• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Шаруашылық Бүгін, 08:35

Қоймаларда картоп жеткілікті

40 рет
көрсетілді

Павлодар қоймаларында 50 мың тонна картоп пен 30 мың тонна сәбіз сақталып тұр. Бұл облыс тұрғындарының күзге дейінгі қажеттілігін толық қамтамасыз ете алады.

Қазір облыста жалпы сыйым­ды­лығы 550,9 мың тоннаны құрайтын көкө­ніс  қоймалары жұмыс істейді. Соның ішін­де 133 қойма (483,8 мың тонна) заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, 13 қойма (58 мың тонна) арнайы тоңазытқыш қондыр­ғы­ларымен жабдықталған. Жалпы алғанда, көкөніс сақтау ин­фрақұрылымы жет­кілікті деңгейде дамы­ған.

– Былтыр Павлодар облысында 711,5 мың тонна картоп, 146,6 мың тонна сәбіз жиналды. Өңір тұрғындарына жылына 75,4 мың тонна картоп қажет екенін ескерсек, қам­тамасыз ету деңгейі қажет­тіліктен 11 есе жоғары. Сәбізге деген жылдық қажет­тілік 17,3 мың тонна болса, қамтамасыз етілуі – одан 10 есе көп. Артық өнім сыртқа сатылады. Өткен жылы облыс шаруалары 183,4 мың тонна картопты Өзбекстан, Ресей, Түрікменстан мен Тәжікстан елдеріне экспорттады. Сондай-ақ Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан бағыттарына 24,5 мың тонна сәбіз жө­нел­тілді. Ал жыл басынан сыртқа 36,7 мың тонна картоп пен 4,6 мың тонна сәбіз жіберілген. Бұл көр­сеткіштер өңірдің экс­порттық әлеуетінің жоға­ры екенін байқатып отыр, –  дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқар­масы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаев.

Басқарма дерегінше, қазір жергілікті көкөніс қой­ма­ларында 50,4 мың тонна картоп пен 30 мың тонна сәбіз сақталып тұр. Мамандар бұл облыс халқының жа­ңа өнім алынғанға дейін­­гі қажет­тілігін толық қам­та­масыз етуге жет­кі­лік­ті дейді.

Облыста аталған өнім­дер бойынша көтерме бағалар тұрақты деңгейде сақ­талып тұрғаны бай­қал­ған. Картоптың бір килосы 115-130 теңге аралығында болса, сәбіз – 130-150 теңге.

Атап өтерлігі, алдағы егіс науқанында тұқымға 60,9 мың тонна картоп қа­жет. Аталған көлем қазір­дің өзінде дайын тұр. Ал сәбіз тұқымы көктемгі егіс жұмысының көле­мі­не  қарай сатып алынады.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар