Ұлтты сақтаудың ең төте жолы – ұрпақ тәрбиесі. Бала ойынмен өседі, дамиды, жетіледі. Қазіргі балалар атадан мұра болып келе жатқан ойындарымызды қаншалықты біледі? Осы және басқа да сауалдарға Түркі әлемінің балалар ойындары халықаралық фестивалі жауап берді.
Ұлттық киім киген балалар көз тартады. Олардың байырғы ойындарды беріле ойнап отырғанын көргенде, жаныңыз жадырайды. Осындай ауқымды әрі игі іс-шараны Оқу-ағарту министрлігі мен Түркияның Білім министрлігі бірлесіп ұйымдастырды.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 9–13 жас аралығындағы оқушыларға арналған фестиваль түркі мемлекеттері арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтуға, түркілерге ортақ бай мұрасын, дәстүрлі балалар ойындарын сақтауға, насихаттауға, сондай-ақ халықаралық педагогикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Сонымен қатар іс-шара балалар ойындарын жүйелеу, ортақ мұрағат қалыптастыру, ойындардың білім беру үдерісіндегі педагогикалық рөлін арттыру, сондай-ақ жас ұрпақтың әлеуметтік, эмоционалдық әрі мәдени дамуына қолдау көрсетуді көздейді.
Фестиваль аясында еліміздің 20 өңірінен келген педагогтерге арналған халықаралық семинар-тренинг өтті. Қатысушылар түркі халықтарының дәстүрлі ойындарымен танысып, оларды білім беру үдерісіне енгізу жолдарын талқылады. Семинар-тренинг бағдарламасында асық ату, таяқ тарту, ләңгі тебу, орамал тастамақ, сақина салу, ханталапай, тымақ ұру, бесасық, тағы басқа ойын түрлері ұсынылған. Қорытындысы бойынша түркиялықтар қазақ мәдениетіне тән бірнеше ойынды іріктеп алды. Бұл ойындар биылғы сәуір айында Ыстанбұл қаласында өтетін түркі елдері фестивалінде көрсетіледі.