Медицинаның ең үлкен жетістіктерінің бірі вакцина – ағзаны жұқпалы аурулардан қорғаудың ең сенімді тәсілі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, вакцинация жыл сайын әлемде 3-5 млн адамның өмірін сақтап қалады.
Елімізде балалардың негізгі екпелермен қамтылу деңгейі жоғары. 2025 жылға арналған жоспарға сәйкес, егілген бала саны күтілетін көрсеткіштің шамамен 95%-ын құрайды. Айталық, Алматы қаласының Алмалы ауданында жаңа туған балалар арасында дифтерия, көкжөтел, сіреспеге қарсы вакцинациямен қамтылу деңгейі орта есеппен 95-97% болды. Перзентханада, өмірінің 1-4 күнінде нәрестелерге В вирусты гепатитіне, туберкулезге (БЦЖ) қарсы екпе жүргізіледі. 2 айлық шағында балалар көкжөтелге, дифтерияға, сіреспеге (АКДС), полиомиелитке, В гепатитіне, b типті гемофильді инфекцияға, пневмококк инфекциясына қарсы кешенді вакцинация алады. 3-4 айлық кезде осы инфекцияларға қарсы вакцинация жалғасады, оның ішінде пневмококк инфекциясына қарсы вакцинаның екінші дозасы енгізіледі. Туғанына 12-15 ай болған балаларға қызылша, қызамық, эпидемиялық паротитке қарсы екпе, сондай-ақ полиомиелит пен пневмококк инфекциясына қарсы вакцинация жүргізіледі. 1,5 жаста көкжөтел, дифтерия, сіреспе, полиомиелит, b типті гемофильді инфекцияға қарсы ревакцинация жасалады. Кейін вакцинация мектеп жасында жалғасады.
Мамандардың айтуынша, жұқпалы аурулардың таралуының алдын алу үшін халықтың кемінде 95%-ы вакцинацияланған болуы қажет. Мұндай деңгей ұжымдық иммунитетті қалыптастырады. Ол егілген адамдарды ғана емес, медициналық себептерге байланысты вакцина ала алмайтын адамдарды да қорғайды.
Профилактикалық егулер – балалардың денсаулығын қорғаудың ең тиімді әрі қауіпсіз тәсілдерінің бірі. Вакцинацияның арқасында көптеген қауіпті инфекциялардың таралуы айтарлықтай азайды, бүкіл әлемде қатерлі аурулардың миллиондаған жағдайының алдын алуға мүмкіндік туды.
Алмагүл ҚАЛИБЕКОВА,
Алматы қаласы Алмалы ауданының санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасы эпидқадағалау бөлімінің басшысы