Қазір Қаржы министрлігінің жекелеген цифрлы сервистері біртұтас экожүйеге шоғырландырылып жатыр. Осыған сәйкес кез келген кәсіпкер салық пен кеденнен бастап сатып алулар мен мемлекеттік қолдау шараларына дейінгі барлық негізгі процеске бір терезе арқылы қол жеткізеді. Мемлекет пен бизнестің арасындағы өзара байланыстың жаңа тәсілдері мен саладағы өзге де жаңашылдықтары жөнінде Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысовтан сұрап білген едік.
− Әсет Нұрланұлы, кәсіпкерлер тарапынан мемлекеттік цифрлы сервистер туралы көп айтылып жатады. Іс жүзінде қандай өзгерістер бар?
− Қарапайым тілмен айтқанда, біз бизнес пен мемлекет арасындағы өзара байланыс тәсілінен іс-әрекеттер, деректер, жүйеге кіру жолдары сияқты барлық артық нәрсені жүйелі түрде алып тастауға кірістік. Бұған дейін әр кәсіпкерге мемлекеттік органдармен бір-бірімен байланысы жоқ түрлі жүйелер арқылы өзара әрекеттесуге тура келді. Олар салық есептілігін басқа жүйемен тапсыруға, кедендік рәсімдерді бөлек платформамен орындауға, сатып алуға мүлдем бөлек жүйе арқылы қатысуға мәжбүр болды. Бұл жағдайда деректердің қайталануы жиілеп, тиісті процестер үйлесімсіз болып, оның нәтижесі мәліметтердің дұрыс және уақтылы тапсырылғанына тәуелді еді.
Бүгінде ведомство түбегейлі басқа модельге ауысып жатыр. Біз, СӘИЖ, Smart Data Finance, Keden, Бірыңғай сатып алу платформасы сынды негізгі жүйелерді біртұтас цифрлы ортаға біріктіруді қолға алдық. Мұнда деректер автоматты түрде жинақталып, қажетті процестер логикалық және бірізді түрде қалыптастырылады.
Саннан сапаға көшу – бизнесті өркендетудің басты шарты
Шындығына келсек, кез келген іскер азамат бұл жүйелердің қалай жұмыс істейтіні туралы бас қатырмауы тиіс. Ол кәсібін қалыпты түрде дөңгелетіп, өз кезегінде мемлекет сапалы сервис ұсынуы қажет.
− Айтарылықтай нәтиже бар ма?
− Бірінші кезекте іс-әрекет азайып, уақыт үнемделді. Егер де бұрын бір операция бірнеше кезеңнен (растау және күтуді қажет ететін) тұрса, бүгінде көптеген процес автоматтандырылған немесе мүмкіндігінше азайған.
Мысалы, салықты басқару ісінде жүйенің ондаған мың пайдаланушыға қызмет көрсетіп, тұрақты түрде жұмыс істеп отырғанын байқадық. Бұдан да ауқымды санға келсек, 2 миллионнан астам тіркелген пайдаланушы жүйенің орнықтылығы мен жетілдірілгенін айғақтайды.
Әлбетте, қазір санға емес, сапаға мән беретін кезең, операцияларды өңдеу уақыты еселене түсті. Ал көптеген процедура іс жүзінде өзекті болмай қалды, яғни кәсіпкер оларды байқамайды.
Бұған қоса Smart Data Finance мемлекеттің қолданысында бар деректерді пайдалануға мүмкіндік береді. Демек, бизнеске ақпаратты қайта берудің қажеті жоқ. Жүйе мәліметтерді түрлі көздерден өзі жинақтап алады. Көзге көрінбегенімен бұл шын мәнінде айтарлықтай өзгеріс. Мемлекет бұрынғыдай құжатпен емес, деректермен жұмыс істеп, сапалы қызмет ұсынады.
− Сонда бизнеске қысым төмендей ме?
− Тәсіл өзгереді деп айтар едім. Бақылау тетігі сақталады. Бірақ оның дәлдігі мен мақсаты арта түседі. Дәлірек айтсақ, жаппай тексеру форматынан бас тартып, тек күмән тудыратын операцияларға баса мән беретін модельге көшіп жатырмыз.
Мысалы, электронды шот-фактуралар жүйесінде тәуекелдер анықталған кезде шектеулер автоматты түрде енгізілетін тетіктер іске қосылды. Бұл қосымша араласу мен көшпелі тексерулерді қажет етпейтін, тек деректерді талдау негізінде болатын үдеріс.
Президент: Digital Qazaqstan стратегиясы азаматтар мен бизнестің нақты талап-тілегін ескеруге тиіс
Нәтижесінде, адал жұмыс істейтін бизнес еш алаңсыз қызметтерін жүргізіп, мемлекеттік ресурстар шынымен де қажетті проблемалық аймақтарға бағытталады.
− Енді кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті туралы айтып берсеңіз, бұл жоба қандай мақсатта қолға алынды?
− Бұл біздің экожүйедегі негізгі элементтердің бірі. Егер де осыған дейін қызметтер жеке дара болып келсе, енді жүйеге кіруге арналған біртұтас нүктені жасауға кірістік. Қазірдің өзінде жүйеде мыңдаған пайдаланушы тіркелген және бұл форматқа сұраныстың бар екенін көріп отырмыз.
Әйтсе де қызметтерді тек біріктірумен ғана шектелетін ойымыз жоқ. Біздің міндет – кабинетті тиімді жұмыс құралына айналдыру. Яғни, кәсіпкер функциялар жиынтығынан бұрын өзінің «цифрлы портретін» көруі керек. Яғни, қандай міндеттемелері мен тәуекелдері бар екенін, қандай операциялар өтіп жатқанын, дамуға немесе қолдау алуға қандай мүмкіндіктер қарастырылғанын байқайды. Уақыт өте келе бұл жай интерфейс қана емес, шешім қабылдауға көмектесетін толыққанды көмекшіге айналады.
Бұл ретте кабинетті жаңғырту жұмысы пайдаланушылармен арадағы кері байланысты міндетті түрде ескере отырып жүргізілетінін айта кетейік, олардың тәжірибесі мен сұраныстары бізге сервисті жайлы әрі пайдалы етуге көмектеседі.
− Мемлекеттік сатып алу саласында қандай өзгерістер бар?
− Аталған салада бизнеске қарастырылған айтарлықтай жаңашылдықтар бар. Уақыт үнемдеу туралы айтады деп ойласаңыз қателесесіз. Әрине, процедуралардың мерзімі қысқарғаны жақсы. Бірақ жүйенің өзі түсінікті және болжамды бола бастағаны бұдан да маңызды.
Қазақстанда бизнеспен айналысатын әйелдерге кімдер көмектеседі?
Қазір сатып алулар түрлі алаңдардың деректері интеграцияланған Бірыңғай сатып алу платформасында шоғырландырылған. Бұл бизнеске нарыққа жылдам бейімделіп, процедураларға қатысуды жеңілдетеді.
Мұнымен қатар аналитикалық қабат жолға қойылды. Мысалы, Баға деректер базасы жүздеген мың тауар позициясы мен чектердің үлкен массиві туралы ақпаратты жинақтайды. Кәсіпкерге бұл субъективті бағаға емес, нақты нарықтағы бағаға назар аударуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде ашықтық артып, тиімсіз шешімдердің қаупі сейіледі.
− Кеден қызметінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтсеңіз.
− Бұл саладағы өзгерістерді сыртқы экономикалық қызмет қатысушылары тағатсыздана күтетіні рас. Аталған бағыттағы негізгі жобаларымыздың бірі – Keden жүйесі. Онда қазір алдын-ала хабарлаудан бастап, транзит және тауарларды рәсімдеуге дейінгі миллиондаған операция өңделіп жатыр. Осы ретте жүйенің басқа сервистермен белсенді интеграциясы жасалып жатқанын айта кеткен маңызды. Яғни, мәліметтерді әр кезеңде қайта енгізудің қажеттілігі келмеске кетіп, ол енді автоматты түрде жинақталады.
Одан басқа процедуралардың уақыты қысқарып, жұмыс процесінің болжамдығы күшейе түсті.
− Цифрландыру мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізуді жеңілдетті ме?
− Бұл бағытта ашықтық пен басқару мәселесіне жіті көңіл бөліп келеміз. Мәселен, Baqylauda жүйесі мемлекеттік қолдау шаралары бойынша субсидиялардан бастап салық жеңілдіктеріне дейінгі ақпаратты біріктіріп, олардың саны бүгінде 160-тан асады.
Бұрын бұл қолдау шаралараның едәуір бөлігі бытыраңқы күйде болатын. Ал кейбіреулері қағаз түрінде ұсынылып келген. Бүгінде оларды цифрлы контурға ауыстыруды қолға алдық. Бұл қалыптасқан жағдайды толық бағамдауға (кім қолдау алады, қандай көлемде, оның әсері қандай) мүмкіндік береді. Осылайша, жүйе бизнеске түсінікті болып, қажетсіз бюрократия тежеледі.
− Кәсіпкерлерді алда не күтіп тұр, келесі қадамды қай бағытта жасауды көздеп отырсыздар?
− Артық әрі қажетсіз «іс-қимылдар» біртіндеп жойылады. Түрлі тексерістер, декларациялар мен хабарламаларды толтыру сынды көптеген процестер автоматты түрде жүреді.
Бұдан бөлек «Тауарлардың ұлттық каталогы» жобасы да дамып келеді. Бүгінде бұл түрлі жүйелерде қолданылып жатқан ондаған млн тауар позициясын білдіреді. Бұл бірізді мәліметтер тізбесін қалыптастыруға жол ашады. Деректер тұтастай болған жағдайда қажетті процестер де тез әрі дәл бола бастайды.
Қысқаша пайымдасақ, біз мемлекет қосымша жүктеме салмайтын жүйені құруға бағыт алдық. Былайша айтқанда, бизнес пен мемлекеттің өзара байланысы әжептәуір уақыт пен күш-жігерді талап етпейтін, тиісті процестердің автоматты түрде жүріп, кәсіпкердің бар назары өз қызметінде болатындай жайлы жағдайды жасауға басымдық беріп отырмыз.
− Әңгімеңізге рақмет!