• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Әлем Бүгін, 11:28

Оңтүстік Кореядағы ұшақ апаты болған әуежайдың құжаттарынан өрескел қате табылды

20 рет
көрсетілді

Оңтүстік Кореяның көлік министрлігі 20 жылдан астам уақыт бойы әуежай құрылысы кезінде шығынды қысқарту мақсатында қауіпсіздік талаптарын бұзып келген. Мұндай қорытындыны елдің Мемлекеттік аудит басқармасы авиациялық қауіпсіздік басқаруына арналған есебінде жариялады. Тексеру 2024 жылдың желтоқсанында болған ірі ұшақ апатынан кейін жүргізілген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Апатқа ұшыраған Boeing 737-800 ұшағы Jeju Air компаниясына тиесілі болған. Әуе кемесі құстармен соқтығысқаннан кейін Муан халықаралық әуежайына шұғыл қонуға әрекет жасап, шассиін ашпай қонған. Ұшақ ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, қонуға бағыт беретін локалайзер антеннасының бетон тірегіне соғылған. Соның салдарынан 179 адам қаза тапты, тек ұшақтың артқы бөлігінде отырған екі бортсерік ғана аман қалған.

Аудиторлардың мәліметінше, көлік министрлігі жер жұмыстарының шығынын азайту үшін Муан әуежайында локалайзер антеннасын орнату мақсатында 2,4 метрлік бетон үйіндісін тұрғызған. Бұл шешім қабылданғанда халықаралық қауіпсіздік талаптары толық ескерілмеген.

Оңтүстік Кореядағы өрт: Жоғалып кеткен Қазақстан азаматының сүйегі табылды

Халықаралық стандарттарға сәйкес, локалайзер құрылғылары ұшақ соққан жағдайда оңай бұзылатын конструкциядан жасалуы тиіс. Алайда аудит барысында мұндай талаптардың сақталмағаны анықталды.

Тексеру қорытындысы бойынша, министрлік Муан, Гимхэ және Чеджу әуежайларын қоса алғанда сегіз әуежайдағы 14 локалайзер құрылғысын талаптарға сай емес күйінде мақұлдаған. Сонымен қатар 22 жыл бойы қауіпсіздік сертификаттары беріліп, жоспарлы тексерулер кезінде стандарттардың орындалғаны жөнінде қате қорытындылар жасалған.

Аудит барысында әуе қауіпсіздігін басқарудағы басқа да кемшіліктер, соның ішінде құстармен соқтығысу қаупін алдын алу шараларының жеткіліксіздігі анықталған. Жалпы алғанда, көлік министрлігіне 30 заңбұзушылық пен процедуралық олқылық бойынша ескерту жасалған.

Оңтүстік Кореяның Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігі аудит қорытындысын қабылдайтынын мәлімдеп, локалайзер жүйелерін жетілдіру және құстармен соқтығысу қаупін азайту бағытында қатаң шаралар қабылданатынын айтты.

Оңтүстік Кореяның экс-президенті өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Ал әуежайларды басқаратын корпорация  аудит ұсынған өзгерістерді енгізу жұмыстары басталғанын хабарлады.

Бұған дейін үкімет тапсырысымен дайындалған бөлек зерттеу есебінде ұшақ ұшу-қону жолағының соңындағы бетон үйіндісі болмағанда, апаттың салдары мұншалықты ауыр болмауы мүмкін еді деген болжам айтылған. Бұл туралы қаңтар айында оппозициялық депутат мәлімдеген.

Қазіргі уақытта Муан халықаралық әуежайы апаттан бері жабық күйінде тұр. Оның қашан қайта ашылатыны әзірге белгісіз.

Оңтүстік Кореяда зауыт өртенді: Зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматы бар

Соңғы жаңалықтар