• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Таным Бүгін, 08:22

Тұрфандағы... «Астана»: Қадымнан бүгінге жеткен атаудың мәні

10 рет
көрсетілді

2012 жылдың көктемі болатын. Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшілігінен хат алдық. Онда бір кездері сол мемлекетте өмірге келіп, кейін басқа елдерде тірлік етіп жатқан түрлі ұлттар өкілдерінің ішіндегі қабылет-қарымымен белгілі бір жетістікке жеткен жандарды Бейжіңге шақырып, олармен басқосу өткізілетіні айтылыпты. Ескерте кетейік, әлемдік тәжірибеде бұл бұрыннан бар үрдіс. Оған, мәселен, КСРО-ның күшіне мініп тұрған кезінің өзінде атақты биші Галина Уланованың Канадаға шақырылуы анық дәлел.

Сондағы орыс диаспорасымен кездесуде ол кісі: «Қай ел, қай жерде жүрсеңіздер де мен сіздерді отандастарым деп білемін. Қандай жағдай болса да бір-біріміздің қан­дас, туыс адамдар екендігімізді ұмыт­па­ңыздар», – деп эмиграциядағы жақында­ры мен Ресейдегі 1918–1920 жылдардағы азамат соғысынан амалсыз шетелге кеткен бұрынғы ақсүйектер ұрпақтарының «рухын» көтере сөз сөйлеген ғой. Ал одан бертінде, бұрынғы одақтас республикалар тәуелсіздік алған тұста Оңтүстік Кореяның біздің елімізде тұратын қандастарын Сеулге шақырып, бауырмалдық көрсеткенін ешкім әлі ұмыта қойған жоқ. Содан кейін мұндай жиындардың Израиль, Германияда өткені мәлім. Осы үрдісті Қытай Үкіметі қалт жіберсін бе? Дәнекерлік кілті деп табылып, соның негізінде дүниежүзінің 21 елінен шақырылған «отандастар­дың» қатарында Астанадан қы­тайтанушы ғалым Дүкен Мәсім­ханұлы мен топ-менеджер біз де бар болып шықтық.

...Қытай елін шақырылған қонақтарға таныстырып-көрсету Шыңжаң орталығы Үрімшіден 180 шақырым қашықтықтағы Тұрфан өңірінен басталды. Алғашқы тоқ­таған жеріміз аталған аймақ бас қаласының шетіндегі 400 гектарлық жүзім алқабы болды. Гид міндетін атқарған талдырмаш денелі ұйғыр қызы Зиннаттың айтуынша, мұнда аталған жемістің 180-ге жуық түрі өседі екен. Бізді ерекше таңғалдырғаны бау-бақ­шаны кәсіпке айналдырған жер­гілікті тұрғындардың оларды өсі­ріп, күтіп-баптап, жинап алып, мем­лекетке өткізудегі қатаң түрде жол­ға қойылған жүйелі тәртіп пен реттілік үлгісі дер едік. Со­ның нәтижесінде мұнда жүзімнің өзінен бастап өзегіне дейін қажетке жаратылатын болып шықты. Бұл дегеніміз, мәселен, тиісті комби­нат цехтарынан одан шырын, шәр­бат, шарап өндірілсе, жеміс­тері­нен қалған дән-дәнектер ке­лесі бір конвейердегі шемішке сығындарына қосылып халуаға ай­налады деген сөз. Тұран жүзім­дері­нің одан кейінгі тұтыныс көзі олардың түрлі сұрыбынан кеп­тірілген мейіз кішміштердің Үрім­ші наубайханаларындағы күл­шелерге қосылып пісірілетін дәмдеуішке пайдалануы мен Құлжа, Қа­шғар базарларының сөре­лерін толтырып, сондағы ел сұ­раны­сын қанағаттандыруы дейді гид. Үшін­ші­ден, мұндағы жүзімдіктердің жемісі күзде то­лық жиналып алынғаннан кейін олардың сынған немесе керек­сіз деп ке­сіл­ген бұтақтары сол қышлақтардағы үй жылытатын кәң ошақтары мен нан жа­батын тандырға таптырмас отын, ал алқаптағы ат­көпір жапырақтар мал фер­маларындағы құрама жемге қосылатын ингридентке пайдаланылады екен.

Бұлардан басқа.., иә, жоғарыда­ғы­­лар­дан өзге өзіміз байқап-бағам­даған бір жақсы нәрсені сүй­сіне айтпасқа болмайды. Ол Тұрфандағы ұлан-ғайыр жүзімдік алқабының шаруа­шы­лық мақса­тындағы бау-бақша телімдері ғана емес, көпшілік аралап көріп, се­руен­дейтін көкжасыл оазиске ие дем­алыс орны деңгейіне дейін жеткен ерек­шелігі дер едік. Иә, со­лай. Мұндағы план­тациялар кәдімгі парк секілді. Ал­қап­тың жиек жолымен келе жат­саңыз, тө­беңізде көк жүзін жапқан жүзім жапырақтарын көресіз. Ол мына жердүниені қуырып тұрған аптап күн көзін қалқалап, жүргіншілерді ыстыққа ұрындырмайды. Ал сол соқпақтар сорабы­ның жан-жағы – салқын самалдың соғуына жағдай жасаған үлкенді-кішілі субұрқақтар. Солардың сансыз ұсақ тамшыларынан келетін көзге көрінер-көрінбес нәзік ылғалды тозаң тынысыңызды кеңітіп, бойыңызды сергітеді. Субтропикалық климатқа ұқсас деп айтарлық осындай жанға жайлы жүзім бағының ішінде жүріп, ондағы орналасқан дүкендер мен мөлтек сауда нүктелерін, сондай-ақ асханалар мен балаларға арналған аттракциондарды көргенімізде: «Міне, табылған ақыл! Істі, тірлік көзін табу деп осыны айт!» – дедік ішімізден. Өйткені кішігі­­рім мүйістердегі хауыздар арасында орна­лас­қан дәмханалардағы туристерге көрсетіліп ­жат­қан толассыз қызмет пен дүңгіршек­тер­ден құралған жайма базар сөрелеріндегі кептірілген немесе сабағынан жаңа ғана үзіліп алынған жүзімдерді сая­хатшыларға ұсынып, сауда-сат­тықты барынша қыздырып жат­қан қала тұрғындарының әбжіл қи­мы­лы қазіргі заманғы нарық талабымен керемет үндестік тауып тұр. Осы­лар­ды байқап, ойға түйгеніміз: тұрфан­дықтардың бұл жерде сөз жоқ, екі жеп биге шығып тұрғаны анық. Олай дейті­німіз, біріншіден плантацияға жүзім өсіріп, оның жемісінен жапырағына дейін пайда табады. Екіншіден сөз етіп отырып сол алқапты баққа, бақ болғанда да демалыс орны – парк деңгейіне көтеріп, әр бұрышын туристерге қызмет көрсететін табыс көзіне айналдырады.

Осыдан кейінгі Тұрфандағы біздің барып көрген көрнекті орын ол мұндағы жерасты су көздері туннелі болды. Кәріз деп аталатын оның есте жоқ ескі замандағы өмірге келу тарихы, диқандардың содан бергі уақытта оны бау-бақшаға қалай пайдаланып келген тәсілдері түрлі энциклопедиялар мен анықтамалықтарда жеткілікті жазылған. Бұған қоса оның ирригациялық сан түрлі сызбаларға толы суреттері қазір интернетте өріп жүр. Сондықтан біз оларды қайта тәпсірлеп жатпай, оқырмандарға жолбасшы қызымыз Зиннат не айтты және өзіміз көзімізбен не көрдік, соны ғана баяндайық.

Асықпай зер сала қарап, бай­қа­дық. Кәріз дегеніміз жер астын­дағы қолдан қазылған үлкен арықтар екен. Оған қажетті су Тұр­фаннан 60 шақырымдай өр жақтағы Тянь-Шань тауларының қарлы жоталарынан еріп жерге сіңген ылғал көздерінен алынатын болып шықты. Ол үшін осыдан оншақты ғасыр бұрын алып тау төскейі мен оның етегін­дегі кең жазықтың арасын әр 20 шақырым қашықтық қалдыра отырып, жер астынан үш көлденең тоспа туннель қазылыпты. Оның мәні: Тянь-Шань сілемдеріндегі тас пен құм­ға сіңген қар, жаңбыр сулары жер астымен еңістегі алғашқы көлденең тоспаға келіп, оны толтырады екен. Одан соң ернеуінен асып-төгілген су сол жер астының әр жерінен төменге қарай тік тартылған шағын-шағын тоғандар арқылы келесі 20 шақырымдағы көлденең туннельге жиналады да одан ол жоғарыда айтылған тәсілмен үшінші 20 шақырымдық қашықтықтағы тоспаға барып тіреледі. Ақыры тау төскейіндегі бірінен кейін бірі орналасқан осы үш көлденең туннельден жиналған «запас» су қоры Тұрфанға қарай әлденеше жерден тіке тартылған кәріздер мен етектегі шаһар мен оның айналасындағы елді мекен бау-бақшаларға қажет суды белгілі мөлшер­мен жіберіп отыратын болған. Осы арада: «Ежелгі замандағы ирригация мамандары аталған аймаққа қажет су көзін неге жер­үсті каналымен жеткізуді ойламаған?» деген сұрақтың туары анық. Оған: «Бірінші­ден, сөз етіліп отырған өңір – атам заманнан бері жүрген жанды аптап ыстығымен аттатпайтын шөлді жер. Тянь-Шаннан бастау алатын су ашық жерүсті каналымен ақса, оның тек жартысы буға айналып, еңбек еш кетер еді, – деп жауап беруге болады.. – Ал екіншіден, Тұрфан ойпатындағы төменгі жер қыртысында ылғалды өзіне тартып алатын қара топырақ пен саз балшық жоқ. Мұндағы тектоникалық қабаттар құм мен тас және қызыл керіштен құралған. Осыған байланысты жер астындағы кәріздердің табаны қатты жыныстармен қатып қалғандықтан, олармен аққан су ешқайда сіңбейді. Сөйтіп, рәсуа болмай, егістікке сол мен көлемінде барады». Осылайша, Бейжің мен Мысырға дейінгі аралықты қамтыған Ұлы Жібек жолы өмірге келген VІІ–ІХ ғасырларда басталып, ХІІ–ХІV ғасырларда аяқталған Тұрфандағы бұл жерасты кәріздерін жергілікті халық ұқыптылықпен пайдаланып келген ғой. Сондықтан да оның әр кездері кеңітіп, қосып салған үлкенді-кішілі тарам-тарам арықтарының жалпы ұзындығы 1000 ша­қырымға жуықтайды екен. «Бұл ғажайып ирригациялық құрылымға диқандар әлі де тәуелді, – дейді Зиннат. – Бірақ ХХІ ғасырдағы жүрдек уақыт екпіні мен өңірдегі егін шаруашылығымен айналысатын, адамдар санының көбейіп, жер телімдерінің жедел игерілуіне орай сөз етіліп отырған кәріз ресурсына қазір артезиан құдығына қатысты ғылыми-техникалық инженерлік озық технология көмекке келген. Тұрфан бау-бақша өсірушілері бүгінгі таңда көне мен жаңа осы екі тәсілді қатар пайдалануда».

...Түске дейін жоғарыда айтылған жүзім бағы мен жерасты кәріздерін әбден аралап көріп болған біз сол күннің екінші бөлігінде де талай қызыққа куә болдық. Солардың ішінен Тұрфанның тылсым сырға толы екі ежелгі ескерткішін ерекше атап айта кетуді жөн көріп отырмыз. Олар – Сүлеймен мұнарасы мен өлкетану мұражайындағы көп ешкім көріп-білмеген ғажайып экспонат. ХVII ғасырда салынған, биіктігі 50 метр мұнараға келсек, жергілікті халықты жоңғар шапқыншылығынан қорғау үшін Тұрфанға қол созған Цин патшалығының әскерін сол кездегі ел басшысы Емен қожа жақсы қарсы алады. Бұған риза болған қытай билеушілері оның сол оң көзқарасына орай мұнарасы биік үлкен мешіт салып беруге ұйғарым жасайды. Құрылысын Бейжің шеберлері жүргізіп, ал сәулет сызбасын Тұрфан әкімшілігінің мамандары жасап, қадағалаған кешен жұмысы ұзаққа созылады. Ақыры ол Емен қожа өмірден өтіп, билік оның ұлы Сүлеймен бек қолына көшкен тұста бітеді де мұнара соның есімімен аталады. Қызыл қыш кірпіштен өріліп, 1777 жылы жұртқа есігін айқара ашқан бұл діни орын заман мен уақыттың небір алмағайып кездеріне төтеп беріп, бүгінгі күнге еш жері бүлінбей аман жеткені қуанышты, әрине. Аралап көріп келеміз: мешіт те, ондағы ме­д­ресе де қалыпты жағдайда жұмыс істеуде. Ғимараттың қай бұрышына барсаңыз да қоңыр салқын, жанға жайлы температура ұсталынып тұр. Мұның себебі, кешен қабырғаларындағы керамикалық торлы терезелер мен ойықтар ауаның не ыстық, не суық емес қалыпты жағдай­ын қамтамасыз етеді екен. Сөйтіп, бөлме­лердің жылылығын теңшейді. Ал төрдегі сағатқа ұқсас қос белгі болса, бесін мен намазшам мерзімдерін дәл анықтайды. Мешіттің көрнекті жерлерінде шағатай тілінде жазылған көне жазулар көрінеді. Бұл құдіреті күшті Аллаға өзі жаратқан пенделерінің рахметін жолдаған сөздерінің имандылық белгісі секілді болып көрінді бізге. Иә, ол мәтіндер сол замандағы Мұхаммед пайғамбар үмбеттерінің даусын бүгінгі ұрпаққа үнсіз жеткізіп тұрған тылсым күш сияқты.

Енді шаһардың жоғарыда өзіміз еске салған өлкетану мұражайындағы ерекше экспонатқа келер болсақ, ол жойдасыз алып жануардың қаңқасы дер едік. Осыдан көп жыл бұрын Үрімшіден Тұрфанға теміржол салынуға дайындық жүргізіліп жатқан ғой. Сонда мамандар көлденеңінен керіліп тұрған жотаны кесіп өту үшін оны динамитпен жарып қопарғанда, жарылыс дүмпуінен сүйектері шашылып қалған екі үлкен аңның қаңқасын көреді. Бұған палеонтологтер шақырылып, олар іске кіріскенде, біреуінің дене мүшелері күл боп уатылып, құрастыруға мүлде жарам­сыз болып шығады. Ал екіншісін мамандар көп еңбектеніп отырып қалпына кел­тіріп­ті. Міне, сол қаңқаға қарап тұрып таңғал­дық. Жануардың бойының биіктігі 6, денесінің ұзындығы 9 метр екен. Жілік сүйектері 150–165 сантиметр аралығында. Ал салмағы – 10 тонна. Осыдан 2500 жыл бұрын шамасында өмір сүрген мақұлық­тың тұрқын көріп, өзіміз қазір қыдырып жүр­ген мына Тұрфан ойпатында бір кез­дер­де оқулықтардағы ең үлкен хайуанаттар әлемі­нің өкілі ретінде айтылатын дино­завр­лар да өмір сүрген екен-ау деп ойладық.

...Шаһардан шығып, Үрімшіге қай­тарда гид: «Саяхатымызды осыдан 37 ша­қырым жердегі көне қалашық орнын көрсетумен аяқтаймыз. Ол Астана деп аталады», дегені... Бұл сөзге әрине автобустағы Аустралия, Канададан келгендер назар аударған жоқ. Ал біз... Қазақстаннан шақырылған Дүкен екеуі­міз бен Қырғызстанның Қарақол қала­сынанмын деп танысқан дүнген жігіті Мағазы бәріміз елең ете түстік. Атал­ған жерге келсек, есте жоқ ескі заман­да­ғы құм басқан ежелгі қала орны екен. Мұндағы құрылысқа кірпіш не тас пайда­ла­нылмаған. Сырғауыл ма, жоқ әлде бас-аяғы байланған қамыс бумалары ма, солардан екі ортасы ашық жіңішке ұстын жасалып, сол бос қалған жер топырақпен толтырылған соң оны үстінен салмақты затпен түйгіштеп ұра отырып таптап, үй не­месе дуал қабырғаларын тұрғызған. ІІІ–V ғасырлар аралығында пайда болып, содан соң иен қалған бұл қалашықтан археологтер көп ештеңе таппаған. Тек оның іргесіндегі некропольден ересек адамдар мен сәби балалар бөлек-бөлек топталып жерленген сүйектерді кездестірген. Бүгінгі заман адамдарына белгілісі: бұл қадым ғасырда пайда болып, кейін құм басқан қа­лашықтың қиранды орны. Сосын нарративтер арқылы жазбаға түскен оның Астана деген түркілік атауы. Және осы ежелгі мекен іргесіндегі құпиясын ішіне бүккен тылсым некрополь. Интернетте: «Әлемде астана атауына ие екі жер бар. Ол Қазақстандағы елорда және ҚХР-дың Тұрфан ойпатындағы көне қалашық орны», делінген де қойған. Басқа жауап жоқ. Сөз соңында айтарымыз: біз ғылым адамы емеспіз. Сондықтан не көрдік соны елге айту, жұртты құлағдар ету. Ал осы ақпаратқа ден қойып, оны ізденіс идеясына айналдырамын дейтін энтузиаст жастар болса, қанеки?..

 

Жанболат АУПБАЕВ,

журналист

 

АСТАНА 

Соңғы жаңалықтар