• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Шахмат Бүгін, 08:15

Бибісара үміткерлер турнирінде бақ сынайды

10 рет
көрсетілді

Кипрде әлемдік шахмат жұлдыздарының жарысы бас­­­талды. 15 сәуірде мәресіне жететін дүбірлі аламанға алғаш рет еліміздің шахматшысы қатысуға мүмкіндік алды. Блицтен әлемнің үш дүркін чемпионы Бибісара Асаубаева төрткүл дүниеге танымал саңлақтармен бірге додаға түседі.

Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) ерлер мен әйелдер арасындағы үміт­керлер турнирін жыл сайы­н ұйымдастырады. Нәзік жан­дылар додасында 35 жас­тағы қытайлық Цзюй Вэньцзюнь бастаған саңлақтар бар. Қытай қызы 2018 жылдан бері осы турнирдің чемпиондық тәжін ешкімге ұстатпай келеді. Оның жерлестері 2024–2025 жылдардағы гран-при сериясында жеңімпаз атанған Чжу Цзиньэр, әлем кубогінің қола жүлдегері Тань Чжунъи де тартысқа түседі. Ресейлік Александра Горячкина (гран-при сериясының күміс жүлдегері),  2024–2025 жыл­дардағы FIDE Women’s Events сериясының жалпы есебінде 2-орын иеленген  украиналық Анна Музычук, блицтен үш дүркін әлем чемпионы ресейлік Катерина Лагно, әлем кубогінің иегері үндістандық Дивья Дешмух пен оның отандасы Вайшали Рамешбабу да бағын сынайды.

Бибісара бірінші айналымда осы Вайшали Рамешбабумен тең түсті. Үндістандық шахматшы былтыр Грузияның Батуми қаласында өткен әлем кубогінің ширек финалында Меруерт Қамалиденованы ұтқан еді.

Әйелдер арасындағы әлем­дік тәж үшін өтіп жатқан үміт­керлер турнирі 1952 жылдан бері ұйымдастырылады. Қаты­сушылар 14 турды айналмалы жүйемен өткізеді. Уақыт бақылауы классикалық: алғашқы 40 жүріске 90 минут, содан кейін партия аяқ­талғанша 30 минут, сонымен қатар  әр жүрістен бастап 30 секунд қосылады.Турнирдің жүлде қоры – 300 мың еуро. Чемпион атанған саңлақ 28 мың еуро алса, 2-орын алған шахматшыға 17 мың еуро, 3-орынды еншілегенге 8 600 еуро сыйақы бұйырады. Егер ұпай саны тең болса, ақшалай жүлде қоры теңдей бөлінеді.

Шахматпен 18 жылдан бері тұрақты айналысып келе жатқан 22 жастағы жерлесіміз Б.Асаубаева былтыр гроссмейстер атанды, 2020 жылы халықаралық шебер атағы берілсе, 2019 жылы әйелдер арасындағы гроссмейстер атағына қол жеткізді. Жеті  жасында-ақ қатарластарынан қара үзіп, әлем чемпионы атанған талантты қыз ересектер қатарына өтіп, блицтен 2021, 2022, 2025 жылдары үш дүркін әлем чемпионы атағын қанжығасына бөктерді.  2023 жылы өткен әлем чемпионатында, сондай-ақ 2024 жылы ұлттық құрама сапында шахмат олимпиадасында күміс медаль еншіледі. Былтыр  FIDE-нің  «Women’s Grand Swiss» турнирінде қола медальға ие болды.