапта су үнемдеу технологиялары енгізіліп жатыр. Сала басшылығының мәлімдеуінше, өңірде көктемгі дала жұмысы жүйелі ұйымдастырылып, қажетті жанар-жағармаймен, тыңайтқышпен, тұқым­мен, қаржыландыру және техникамен қамтамасыз ету шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

 

Түркістан облысы 

Соңғы жаңалықтар