Қазақ болмаса да, қазақ қызының болмысын экранда шынайы тірілткен актрисалар көп емес. Сондай сирек тағдырдың бірі – «Шабандоз қыз» фильміндегі Ғалия бейнесімен есте қалған саха ұлтының саңлақ қызы Лидия Ашрапова.
Ол – қазақ киносының шежіресінде аты жиі атала бермейтін, бірақ бір ғана рөлімен тұтас бір дәуірдің рухын бойына сыйдырған тұлға. Экранда жарқ етіп көрініп, кейін біртіндеп үнсіздікке сіңіп кеткен актрисаның өмірі – өнердің де, уақыттың да қатал мінезін аңғартатын тағдыр.
Лидия Леонтьевна Неустроева (қыз күніндегі тегі. – авт.) Якутияның қатаң табиғатында, желі сүйектен өтетін, қысы ұзақ, жазы қысқа өлкеде дүниеге келді. Солтүстіктің ақ қарлы кеңістігінде өскен қыздың бойында ерте оянған қасиет – қозғалысқа аңсар мен ырғаққа іңкәрлік еді. Табиғаттың өзі оны үнсіз тәрбиеледі: желдің гуілі – әуен, қардың сықыры – ырғақ, ал кең дала – сахна сияқты болатын. Осылайша, би оның алғашқы тіліне айналды. Сөз жетпеген жерде қимыл сөйледі. Сезім жетпеген тұсты ырғақ жеткізді. Бұл құштарлық оны Ташкенттегі хореографиялық училищеге алып келді. Оқуын тәмамдағаннан соң Ташкент филармониясы сахнасында өнер көрсетті. Кейін Қазақтың мемлекеттік ән-би ансамбліне қабылдануы Лидияның тағдырын мүлде жаңа арнаға бұрды.
Дәл осы кезеңде «Шабандоз қыз» фильміне іріктеу жүріп жатқан еді. Камера алдындағы еркіндік, би мектебінен өткен пластика, жасандылықсыз қимыл – режиссерлерге дайын актерлік материал болды. Бұл қасиет Лидияны өзгелерден даралады. Өйткені фильмдегі Ғалия жай кейіпкер емес еді. Ол – соғыстан кейінгі қоғамның үміті, жасампаздықтың, сергектіктің, өмірге ғашық көңілдің рәмізі.
Ат үстіндегі қыз – уақыттың өзімен жарысқан бейне. Түбі бір түркі елдерінің рухын, мінез бен болмыс еркіндігін экранда шебер сөйлете білген саха ұлтының сұлуы бұл рөлді «ойнаған» жоқ, сол бейнемен бірге тыныстады. Әр қимылында би мектебінің дәлдігі, көзқарасында ішкі тереңдік бар еді. Мұны бірден байқаған фильм режиссері Павел Боголюбов Лидияны экранда Кенебай Қожабековтей қазақтың хас талантымен қосты. Осылайша, Якутиядан шыққан биші қыз қазақ киносының құбылысына айналды.
Иә, Ғалия образы – Лидияның шығармашылық тағдырын айқындаған рөл. Кинотанушылардың айтуынша, актрисаның бойындағы шынайылық көрерменге бірден жетті. Фильм одақ көлемінде кеңінен танымал болып, титрларда көрсетілген Лола Абдукаримова есімі кейіпкерге шығыстық, ұлттық рең беріп, образды одан әрі күшейтті. Танымалдылықтың жоғары болғаны соншалық, Шәкен Айманов «Біздің сүйікті дәрігер» фильмінде аталған бейнені әдейі еске салып, актрисаны бутафорлық атқа отырғызады. Бұл – бір рөлдің актер тағдырына қаншалықты ықпал еткенінің айқын дәлелі.
«Шабандоз қыздан» кейін Лидия Ашрапова қазақ киносының белді актрисаларының қатарына қосылды. «Арал балықшылары» фильміндегі Сенім бейнесі – оның драмалық мүмкіндігін көрсеткен рөлдердің бірі. Ол шығыс әйелінің де, қазақ қызының да образын табиғи сомдай алды. Актрисаның экрандағы жинақылығы, ішкі ұстамдылығы, қимылдағы нақтылық көрерменге сенім ұялататын. Алайда уақыт өте кино жүйесінің жазылмаған өз заңдылығы іске қосылды. 1960 жылдардың соңы мен 1970 жылдардың басында тың тақырыптар мен жаңа типтік кейіпкерлерге деген сұраныс Лидияны біртіндеп кино кеңістігінен ығыстыра бастады. Кеше ғана басты кейіпкер болған актриса енді екінші пландағы, кейін эпизодтық рөлдерге ауысты. «Тақиялы періште», «Атаманның ақыры», «Қыз Жібек» фильмдеріндегі шағын рөлдер – оның экрандағы соңғы ізденіс іздері ретінде таспаланды.
Десе де бұл – айғайсыз, драмасыз, бірақ терең толқыныс һәм толғанысқа толы шегініс еді. Өнердегі үнсіздік кейде актриса үшін өміріндегі ең ауыр кезең болады. Лидия да дәл сол күйді жүрегінен өткізді. «Шабандоз қыз» оны жаһанға танытты, бірақ белгілі бір қалыпқа да байлады. Көрермен жадында ол әрдайым ат үстіндегі Ғалия болып қалып қойды.
Актрисаның өмірлік серігі оператор Асхат Ашраповпен таныстығы да кино алаңында басталды. Камераның арғы жағындағы адам мен бергі жағындағы актриса біртіндеп ортақ тағдырға айналды. Уақыт өте Лидия камера алдынан камера сыртына бет бұрды. Киноға енді басқа қырынан қарай бастады. Кадр композициясы, жарық, үнсіз деталь – бәрі оның түсінігінде тереңдей түсті. Алайда 1990 жылдардың басында күйеуінің денсаулығы күрт нашарлап, дәрігер кеңесімен отбасы Қырымға қоныс аударды. Ортаны ауыстыру оның кәсіби жолын түбегейлі өзгертті. Кейінгі он жеті жыл бойы ол ең үлкен, ең ауыр, бірақ ең шынайы рөлін сомдады. Күтім, сабыр, үнсіз сүйіспеншілік. Бұл сахнада көрермен жоқ еді. Соған қарамастан Лидия шығармашылықтан қол үзбеді. «Махаббат тәжі» («Венец любви») фильмінің сценарийімен жұмыс істеуі – өнерге деген адалдығының белгісі.
Лидия Ашрапова 2023 жылдың 21 сәуірінде дүниеден өтті. Ал экрандағы Ғалия әлі тірі. Ат үстінде, желмен жарысып, жасампаз күйінде күні бүгінге дейін көрермен жадында жатталған. Себебі Ғалия – уақыттан озған бейне. Демек, актрисаның тағдыры бір рөлдің көлеңкесінде қалған өмір емес. Керісінше, бір рөл арқылы мәңгілікке айналған есімнің тарихы. Кейде кино адамға ондаған, ал кейде жалғыз ғана мүмкіндік береді. Бірақ сол бір мүмкіндік тұтас ғұмырға татиды. Оның дәлелі – шабандоз қыз Ғалия һәм қайталанбас талант Лидия Ашрапова!