Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Осыған орай елордада алдағы 3–4 сәуір күндері екінші «International Legathon MaxUP» заң саласындағы кейс-чемпионаты өтеді. Мазмұнды іс-шараны Maqsut Narikbayev University (MNU) АХҚО Соты, Baker McKenzie және «Kazakhstan Bar Association» қолдауымен ұйымдастырады. Сайыстың тақырыбы «Болашақ құқығы» деп аталады. Байқауға 13 елден 90-нан астам студент қатысады.
Олардың қатарында Макгилл университеті (Канада), Қытай саяси ғылымдар және құқық университеті (Қытай), Бремен университеті (Германия), Баку мемлекеттік университеті (Әзербайжан), «Жоғары экономика мектебі» ұлттық-зерттеу университеті (Ресей), Малайя университеті (Малайзия) және Ташкент мемлекеттік заң университеті (Өзбекстан) сияқты жоғары оқу орындарының командалары бар. Байқауға қатысушылардың жобаларын мемлекеттік органдардың өкілдері мен халықаралық құқық саласының мамандары және жасанды интеллект саласындағы сарапшылар бағалайды.
«Президент елімізді үш жыл ішінде толық цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде стратегиялық мақсат қойды. Осы тұрғыда білім саласы шешуші рөлдердің бірін атқаруға тиіс деп есептеймін. Біз тек әлемнің үздік заңгер студенттері бәсекелесетін алаң ғана емес, сонымен қатар таяу болашақта бетпе-бет келетін цифрлық дәуірдің сын-қатерлеріне жауап беретін үздік құқықтық шешімдер мен реттеуші модельдерді қалыптастыратын формат құрдық», деді MNU Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев.
Сондай-ақ іс-шараға қатысушылар жаңа технологиялардың заң жүйесіне, құқық қағидаттарына, этика мен адам құқықтарына әсерін зерттейді. Халықаралық сайыс университеттің жасанды интеллект саласындағы алғашқы жобасы емес. Бұған дейін MNU екі ЖИ зертхана ашып, «AI+X» жаңа білім бағдарламасы мен өз түлектеріне арналған жасанды интеллект бойынша тегін курсты іске қосты.
Айта кетейік, алғашқы «International Legathon MaxUP» кейс-чемпионаты былтыр өткен болатын.
Жалғас АЗҒАНБАЕВ