• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 08:35

Талап пен ниет үйлесімі

10 рет
көрсетілді

Қостанай қаласында өзге этностардың 160-тан аса баласы қазақ сыныбында білім алып жатыр. Соның бірі – физика-математика лицейінің бірінші сынып оқушысы – Артем Ложкин.

«Артем – ынталы оқушы. Сабақ үстінде ойын қазақ тілінде жеткізуге тырысады. Түсінбегенін орысша сұрай­ды. Мен екі тілде түсіндіріп, қайталатамын. Қазір көбіне сөздік жұмысына мән беріп жатырмыз. Жаңа сөздерді сыныпта айтып, көрсетіп, түсіндіріп, үйге жазып жіберемін, жаттап келеді. Қазір сабақтан тыс, анасымен бірге жеке репетитор жалдап тіл дамыту курсына барып жүр. Жалпы, тырысады, түсінеді, жазады, қатесіз оқиды, бірақ сөздік қоры әлі аздау. Осы бағытта жеке жұмыс істеп жатыр­мыз. Екі тоқсан ішінде әжептәуір тіл үйреніп қалды. Бірақ ер­кін сөйлеп кету үшін әлі біраз уақыт керек», дейді 1 «А» сы­ныбының жетекшісі Айгүл Атымтаева.

Артемнің анасы Ольга: «Мұндай батыл қадамға ба­руымызға Күршімде әске­ри бо­рышын өтеп жатқан інім түрткі болды. Қазақтілді ор­та­да өзінің тіл білмей қина­­лып жүргенін айтқан бауы­рым: «Ба­­лаңды ойланбастан қазақ мектебіне бер. Болашақта өзіне жақсы болады», деді. Содан өткен жылы сәуірде лицейге барып, баламды қазақ сыныбына қабылдауыңызды сұраймын деп өтініш жаздым. Сол жердегі қыздар сіз қателескен жоқсыз ба дей­ді. Жоқ, балам қазақ тілін үй­ренсін. Осы жерде туды, осы жерде өседі. Сондықтан осы елдің тілін білуі керек деп жауап бердім. Жақын таныс­тарымның «балаңды да, өзіңді де қинайсың ғой» дегеніне де қарамадым. Жалпы, бала­ны аямау керек. Осы елдің аза­маты болған соң, оқысын, білсін. Біз, өкінішке қарай, тіл үйрене алмай қал­дық, әне-міне деп жүріп уақыт өткізіп алдық. Өткен уақыт қайта кел­мейді, енді ең болмаса, бала­мызға тіл үйретіп, келешекте еліміздің дұрыс азаматы болып қалыптасуына жағдай жасау керек деп білемін», дейді Ольга.

Физика-математикаға қа­бі­летті дарынды балалар оқи­тын аталған лицей бертінге дейін бірыңғай орыс тілінде білім беріп келген. Мұнда­ғы алғашқы қазақ сыныбы 2022 жылы ғана ашылды. Алғашқы жылы білім ордасының ұжы­мы осы сыныпты толтыра алмай жан-жаққа шапқылап, біраз әуреге түскені есімізде.

«Алғашқы сыныпқа 19 бала қа­был­данды. Сонымен қатар ата-аналардың өтініші бойынша ұзартылған күн енгізілді. Балалар сабақтан кейін 15:30-ға дейін мектепте қалып, өтілген тақырыптар бойынша қосымша сабаққа қатысады, үй жұмысымен айналысады. 2023 жылы тағы бір сынып ашылып, оған 23 бала қабылданды. 2024 жылы екі сынып ашылды. Бұл екі сыныпта 44 бала оқиды. Ал өткен жылы қазақ сыныбы мен орыс сыныбы теңесті. Былтыр екі орыс, екі қазақ сыныбын қабылдадық. Қазір қазақ сыныптарында 50 оқушы білім алып жатыр», дейді лицей басшысы Светлана Белоусова.

Қалай десек те, Қостанай­да тұратын өзге этнос өкілдері­нің қазақ тіліне ықы­ласы жоға­ры. Алайда, өкінішке қарай, қазақтардың да ықыласы дәл осылай жоғары деп айтуға келмейді. Мәселен, бүгінде қала мектептерінде білім алып жатқан 20 мыңға жуық қазақ баласының 64 пайызы орыс сыныптарында отыр.

Қалалық білім бөліміндегі жалпы орта білімді дамыту және білім беру қыз­метінің сапасын бақылау секторы­ның меңгерушісі Жұпар Бат­талованың айтуынша, мек­тепті бала таңдамайды, әке-шешесі таңдайды. Ал ата-анаға баланың өз тілінде білім алғаны аса маңызды екені айтудай-ақ айтылып жатыр. Өкінішке қарай, оны елеп-ескеріп жатқан адам аз.

«Соған қарамастан, мем­лекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында қа­зақ тілінде білім алатын оқу­­шылар санын ұлғайту бо­йынша жүйелі жұмыс жүр­гізіп жа­тырмыз. Осыған орай, 2025–2030 жылдарға арналған ­қа­зақтілді балалар контингентін ­арттыру жө­нін­дегі Жол картасы бекі­тілді. Жол картасы аясында аралас мектептердегі қазақ сы­ныптарының санын арттыру көз­дел­ген. Мектеп ұжымдары бөбекжай-бала­бақшалар­­мен тығыз байланыс орна­­тып, бал­дырғандардың болашақта қазақ мек­тебіне келуіне ықпал етіп жатыр. Қазақ сыныпта­рына қосымша ұзартылған күн сабақтарын енгіздік. Бала­лар сабақтан кейін мектеп­те қалып, мұғалімнің көмегі­мен үй жұмысын орындайды, түсінбе­ген тақырыптар­ды пысықтайды. Бұл ата-ана мен балаға да, мұғалімге де ыңғайлы», дейді бөлім мең­герушісі.

 

Қостанай облысы 

Соңғы жаңалықтар