Елдегі жол құрылысына бөлінген қомақты қаржының тиімді игерілмегені белгілі болды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметінше, жүздеген миллиард теңгеге қатысты күмәнді деректер анықталған, деп жазады Egemen.kz.
Агенттік 16 наурызда 2025 жылы жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау қорытындысын жариялады. Тексеру нәтижесі өңірлердегі жол құрылысына қатысты жүйелі мәселелерді көрсетті. Атап айтқанда, бірқатар жобада сметалық құн 11 млрд теңгеге негізсіз ұлғайтылған.
Көлік министрлігі асфальт-бетон зауыттарын тексерді
Сонымен қатар 362 ескірген жобалық-сметалық құжат анықталып, оларды әзірлеуге 23 млрд теңге тиімсіз жұмсалған. Тағы бір алаңдатарлық жайт – жалпы құны 27 млрд теңге болатын 324 нысан міндетті мемлекеттік сараптамадан өтпеген.
Елімізде асфальтбетон қоспаларына қойылатын талаптар жаңартылады
Бұдан бөлек, 70 компания жұмыс тәжірибесіне қатысты жалған анықтама ұсынып, жалпы сомасы 408 млрд теңгенің келісімшарттарына қол жеткізгені белгілі болды. Бұл деректер саладағы бақылау тетіктерінің әлсіздігін аңғартады.
Агенттік өкілдері заң бұзған мердігерлердің қалай жазаланғанын және бюджет қаражатының қайтарылған-қайтарылмағанын нақтыламады. Дегенмен жоспарлау, құрылыс және техникалық қадағалау бағытындағы олқылықтарды жою үшін 80-нен аса ұсыныс әзірленген.
Ән айтататын асфальт
Қазіргі таңда жол сапасына қатысты талап күшейтілген. Ұлттық жол активтері сапасы орталығы ескерту жасаған нысандар кемшілік жойылмайынша пайдалануға берілмейді. Бұған қоса жол-құрылыс материалдарының бірыңғай ақпараттық базасы жасақталмақ. Бұл жүйеде карьер сипаттамасынан бастап зертханалық сынақ нәтижесіне дейінгі дерек жинақталады.
«Платформа ақпаратты бір орталыққа топтастырып, өнім сапасы туралы мәліметті бұрмалау қаупін азайтады. Қабылданған шаралар 2026 жылға бөлінген 360 млрд теңгеден астам қаражаттың ашық әрі тиімді жұмсалуына негіз болады», деді агенттік өкілдері.