Қазір құмар ойындарға тәуелділер көбейіп барады. Мемлекет тарапынан бұл жат үрдісті тежеу бағытында кешенді іс-шаралар қолға алынғанымен, түйткілдің түйіні әлі тарқатыла қойған жоқ. Әсіресе балалар мен жасөспірімдердің санасын улайтын «Кран», «Ұстап ал – Хватай-ка» секілді ойын автоматтарының білім беру, спорт және дамыту орталықтарының, сондай-ақ халық көп шоғырланатын әлеуметтік нысандар мен сауда үйлерінің ішінде еш кедергісіз орналастырылуы үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Бұл мәселеге Сенат депутаттары назар аударып, Үкіметке сауал жолдады.
Лудоманияның өскелең ұрпаққа зор зиян келтіретінін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше қайтара көтерді. Президент онлайн-құмар ойындар балалардың күнделікті өміріне еніп, жасөспірімдердің психикасына әсер ететін жасырын тетіктерді жою қажеттігін айтып, Үкіметке тапсырма да берді. Кейінгі жылдары Парламент пен мемлекеттік органдар лудоманияға қарсы бірқатар шара қабылдап, онлайн-бәске бақылауды күшейтті, ойын бизнесі нысандарына талаптарды қатайтты, оларға кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қолжетімділігін шектеді, лицензиялау тетіктерін енгізді. Алайда осыған қарамастан «Кран» немесе «Ұстап ал – Хватай-ка» ойын автоматтары қолжетімді болып, балалардың қызығушылығын арттырып отыр.
«Балалар мен жасөспірімдер мектеп асханасына, жолақыға немесе күнделікті қажеттіліктерге арналған ақшасын осы автоматтарға жиі жұмсайтыны туралы ата-аналар мен ұстаздардан көптеген шағым түсіп жатыр. Бұл отбасылық жанжалдарға, материалдық шығындарға, балалардың бірін-бірі бопсалауға әкеледі. «Ойын бизнесі туралы» заңға сәйкес мұндай аппараттар ақшалай ұтыс қарастырылмағандықтан, құмар ойындары санатына жатпайды. Заңда ойын автоматы ұтысы кездейсоқ айқындалатын ойындарды өткізуге арналған құрылғы ретінде анықталған. Бірақ тәжірибеде «Хватай-ка» аппараты балаларға арналған ойын автоматы ретінде қаралады. Себебі онда берілетін сый – ойыншық, ал ұтыс формалды түрде ойыншының ептілігіне тәуелді», дейді сенатор Геннадий Шиповских.
Депутаттың айтуынша, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң осы автоматтардың жұмыс механикасы, ұтыс ықтималдығының алгоритмі, жас шектеулері немесе орналастыру талаптарына қатысты нормаларды қамтымайды. Санитарлық нормалар, сауда ережелері, техникалық регламенттері мен басқа да талаптар белгіленбеген. Автоматтардағы ойыншықтардың сапасы да алаңдаушылық тудырады. Бүгінде олардың қауіпсіздігін, шыққан жерін немесе балаларға арналған санитарлық талаптарға сәйкестігін тексерудің міндетті тетігі жоқ.
«Операторлар ойыншықтардың адам денсаулығына қауіпсіз материалдардан жасалғанына, уытты бояғыштар мен қауіпті бөлшектердің жоқтығына қатысты сертификаттарды ұсынбайды. Мәселен, «Кран» автоматтары денсаулыққа мінез-құлық тәуекелі жоғары болуына қарамастан, ойын бизнесін реттеу, техникалық қадағалау немесе балалар арасындағы аддиктивтік мінез-құлықтың алдын-алу механизмдері бірде-бір құқықтық-нормативтік актіде реттелмеген. Мұндай автоматтар лицензиялауды талап етпейді және олардың қызметін еліміздегі Туризм және спорт министрлігі, Сауда және интеграция министрлігі, жергілікті атқарушы және басқа мемлекеттік органдар бақыламайды», дейді сенатор.
Сонымен қатар бұл ойын қызметінің салықтық есебі де жүргізілмейді, фискализация талап етілмейді, нақты қаржы айналымы көрінбейді, ашықтық пен толық есеп жүйесі жоқ. Бұл табыстарды жасыруға және қолма-қол қаражаттың бақылаусыз болуына жол ашады.
Психологтердің айтуынша, ойын автоматтарының ең қауіптісі балалардың психикасына қатты әсер етеді. Өйткені автоматтардың жұмыс қағидаты – құмар ойындарының тетіктеріне өте ұқсас.
«Мұндай ойын кезінде балаларда дофамин жылдам бөлінеді, тағы ойнау ниеті, жеңісті күтудің иллюзиясы, тоқтай алмау, тәуелділікке тән мінез-құлық қалыптасады. Баланың миы әлі толық қалыптаспағандықтан (әсіресе маңдай бөлігі – өзін-өзі бақылау орталығы), ол жеңілісті тоқтау сигналы ретінде қабылдай алмайды. Жеңілістен кейін балада ашушаңдық, жылау, агрессия секілді эмоциялық өзгеріс пен ақша сұрау, ұрлап алу немесе өтірік айту, ойын автоматтары тұрған жерлерге жиі баруға ұмтылу, ойыннан кейін мектеп тапсырмаларына қызығушылықтың төмендеуі сияқты мінез-құлықтық белгілер біліне бастайды. Осының салдарынан баланың зейіні шашыраңқы болып, шыдамсыздық артып, ұзақ еңбекті қабылдай алмайтындай күйге де жетуі мүмкін», дейді психолог Әсел Исаханова.
Ұлыбританияда автомат-крандар төмен бәсті ойын құрылғылары ретінде сертификатталады. АҚШ-тың кейбір штаттарында тек механикалық ұстағыш қолдануға рұқсат етіледі, ал ұтыс ықтималдылығы заңмен реттеледі. Еуропа одағында автоматтар ойын жабдығы ретінде техникалық аудиттен өтеді. Жапония мен Оңтүстік Кореяда жас шектеулері, орналастыру талаптары және техникалық тексеру міндеттелген. Негізі елімізде аталған құрылғылар кеңес дәуірінен бері бар, олар арнайы ойын залдарында ғана орналастырылып, белгілі шектеулермен реттелген.
Депутаттар сауалына Премьер-министр Олжас Бектенов халықаралық тәжірибеге, атап айтсақ, Канада, Аустралия, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур елдерінің мысалына сүйене отырып жауап берді. Оның айтуынша, «Кран» секілді автоматтар «ойын-сауық аппараттары» санатына кіреді, техникалық стандарттардың міндеттілігімен ерекшеленеді.
«Автоматтар үшін жүлденің құнына, оларды тіркеу тәртібіне қойылатын талаптар бар, жасырын алгоритмдерді пайдалануға тыйым салынған және жосықсыз механизм үшін жауапкершілік көзделген. Біздің елде «Кран», «Хватай-ка», «Crane Machine», «Claw Machine», «Grabber» сияқты ойын автоматтары азық-түлік дүкендерінде, сауда ойын-сауық орталықтарында, балалар ойын аймақтарында, саябақтарда және халық көп жиналатын орындарда көп орналастырылғаны рас. Алайда қолданыстағы заңнамада ақшалай ұтыс көзделмеген ойын автоматтарының құқықтық мәртебесін, оларды орналастыру тәртібін, техникалық талаптарын, жас шектеулерін және бақылау тетіктерін нақты айқындайтын нормалар жеткіліксіз. Осыған байланысты қазіргі уақытта тиісті мемлекеттік органдар ойын автоматтарының аталған санатын реттейтін заңнамалық түзетулер әзірлеп жатыр», деді Үкімет басшысы мәлімдемесінде.
Заңға түзетулер енгізіліп, қабылданған кезде автоматтарды орналастыру орындарына шектеу енгізіліп, автоматтар мен ондағы жүлделерді міндетті сертификаттау жүргізіледі. Сондай-ақ ұтыс ықтималдылығына әсер ететін жасырын механизмдерді пайдалануға тыйым салынып, автоматтарды орналастыру мен пайдалануды реттейтін құзыретті органдар анықталады, тұтынушыларға автоматтардың жұмыс қағидаты мен жүлделердің құны туралы ақпарат беріледі. Бұл балалар мен ата-аналарды тәуекелдерден қорғауға, ойын-сауық нарығының ашықтығын арттыруға, бизнес пен қоғам мүдделері арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Үкімет депутаттар корпусымен бірге осы саланы реттеу бойынша жұмысты жалғастырады.