Қаржы министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Мемлекет басшысының экономиканы цифрландыру, бизнесті қолдау және бюджет қаражатын тиімді басқару жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Вице-премьер Серік Жұманғарин Үкіметтің экономикалық блогы алдында тұрған стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру үшін ведомствоның үйлесімді жұмыс істеуі маңызды екенін атап өтті.
«Былтыр Қазақстанның ІЖӨ 300 млрд доллардан асты. Жан басына шаққандағы ІЖӨ мөлшері 15 мың долларға жетті. Біз бюджет-салық реформасын жүргіздік. Оның мақсаты – мемлекеттік қаржыны шоғырландыру. Ал қазір бюджет шығыстарын одан әрі оңтайландырудағы негізгі рөл Қаржы министрлігіне жүктеліп отыр. Мемлекетіміздің дамуындағы әлеуметтік бағыт-бағдар сақталады. Бірақ барлық бюджеттік бағдарламаға қатаң ревизия жасаймыз. Бюджет шығыстарына тұрақты негізде тексеріс жүргіземіз. Бюджет жобаларын іріктеу тетігін жетілдіру қажет. Әлбетте, едәуір міндет Қаржы министрлігіне жүктеледі», деді Серік Мақашұлы.
Қаржы министрі Мәди Такиев жаңа Конституция жобасы мен алдағы референдумға тоқталып, жаңа заңда Әділетті Қазақстанның негізгі бағдарлары – заң алдында барлығының теңдігі, теңгерімді адал экономика, мүмкіндіктерді әділ бөлу және азаматтардың мүддесіне қызмет ететін мемлекет концепциясы бекітілгенін айтты.Сонымен қатар министрлік қызметкерлерінің күш-жігері халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталуы тиіс екенін жеткізді.
Мемлекеттік қаржы жөніндегі қоғамдық кеңестің жұмысы да ерекше атап өтілді, ал кеңес төрағасы Жақсыбек Құлекеев ұсыныстардың барлығы Қаржы министрлігі тарапынан толық қаралғанын айтты.
2025 жылы мемлекеттік бюджеттің кірісі (трансферттерді есептемегенде) 24,6 трлн теңгеге артты, кіріс жоспары 100,1% орындалды. 2026 жылға республикалық бюджетке түсетін салық түсімдері 18,9 трлн теңге көлемінде бекітілді, бұл 2025 жылғы межеден 4,4 трлн теңгеге немесе 30,6% жоғары. Бюджеттің орындалуы экономиканың өсімі, жаңа Салық кодексі, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту және фискалды процестерді цифрландыру арқылы қамтамасыз етілетіні айтылды.
Сондай-ақ 2025 жылы бюджеттің кіріс-шығыс бөлігі «Мемлекеттік қаржының цифрлы картасы» жобасы арқылы геонүктелерге байланысты визуализацияланды. Жоба өңірлік бюджеттердегі кіріс-шығыс деректерді, фискалды чектер мен тауар аналитикасы мен тәуекелдерді қамтиды. Биыл бұл жүйе ЖИ-аналитикасын пайдаланып, ұлттық экономиканы талдаудың толық платформасына көшуге бағытталған.
Президент Үкіметке бюджет бағдарламаларына ревизия жүргізуді тапсырды
Кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында Қаржы министрлігі «таза парақтан» тетігін іске қосып, микро және шағын бизнеске арналған бір реттік акция өткізді, кейбір тексерулерге уақытша мораторий енгізілді. Бұл шаралар бизнеске жүктемені азайтуға және көлеңкелі экономиканы төмендетуге бағытталған. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік аудит, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру, цифрлы жобаларды енгізу, мемлекеттік мүлікті басқару және цифрлы теңгені пайдалану мәселелері қаралды. Денсаулық сақтау мен білім беру саласындағы қызметтерді төлеу және қаржы ағындарының ашықтығын қамтамасыз ету шаралары да талқыланды.
«Google салығы»: Қаңтар айында бюджет қоржыны 8,7 млрд теңгемен толықты
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға ерекше назар аударылып, оның алдын алу еліміздегі басымдықтардың бірі ретінде қарастырылды.
Отырыс соңында қатысушылар 2026 жыл Мемлекет басшысының стратегиялық міндеттерін іске асырудағы маңызды кезең екенін, мемлекеттік қаржы жүйесінің цифрлы трансформациясын нығайту, жасанды интеллектіні енгізу, бизнеске жаңа тетіктермен қолдау көрсету және бюджет қаражатын ашық басқару министрліктің басты бағыттары болып қала беретінін атап өтті.
Жергілікті бюджеттердің республикалық бюджетке тәуелділігі 34%-ға дейін төмендейді