Кейінгі кездері Ауғанстандағы Талибан үкіметі мен Пәкістан арасындағы қарым-қатынас күрт шиеленісе түскен. Өткен аптада екі ел шекарасындағы қарулы қақтығыста ондаған адам қаза тапты. Қақтығыс мұнымен бітпей, талибандар Пәкістанның әскери шептеріне шабуыл жасады. Бұған жауап қайтарған Пәкістан Кабул, Қандағар мен Пактия провинцияларына оқ жаудырды.
Ауғанстан Пәкістанның ядролық нысанына соққы жасады. Осыдан соң Пәкістан билігі талибандармен шиеленіс «ашық соғысқа» ұласқанын мәлімдеді. Ақпарат министрі Аттаулла Тарар X арнасында Пәкістан армиясының Кабул, Пактия мен Қандағар провинцияларындағы нысандарға соққы бергенін растады. Ауған үкіметі мұның салдарынан әйелдер мен балаларды қоса алғанда, 18 адам қаза тапты деп мәлімдеді.
«Біздің күштеріміз кез келген агрессивті амбицияларды жоя алады. Бүкіл ұлт Пәкістан қарулы күштерімен иық тіресе жұмыс істейді», деп мәлімдеді Пәкістан премьер-министрі Шехбаз Шариф.
Ал Ауғанстан Пәкістанның әскери шептеріне шабуылдаған соң, 55 пәкістандық сарбаз қаза тапқанын, сондай-ақ 19 әскери бекіністі басып алғанын мәлімдеді. Алайда Исламабад Кабулдың бұл мәлімдемесі шындыққа жанаспайтынын айтып, екі жауынгердің қаза тапқанын ресми мәлімдеді. Бұдан соң Кабул, Қандағар мен Пактия провинциялары оқтың астында қалып, Исламабад 133 әскери қаза тапқанын хабарлады. Бұл мәліметті талибандар да жалған деп, 8 сарбаз қаза тапқанын айтты.
Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы қақтығыстың шиеленісуіне өткен жылдың күзінде Кабулда екі жарылыс болып, оған Талибан Исламабадты кінәлауы себеп болды. Содан кейін Ауғанстан күштері шекара бекетінде Пәкістан әскерлеріне оқ жаудырды. Жауап ретінде Пәкістан армиясы ауыр артиллериямен, танктермен, дрондармен, жойғыш ұшақтармен шабуыл жасады.
Қақтығыс 2025 жылдың қазан айының соңына дейін жалғасты. Сол кезде Түркия мен Қатар арағайындылық жасап, Дохада өткен келіссөздерде атысты тоқтатуға келісті. Алайда бұл келіссөздер бейбітшілік келісіміне қол жеткізе алмады.
БҰҰ Бас хатшысы жағдайдың ушығуына байланысты алаңдаушылық білдірді. Антониу Гутерриш екі елді қақтығысты дереу тоқтатуға шақырып, кез келген келіспеушілікті дипломатиялық жолмен шешуге үндеді.
Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы соққылардан кейін қаза тапқандар мен зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ екенін мәлімдеді. СІМ таратқан ақпаратқа сәйкес, жанжалға байланысты консулдық мекемелерге өтініш түспеген.
«СІМ жағдайды қадағалауды жалғастырады және қажет болған жағдайда консулдық-құқықтық көмек көрсетеді, сондай-ақ оқиғаның өршуіне қарай қосымша ақпарат береді», делінген ведомство мәлімдемесінде.
Жалпы, Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы шиеленіс ХХ ғасырдың ортасында басталды. Екі елдің шекара аймағы 1947 жылы Пәкістан Ұлыбританиядан тәуелсіздік алғаннан бері қақтығыс аймағы болып қала берді. Пәкістанның үнді иеліктері мен Ауғанстан мемлекеті арасындағы шекара 1893 жылы Екінші ағылшын-ауған соғысынан (1878–1881) кейін анықталған Дюранд сызығы бойынша белгіленді. Алайда Ауғанстан билігі бұл шекараны мойындаудан бас тартып, ел парламенті 1949 жылы оны белгілейтін келісімдерді жарамсыз деп таныды. Осыдан бастап екі ел бұл даудың түйінін таппай келеді. Осылайша, жер дауы қара халықтың бас қайғысына айналды.