Еліміздегі агросектор бір ғана астықпен өлшенетін кезеңнен өтті. Бүгінде ел әлемдік нарықта күнбағыс майын экспорттаушы ТОП-ондықтың 8-сатысына көтеріліп, ал Еуропалық одақ елдеріне күнбағыс шротын жеткізуде алғашқы үштікке енді. Ендігі міндет – шикізатты сыртқа шикілей шығара бермей, оны ел ішінде өңдеп, қосылған құнды арттыру.
Елімізде майлы дақылдарды қайта өңдеу кейінгі жылдарда қарқын ала бастады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, былтырғы қаңтар–шілде қорытындысында өсімдік майы өндірісі 2024 жылғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24 пайыз артып, 420,5 мың тоннадан 521,2 мың тоннаға жеткен. Оның ішінде күнбағыс майының өндірісі 457,7 мың тоннаны құрап, бір жылда 24,5 пайыз өскен. Ресми дерекке сәйкес 2024 жылы елде 753 мың тонна өсімдік майы өндірілген. Бұл 2023 жылғы 672,1 мың тоннамен салыстырғанда 12 пайызға артық. Күнбағыс майының өндірісі 18,3 пайызға өскен. Көрсеткіштерге көз жүгіртсек, бұл салада жыл сайын сатылы даму қарқыны байқалады.
Қазір елімізде жылына 4,7 млн тонна майлы дақыл тұқымын өңдеуге қауқарлы 88 қайта өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді екен. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, өндірістік қуаттың орташа жүктемесі шамамен – 35 пайыз. Бұл қолда бар инфрақұрылымның толық пайдаланылмай отырғанын, өңдеу көлемін арттыруға айтарлықтай резерв бар екенін көрсетеді.
Өндірістің өсуі ең алдымен егіс алқабының ұлғаюымен байланысты екені рас. 2025 жылы майлы дақылдар алқабы 36 пайыз немесе 1,055 млн гектарға артты. Күнбағыс 481 мың гектарға көбейіп, рекордтық деңгейге жетті. Зығыр – 376 мың гектарға, рапс 173 мың гектарға артты.
Аймақтық тұрғыда күнбағыс егісін ұлғайтуда Павлодар облысы (+136 мың гектар), Қостанай облысы (+109 мың гектар), Солтүстік Қазақстан облысы (+65 мың гектар), Ақмола облысы (+46 мың гектар) алға шықты. Бұл солтүстік және орталық өңірлердің майлы дақыл өндірісіндегі салмағы артып келе жатқанын аңғартады. Негізгі майлы дақыл белдеуі Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Шығыс Қазақстан болса, бұл қатардан Абай облысы да ойып тұрып орын алатын әлеуеті бар. Өңірдегі егіс алқабының кеңеюі және түсімнің көбеюімен қатар өндіріске де айрықша маңыз беріліп отыр. Оның айғағы – облыс орталығында жаңадан ашылып жатқан зауыт.
Семей қаласы «Agrolider KAZ» ЖШС-ның базасында ашылған жаңа зауыт заманауи технологиялармен жабдықталған, жылына 72 мың тонна шикізатты қайта өңдеу қуатына ие. Жобаның жалпы құны – 4,1 млрд теңге.
Жаңа кәсіпорынның ашылу рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли, Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров қатысты. Зауыттың ашылуында өңір басшысы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен экспорттық әлеуетті арттыру облыс экономикасының негізгі басым бағыттарының бірі екенін айтты.
«Мемлекет басшысы аграрлық саланы әртараптандыру, шикізатты терең өңдеу мен қосылған құны жоғары өнім өндіру міндетін айқындап берген болатын. Бүгін іске қосылып отырған кәсіпорын – сол тапсырмалардың өңірлік деңгейде жүзеге асуының айқын көрінісі. Мұндай жобалар облысымыздың инвестициялық тартымдылығын арттыруда, жаңа технологияларды, заманауи стандарттарды енгізуде үлгі болары сөзсіз. Ерекше атап өтерлігі, мұндай кәсіпорын елімізде көп емес. Ең бастысы, біз енді тек шикізат өндіруші емес, сапалы дайын өнім шығаратын өңдеуші аймақ ретінде дамуға қадам басып отырмыз. Бұл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің табысын арттыруға, экспорттық әлеуетті кеңейтуге әрі инвестициялық тартымдылықты күшейтуге ықпал етеді», деді облыс әкімі.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров жаңа зауыттың ел экономикасы үшін маңызды екенін айтты. Ал «Агролидер» ЖШС құрылтайшысы Әсемқан Досқожанов зауыт құрылысы қысқа мерзімде салынғанын жеткізді.
«Бұл өндіріс орны 1,5 жылда салынды. Жан-жақты қолдау білдіргені үшін облыс әкімдігіне алғыс айтамыз. Өнімдер 10 мемлекетке экспортталып, жаңа зауыт ел экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосатынына сенеміз», деді ол.
2023 жылы құрылған «Agrolider KAZ» кәсіпорны жарма, ұн, өзге де тамақ өнімдерін өндіруге маманданған. Мұнда жасымықтың бірнеше түрі, зығыр, асбұршақ, жүгері, қарақұмық, басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері өңделеді. Кәсіпорынның жылдық дайын өнім өндіру қуаты 800 тоннаны құрайды. Өнімдер Еуропа елдеріне, Қытайға, Түркия мен Африка мемлекеттеріне экспортталады.
Облыста былтыр агроөнеркәсіптік кешен саласындағы Жол картасы аясында 16,3 млрд теңгеге 11 ірі агрожоба іске асырылды. Биыл қайта өңдеу саласында 7,3 млрд теңгеге «Qazaq-astyq group» ЖШС базасында тазартылған май өндірісін, 7,7 млрд теңгеге «Eurasia Agro Semey» ЖШС базасында ірі ет өңдеу зауытын іске қосу жоспарланып отыр.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің майлы дақылдарға бет бұруы олардың рентабельділігінің жоғары болуымен байланысты. Өңдеу инфрақұрылымы қалыптасқан, экспорттық сұраныс тұрақты, қосымша құн деңгейі жоғары. Күнбағыс тек май емес, сонымен бірге шрот пен күнжара арқылы мал шаруашылығы үшін стратегиялық шикізат көзіне айналып отыр.
Дегенмен қуаттың 35 пайыздық жүктемесі логистика, сақтау инфрақұрылымы, айналым қаражаты мен экспорттық рәсімдер мәселесін күн тәртібінен түсірмейді. Егер осы тетіктер жүйеленсе, қолда бар өндірістік база өзі-ақ өңдеу көлемін еселей алары сөзсіз.
Абай облысы