Жақында Жымпитыда «Алаш тарихының іздері һәм ұрпақтар сабақтастығы» атты мәдени-көпшілік іс-шара өтті. Жиынға 30-жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арыстардың ұрпақтары қатысты.
Бір қызығы, басқосу өткен 5 наурыз – Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туған күніне тура келген екен. Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл және Алашорданың Батыс бөлімшесінің қайраткері Иса Қашқынбаевтың туғанына 135 жыл толуына арналып өткен жиынға Жаһанша Досмұхамедұлының адьютанты, алаш офицері Рахметолла Қаржаубаевтың қызы Дана Рахметоллақызы Ресейден арнайы келді. Сондай-ақ Астана қаласынан қазақтан шыққан тұңғыш маман геологтің бірі Беркінғали Атшыбаевтың ұрпағы, филология ғылымдарының кандидаты Айгүл Ермекова, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, Алашорданың Батыс бөлімінің тарихын зерттеуші Дәметкен Сүлейменова да жиынның мәртебелі мейманы болды. Маңғыстау облысынан арнайы келген ақсақал Абылай Құсайын – белгілі Хасан хазірет Нұрмұхамедовтің ұрпағы болса, қаратөбелік мұғалім Төлеген Иманғазиевтің ұрпағы Сәбит Хасанов, Жаһанша Досмұхамедұлының немере ағайыны Қуандық Бисенғалиұлы, атыраулық заңгер, Рахметолла Қаржаубаев тұлғасын зерттеуші Көптілеу Тәжіғалиев, Ақтөбе облысы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің меңгерушісі Дулат Исабаев, жымпитылық ардагер Ким Федяниндер де маңызды жиынның мән-мағынасын аша түсті.
Қонақтар алдымен Күнбатыс Алашорданың астанасы атанған тарихи Жымпиты шаһарын аралап, көне күндердің куәсі – Алашорда кеңсесінде орналасқан Алаш музейін аралап көрді. «Алаш» саябағында Алаш қайраткерлерінің рухына тағзым етіп, жергілікті өнерпаздар қойған сахналық қойылымды тамашалады.
«Дәл осы ғимаратта Жаһанша, Халелмен бірге менің әкем Рахметолла да қызмет етті, мына қабырғаға әкемнің үні сіңіп, мына еденде әкемнің ізі қалды деген ойдың өзі маған ерекше әсер сыйлады. Жүрегім алабұртып тұр», деп көзіне жас алды жасы 80-ге келген Дана Рахметоллақызы.
Ресей жерінде, кілең славян ұлты өкілдерінің арасында өскен Дана кішкентай кезінде әкесіне: «Менің атымды неге Дана деп қойдың, неге өзгелер сияқты Таня, Валя емес?» деп ренжиді екен. Сол кезде әкесі: «Қызым, есіңде болсын, сен бір кездері осы есіміңмен мақтанатын боласың!» деген екен. «Мен сол күнге жеттім!» деді Алаш қайраткерінің ұрпағы. Айта кетейік, Дана Қаржаубаеваның әкесі 1934 жылы «халық жауы» аталып ұсталып, 10 жылға сотталған. Сөйтіп, Ресейдің қиыр солтүстігіндегі Ухта лагерінде жүріп, өзі секілді шерменде – Еділ бойында туып, Сібірге жер аударылған неміс қызы Лидия Шнерге үйленеді.
«1953 жылы «Сталин өлді» деген хабарды естіген кезде әкемде ерекше бір толқығаны байқалды. Анам біреу-міреу көріп қоймасын деп есік-терезені қымтап жатты. Бірақ екеуінің де жүзінен әлдебір қуанышты байқаған едім», деп еске алады Дана апай.
Бұл күні Жымпитыда Дәметкен Сүлейменованың «Оралда атылған Алаштың ардақты ұлы – Хасан Нұрмұхамедов» атты монографиясы кітап болып шығып, оқырманға таныстырылды.
Келесі күні қонақтар – Алаш арыстарының ұрпақтары Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейін аралап, Махамбет атындағы Батыс Қазақстан университеті тарих факультетінің студенттерімен жүздесті. Сталиндік репрессияның зобалаң жылдары, Алаш арыстарының мақсат-мұраты сөз болған басқосу жиынға қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. «Сырт көз – сыншы» деген ғой. Дана апай жиын аяғында осы шараларды ұйымдастырған жандарға ағынан жарыла рахметін айтып, «Қазақстанның болашағы жарқын болатынына сенемін! Оған күмәнім жоқ! Қазақ халқы мәңгі жасайды», деді дауысы дірілдеп тұрып.
Ылайым солай болғай!
Батыс Қазақстан облысы