Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиынға қатысып, сөз сөйледі, деп жазады Egemen.kz.
Президент өз сөзінде Халық Конституциясы – стратегиялық сенім мандаты және ұзақмерзімді мақсаттар мен өрлеу жолына бастайтын жаңа қоғамдық келісім екенін атап өтті. Мемлекет басшысы еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айтып, соған сәйкес, мемлекет пен азаматтардың ықпалдастығы қайта жаңғыруы қажет екенін жеткізді.
Президент: Жаңа Халық Конституциясы – келер ұрпақпен бірге жасай беретін қасиетті құжат
«Өздеріңізге мәлім, былтыр қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарға рақымшылық жасалды. Енді азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша тағы да рақымшылық жариялауға болады. Елімізде әкімшілік істер бойынша рақымшылық алғаш рет жасалатынын атап өткім келеді. Парламент қазіргі сессияның соңына дейін тиісті заң қабылдауы керек. Бұл – Негізгі заңдағы адамгершілік идеалдары мен прогрессивті құндылықтарды қоғамда орнықтыратын маңызды қадам. Жаңа Конституция – халқымыздың ынтымақ-бірлігінің жарқын символы. Оның баптарында әрбір қазақстандықтың арманы мен аңсары, ұрпағының баянды болашағына деген үміті мен сенімі көрініс тапқан. Ата заң барша азаматтың – Отанымыздың шынайы патриоттарының басты бағдарына айналады. Қазақстанның жаңа Конституциясы – әлемдік өркениеттің биігіне бет алған ұлтымыздың берік әрі мызғымыз тұғыры. Менің бұған ешқандай күмәнім жоқ. Сіздердің де шүбәларыңыз болмайды деп ойлаймын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жаңа Конституцияға қол қойды
Мемлекет басшысы жаңа Конституцияны қабылдау – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру екенін атап өтті.
«Бұл – дұрыс пен бұрысты тани білетін, жақсы мен жаманның ара-жігін ажырата алатын, кемеліне жеткен жұрттың ғана қолынан келетін іс. Жаңа Конституция елдігіміздің тірегі, егемендігіміздің тұғыры болады. Оның әр нормасы, әр тармағы Тәуелсіздігімізді нығайта түседі. Әділдік қағидаты бас құжаттың өзегіне айналды. Сондықтан жаңа Ата заңды Әділетті Қазақстанның төлқұжаты десек, қателеспейміз. Мен ел Президенті және Конституция кепілі ретінде бас құжаттағы ережелердің мүлтіксіз орындалуы үшін бар күш-жігерімді саламын. Жаңа Конституциямызға сәйкес адал қызмет етуге серт беремін. Еліміз әрқашан өсіп-өркендей берсін! Қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасы мәңгі жасасын!», деді Президент.
Президент Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиынға қатысты