• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Спорт Бүгін, 08:05

Жарыс күнделігі

10 рет
көрсетілді

Таиланд астанасы — Бангкокте бокс­тан 19 жасқа дейінгі жастар арасында өтіп жатқан «Futures Cup» халықаралық турнирінде 50 кг салмақта сынға түскен Арман Мырсәбит түрікменстандық Абдрахим Овузгулиевті 1-раундта техникалық нокаутпен жеңді.

Досжан Жұмақан (60 кг) өзбекстандық Бобомурод Боймирзаевты ығыстырды. 70 кг салмақта Бибарыс Әшірбай Иордания боксшысы Анас Абсоулды 2-раундта жеңді. Даниял Шалқарбай да (65 кг) канадалық Сонни Мередиді нокаутпен ұтты. Аса ауыр салмақта айқасқан Владислав Саможонов жаңазеландиялық Ти Ани Рекитті 2-раундта техникалық нокаутпен жеңіп, жартылай финалға шықты. Ал Едіге Нұрқожа (55 кг) Түрікменстан боксшысы Абдурасул Арслановқа есе жіберді. Бүгін Канаданың Монреаль қаласында шорт-тректен әлем чемпионаты түңлігін түреді. Ел намысын Денис Никиша, Абзал Әжіғалиев, Әділ Ғалиахметов, Нұр­тілек Қажығали, Айбек Нәсен, Яна Хан, Малика Ермек, Алина Әжіғалиева, Ольга Тихоновалар қорғайды. Эстонияның Отепя қаласында биа­тлоннан әлем кубогінің кезеңі басталды. Владислав Киреев, Әсет Дүйсенов, Вадим Куралес, Александр Мухин ерлер бәсекесінде, Айша Рақышева, Дарья Климина, Лаура Қиынбаева, Милана Генева әйелдер додасында сынға түседі. Жарыс 15 наурызда мәреге жетеді. Конькиші Евгений Кошкин Нидерландта өткен «Күміс шар» халықаралық турнирінде жеңіске жетті. Ол 100 метр қашықтықты 9,56 секундта жүйткіп өтіп, қарсыластарын шаң қаптырды. Күміс, қола жүлделер нидер­ландтық Стефан Фестенбург пен Мац ван Де Босқа бұйырды. Е.Кошкин биылғы ақпанда Италияда өткен қысқы Олимпиада додасында 500 метрге жүгіруде 10-орынға тұрақтаған еді. Таразда грек-рим, еркін және әйелдер күресінен U15, U23 жас санаттары арасындағы ел чемпионаты басталды. Биылғы дүбірлі додаға барлық өңірден 1000-нан астам балуан жиналып, «Тараз-Арена» спорт кешенінде жарыс көрігін қыздырады. Жасөспірімдер мен жастар арасындағы тартыста топ жарған, жүлде алған балуандар құрама сапына қабыл­данып, Азия мен әлем чемпионаттарына қатысу мүмкіндігіне ие болады. Биылғы ел чемпионатында жас балуан­дарға ақшалай сыйақылар қарасты­рылған. U15 жас санатында әр салмақ дәрежесінде чемпион атанған балуанға 200 мың, күміс жүлдегерге 100 мың, қола жүлдегерлерге 50 мың теңгеден, U23 санатында ел чемпионына 500 мың, екінші орын иегеріне 300 мың, үшінші орын алған балуандарға 150 мың теңгеден сыйақы беріледі. Сонымен қатар арнайы тағайындалған «Қайсар рух», «Дара тәсіл» аталымдарымен марапатталған балуандарға 150 мың теңге көлемінде сыйақы табысталады.
Соңғы жаңалықтар