Орталық референдум комиссиясының кезекті отырысы өтті. Жиында халықаралық байқаушыларды аккредиттеу аяқталғаны хабарланып, өңірлердегі жалпыұлттық науқанға дайындық барысы пысықталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Отырысқа Орталық референдум комиссиясының мүшелері, Сыртқы істер, Мәдениет және ақпарат, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлерінің орынбасарлары, сонымен қатар ТМД миссиясының байқаушылары, ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының референдумды бағалау миссиясының өкілдері қатысты.
Бейне-конференциялық байланысқа облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық комиссияларының төрағалары мен мүшелері де қосылды. Отырыс трансляциясы комиссияның интернет-ресурсында және YouTube платформасында сурдоаудармамен қамтамасыз етіле отырып жүргізілді.
Қазір елде республикалық референдумға дайындық жүйелі түрде жалғасып жатыр. Осы бағыттағы жұмысты пысықтау мақсатында Орталық референдум комиссиясының мүшелері елдің барлық өңіріне инспекциялық сапарлар жасап, учаскелердің жабдықталу деңгейін тексерді.
Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, дауыс беру учаскелерін заңнама талаптарына сай толық әзірлеу қажеттігі, әсіресе мүгедектігі бар адамдар үшін қолайлы әрі кедергісіз орта қалыптастыру мәселесіне басымдық берілген.
«Бүгінде барлық дауыс беру учаскелері мүгедектігі бар азаматтарға арналған бұрыштармен жабдықталған. Онда компьютерлер, үлкейткіш әйнектер, қосымша жарық көздері, дауыс беру бюллетеніне арналған Брайль қарпіндегі трафареттер, сондай-ақ Конституция жобасының аудио нұсқалары қарастырылған. Сонымен қатар учаскелер пандустармен, кіреберістегі тактильді көрсеткіштермен, ғимарат ішіндегі тактильді навигация құралдарымен қамтамасыз етілген. Ал мұндай жабдықтар әлі толық орнатылмаған нысандарда жергілікті атқарушы органдар уақытша пандустар мен тактильді бағыттағыштарды орналастыру жұмысын қолға алды», деді Нұрлан Әбдіров.
Дауыс беру күні мүгедектігі бар азаматтар үшін инватакси қызметі мен сурдоаудармашылардың көмегі ұсынылады. Бұл олардың референдумға толыққанды қатысуына жағдай жасайтын маңызды тетік.
«Комиссия мүшелерін даярлау ісі де назардан тыс қалған жоқ. Учаскелік комиссияларды қоса алғанда, комиссия мүшелері мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен қажеттіліктеріне қатысты арнайы оқытудан өтті. Оқу барысында қарым-қатынас әдебі, дұрыс терминологияны қолдану және мүгедектігі бар азаматтардың түрлі санаттарымен тиімді жұмыс істеу ерекшеліктері кеңінен түсіндірілді», деді ОРК төрағасы.
Бұдан бөлек, еліміздің үш өңірінде – Ақтөбе, Қостанай және Павлодар облыстарында қанатқақты жоба аясында мүгедектігі бар адамдарға арналған жаңа инновациялық шешімдер енгізілген арнайы дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Осылайша республикалық референдумға дайындық барысында инклюзивті орта қалыптастыруға бағытталған нақты шаралар қолға алынып отыр.
Ал референдумға қатысушылардың тізімдерін қалыптастыру «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңының 25-бабына және «Сайлау туралы» Конституциялық заңының 24-бабына сәйкес жүзеге асырылды. 22 ақпандағы дерек бойынша облыстар, Астана, Алматы және Шымкент қалалары әкімдіктерінің мәліметтеріне сәйкес, республика көлемінде 12 461 796 азамат тізімге енгізілген.
27 ақпаннан бастап референдумға қатысушылардың тізімдері учаскелерде және онлайн форматта танысу үшін қолжетімді. Азаматтардың түзетулер мен нақтылаулар енгізу туралы өтініштері келіп түскен күні қаралатын болады.
Жиында Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман Қазақстан Республикасы халықаралық байқау институтының ашықтығын қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық міндеттемелерді жүйелі түрде орындап келе жатқанын атап өтіп, өз кезегінде шетелдік байқаушылардың қатысуы референдумды ұйымдастырудың беделін арттыруға және азаматтардың дауыс беру үдерісіне деген сенімін нығайтуға ықпал ететінін жеткізді.
Оның мәліметінше, 9 наурыз күні сағат 18:00-де аккредиттеуге өтінімдерді қабылдау аяқталды. Осы уақытқа дейін Сыртқы істер министрлігі Орталық референдум комиссиясына 38 мемлекет пен 11 халықаралық ұйымнан 359 байқаушының кандидатурасын ұсынған. Олардың қатарында ТМД-ның байқаушылар миссиясы, ТМД Парламентаралық ассамблеясының байқаушылар тобы, ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ДИАҚБ) миссиясы, Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) байқаушылар миссиясы, Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) халықаралық байқау миссиясы, Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясының (ТҮРКПА) байқау миссиясы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Парламенттік ассамблеясының халықаралық байқау тобы, Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) байқаушылар делегациясы, сондай-ақ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК), Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымының және Түркі академиясының өкілдері бар.
Мұхтар Ерман халықаралық байқаушылардың қатысуы референдумның ашық әрі айқын өтуін қамтамасыз етуде маңызды дейді. Негізі шетелдік байқаушылардың қатысуы «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 6-бабының 4-тармағында белгіленген. Бұл нормаға сәйкес референдум өткізу кезінде өзге мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың аккредиттелген байқаушылары қатыса алады.
Шетелдік байқаушылар референдумды байқауға Орталық референдум комиссиясы төрағасы мен Сыртқы істер министрінің шақыруымен келеді. Ал оларды аккредиттеу министрліктің ұсынысы негізінде Орталық референдум комиссиясы арқылы жүзеге асырылады. Еске салсақ, халықаралық байқау институтын ашу туралы шешім 12 ақпанда қабылданған еді.
Отырыста облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының референдум комиссияларының төрағаларының өңірлердегі дайындық барысы туралы есептері жеке-жеке тыңдалды. Олар бюллетеньдерді учаскелерге жеткізу жоспарлары, есептен шығару куәліктерін беру, ақпараттық және әдістемелік материалдардың болуы, учаскелерді жарақтандыру, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын іске асыру үшін жағдай жасау, комиссия мүшелерін оқыту, сондай-ақ азаматтардың өтініштері мен шағымдарын қарау және халықты ақпараттандыру туралы кеңінен баяндады.
Аумақтық комиссиялардың өкілдері азаматтарға қолайлы болу үшін Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасында дауыс беру учаскесін іздеу сервисі іске қосылғанын, сондай-ақ мобильді банктік қосымшалар арқылы PUSH-хабарламалар тарату ұйымдастырылғанын жеткізді.
Сонымен қатар референдумға қатысушыларға кеңес беру үшін Call-орталықтар жұмыс істейтіні, ұялы байланыс абоненттеріне SMS-хабарламаларды орталықтандырылған түрде жіберу жүргізіліп жатқаны айтылды. Учаскелік комиссиялардың мүшелері үй-үйді аралап, азаматтарға референдум туралы мәліметтерді қамтитын QR-коды бар дербес шақыру билеттерін табыстауда.
Дауыс беру сайлау күнi жергiлiктi уақытпен сағат 7:00-ден 20:00-ге дейiн өткiзiледi. Аумақтық референдум комиссиялары тиiстi әкiмнiң, учаскелiк комиссияларының ұсынысы негізінде дауыс берудi бастайтын және аяқтайтын басқа уақытты белгiлеуге құқылы. Бұл ретте дауыс берудi сағат 6:00-ден ерте бастап, сағат 22:00-ден кеш аяқтауға болмайды.
12 ақпаннан бастап Орталық және аумақтық референдум комиссиялары ұйымдастырушылық іс-шаралар кешенін жүргізіп жатқаны атап өтілді. Өңірлердегі инфрақұрылымды тексерумен қатар учаскелік референдум комиссиялары мүшелерінің дайындық деңгейі де бағаланды. Референдумды ұйымдастырушыларды оқыту үш кезеңде жүргізіледі.
Бірінші кезеңде Орталық референдум комиссиясы аумақтық комиссиялардың тұрақты мүшелері үшін республикалық онлайн-семинар өткізді, оған 821 адам қатысты. Екінші кезеңде өңірлерде 908 аумақтық комиссия мүшелері, сондай-ақ 31 233 учаске комиссиясының төрағалары, төраға орынбасарлары және хатшылары оқытылды. Көшпелі оқыту семинарлары 24 ақпан – 9 наурыз аралығында өтті.
Қазіргі уақытта үшінші кезең жүзеге асырылуда: дайындықтан өткен учаске комиссияларының басшылары аумақтық комиссиялардың көмегімен қалған 38 068 учаскелік комиссия мүшелерін оқытуда. Дайындауды аяқтау 13 наурызға дейін жоспарланған.
Референдум ұйымдастырушыларын оқытумен қоса ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету мақсатында Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Электоралдық оқыту орталығы алаңында аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер, коммерциялық емес ұйымдар және БАҚ өкілдері үшін арнайы онлайн-семинар өткізілді. Оған 500-ден астам адам қатысты.
Қоғамдық бірлестіктерді, коммерциялық емес ұйымдарды аккредитациялау жұмысы жалғасып жатыр. Сонымен қатар жеті заңды тұлға референдумға байланысты қоғамдық пікірге сауал салу жүргізетіні туралы Орталық референдум комиссиясын хабардар етті. Заңнамаға сәйкес, дауыс беруге бес күн қалғанда және дауыс беру күні сауал салу нәтижелері, болжамдар және басқа да зерттеулерді жариялауға тыйым салынады. Осыған байланысты, 9 наурыз олардың жариялануының соңғы күні болды, кешеден бастап олардың таралуы мен қайта басылуына жол берілмейді.
Референдум: Орталық комиссия өңірлердің дайындығын тексерді
Отырысты қорытындылай келе, Орталық референдум комиссиясының төрағасы барлық деңгейдегі аумақтық комиссияларға 15 наурыздағы дауыс беру күнін жоғары деңгейде ұйымдастырудың, сондай-ақ электоралдық рәсімдердің жариялы әрі ашық болуын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Референдум ұйымдастырушылары мен қатысушыларына қойылатын негізгі талап – заңнаманы қатаң сақтау.
Референдум-2026: Шетелдегі дауыс беру учаскелерінің тізімі жарияланды
Отырыс аяқталғаннан кейін комиссия мүшелері мен басқа да қатысушылар БАҚ үшін дәстүрлі брифингке қатысып, журналистердің барлық сұрақтарына жауап берді.