• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Digital Бүгін, 15:43

Жаслан Мәдиев: Цифрлық дәуірде дербес деректерді қорғау мәселесі ерекше маңызға ие

10 рет
көрсетілді

Елордадағы Конгресс-орталығында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің ұйымдастыруымен жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған іс-шара өтті. Талқылауға Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Мәжіліс депутаттары Айдос Сарым, Екатерина Смышляева және Снежанна Имашева, сондай-ақ Заңнама және құқықтық ақпарат институтының сарапшылары мен Министрлікке қарасты ұйымдардың қызметкерлері қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кіріспе сөзде бұл жиынның маңызы өте зор екенін айтқан, вице-премьер Ж.Мәдиев алдағы конституциялық реформаға арналған референдум – еліміздің саяси дамуы үшін маңызды саяси оқиға болатыны сөзсіз екенін атап өтті.

– Бұл бастама ең алдымен мемлекет пен қоғамның ұзақ мерзімді стратегиялық дамуына бағытталған. Оның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту, мемлекеттік басқаруды жетілдіру және ұлттық бірлікті нығайту. Адамның ар-намысы оның қадір-қасиетімен қатар қол сұғылмайтын құндылық ретінде қорғалады. Бұл норма азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттырып, қоғамдық институттардың тұрақтылығын нығайтады, – деді Ж.Мәдиев.

Премьер-министрдің орынбасары өз сөзінде жасанды интеллект дәуірінде азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау – бұл цифрлық мемлекетке деген сенімнің негізгі шарты екеніне тоқталды. Бұл нормаларды конституциялық деңгейде бекіту отандастарымыздың құқықтарын қорғауды сапалы жаңа деңгейге көтеретініне және қауіпсіз әрі әділ қоғам құруға жол ашатынына баса мән беріп, өзгерістердің стратегиялық маңыздылығын атап өтті.

Оның айтуынша, жаңартылған Конституция технологиялардың адам игілігіне қызмет етуінің және заңның цифрлық әлемде әрбір азаматтың мүддесін сенімді қорғауының кепілі болмақ.

Халықтың 89,2%-ы жаңа Конституция жобасын қолдайды

Сондай-ақ министр Ж.Мәдиев жаңа Конституцияда азаматтардың жеке мәліметтерінің қауіпсіздігіне құқықтық кепілдіктер берілетінін айтты.

– Қазіргі уақытта әлем қарқынды цифрлық өзгерістер кезеңіне қадам басты. Мемлекеттік қызметтер, қаржы операциялары, білім беру, медицина және әлеуметтік қатынастардың басым бөлігі электронды форматқа көшті. Осыған байланысты цифрлық дәуірде дербес деректерді қорғау мәселесі ерекше маңызға ие болып отыр, – деген Премьер-министрдің орынбасары Конституциялық деңгейде дербес деректердің қорғалуына ерекше мән беру – цифрлық кеңістікте қауіпсіз құқықтық орта қалыптастыратынын айтты.

Абзал Құспан: Жаңа Конституция адамға бағытталған мемлекеттік басқарудың жаңа философиясын қалыптастырады

Жаслан Мәдиев цифрландыру үдерісін құқықтық тұрғыдан бекіту – болашаққа жасалған маңызды қадам деп білетінін жеткізді. Ол елдің қауіпсіз дамуын қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті. Яғни бұл бағыттағы өзгерістер Қазақстан қоғамының заманауи, қауіпсіз әрі әділетті болашағына жол ашпақ.

– Сонымен қатар жаңа Конституцияда ұсынылып отырған барлық өзгерістер, мемлекетіміздің саяси жүйесін жаңғыртып, азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға, құқықтық тәртіпті нығайтуға және отаншылдық идеяны күшейтуге бағытталған. Бұл тек құқықтық құжатты өзгерту емес, ол – қоғамның дамуының жаңа кезеңіне қадам жасау. Оның түпкі мақсаты – тұрақты, әділетті және өркениетті мемлекет құру. Алдағы референдум – еліміздің болашағына қатысты маңызды шешім, – деген Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев әр азаматтың бұл тарихи өзгерістерге жауапкершілікпен қарап, елдік, мемлекетшілдік позициясын танытуы – әрқайсымыздың ел болашағына қосқан нақты үлесіміз болмағын атап өтті.

Жалпы алғанда кездесуде мемлекеттік құрылымның болашағы мен азаматтардың құқықтарын қорғауды айқындайтын конституциялық реформалар туралы ашық диалог өрбіді.

Соңғы жаңалықтар