Осы күнге дейін білім беру сапасын арттыру, еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлау, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту мәселелері күн тәртібінен түскен жоқ. Осы орайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев университеттер тек білім берумен шектелмей, инновация мен ғылыми ізденістің орталығына айналуы тиіс екенін ерекше атап өтті, деп жазады Egemen.kz.
Бұл міндеттер Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті үшін де аса өзекті.
Аймақтық жоғары оқу орны ретінде біз өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал ететін кадрларды даярлауды басты басымдық ретінде қарастырған.
Университетте білім беру бағдарламаларын жаңғырту, дуалды оқыту жүйесін дамыту, жұмыс берушілермен тығыз әріптестік орнату бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, сегіз жылда студенттердің саны 4000-нан 10 000-ға дейін өсті. Бұл аймақтық білімнің соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқанының белгісі.
С.Сейфуллин атындағы университет алғаш рет QS WUR by Subject 2026 рейтингіне енді
Ғылым саласына қатысты Президенттің тапсырмалары да университет қауымдастығы үшін маңызды. Ғылыми зерттеулердің практикалық тиімділігін арттыру, жас ғалымдарды қолдау, қолданбалы ғылымды дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Бұл ретте гранттық қаржыландыру тетіктерін жетілдіру, зерттеу инфрақұрылымын нығайту және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту ерекше мәнге ие.
«Шығыс Қазақстан өңірінің ерекшелігін ескере отырып, университет базасында экология, өңдеу өнеркәсібі, цифрлық технологиялар, педагогика және медицина салалары бойынша ғылыми жобалар іске асырылып жатыр. Бұл жобалар аймақтың нақты мәселелерін шешуге бағытталып, ғылымның қоғамға қызмет ету қағидатын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мәселен, университет ғалымдары су сапасын жақсартуға бағытталған маңызды ғылыми жобаны сәтті жүзеге асырды. Бүгінде 3 сатылы су тазарту фильтрін өндіру технологиясын коммерцияландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Президент атап өткен «нақты нәтиже» ұғымы дәл осындай ғылыми-білім беру бастамаларымен тікелей байланысты», дейді Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің басқарма төрағасы-ректоры Мұхтар Төлеген.
Сонымен қатар, кеңейтілген отырыста цифрландыру мен басқару тиімділігі мәселелері де қозғалды. Университетте бұл бағытта да нақты қадамдар жасалып, заманауи білім беру экожүйесін қалыптастыру жолға қойылды.