Елімізде ақылы жолдарды пайдалану төлемінің мерзімі өзгертілді. Жаңа ережеге сәйкес, жүргізушілерге төлем жасау үшін берілетін уақыт ұлғайып, талаптар нақтыланды, деп жазады Egemen.kz
Бұған дейін жол ақысын жеті күн ішінде төлемеген жағдайда, сегізінші күні материалдар көлік бақылау органдарына жолданатын. Енді бұл мерзім едәуір ұзартылып отыр. Жаңа тәртіп бойынша, егер жеке тұлға жол жүрген күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде төлем жасамаса, материалдар 31-күні заңнамада белгіленген тәртіппен уәкілетті органға жіберіледі.
17 наурызда қай өңірлерде жол жабық тұр?
Сонымен қатар заңды тұлғалар үшін де төлем тәртібі нақтыланды. Енді олар ақылы жолдарды пайдаланғаны үшін есепті айдан кейінгі айдың 20-күніне дейін төлем жүргізуге міндетті. Егер белгіленген мерзімде қаражат түспесе, материалдар келесі күні көлік бақылау органдарына жолданады.
Мамандардың айтуынша, төлем мерзімін ұзарту жүргізушілер үшін қолайлы жағдай жасап, берешекті уақытылы өтеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте жаңа талаптар тәртіпті күшейтіп, төлем жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Ақылы жолдар: Елімізде қай бағыттарда төлем алынады?
Айта кетейік, құжат ресми жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң күшіне енеді.