• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 08:33

Қоғамдық диалогтің дәйектілігі артады

10 рет
көрсетілді

Ақмола облысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері жергілікті халықпен, жастармен, спортшылармен, еңбек ұжымдарымен және туристік сала өкілдерімен кездесулер өткізді.

Сапар өңір халқымен, этномә­дени бірлестіктермен кездесуден басталды. Көкшетаудағы «Бола­шақ сарайында» 400-ге жуық адам – зиялы қауым, шағын және орта бизнес өкілдері, ақсақалдар, мәслихат депутаттары, денсаулық сақтау және білім беру саласының қызметкерлері, басқа да белсенді азаматтар жиналды.

Алқалы жиында сөз сөйлеген Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов еліміздегі қоғамдық диалогті жаңа деңгейге көтеретін түбегейлі жаңа орган – Халық кеңесінің құрылуына ерекше назар аударды.

– Жаңа Конституция арқылы Халық кеңесі институты құрылады. Ол Қазақстан халқының ортақ мүддесін білдіретін ең жоғары кон­сультативтік орган болады. Ассам­блеяның барлық инфра­құ­ры­лымы мен бірегей тәжіри­бесі сақта­лып, өз жұмысын жалғас­тырады. Халық кеңесі өңір­лер­ді, азамат­тық қоғамды және этно­мәдени бірлестіктерді біріктіреді. Яғни халықтың көпэтностық үні ай­қындала түседі деген сөз. Осы­лай­ша, Ассамблеяның ұзақ жылдар бойы жиған тәжірибесін пайдаланып, өз бетінше заңнамалық күн тәртібін қалыптастыратын біртұтас құрылым қалыптасады, – деді Е.Қошанов.

Мәжіліс депутаты, «Ауыл» пар­тиясының төрағасы Серік Егізбаев жаңа Конституцияны қабылдаудың тарихи мәнге ие екенін, әлемдік ахуал құбылып тұрған уақытта мемлекетіміз табиғи даму кезеңіне аяқ басқанын айтты. Депутаттың пікірінше, жаһандық өзгерістерге орай, еліміздің орнықтылығын, Тәуелсіздігіміздің тұрақтылығын және алдағы ондаған жылдар бойы біртіндеп дамуды қамтамасыз ететін берік әрі заманауи құқықтық іргетас қажет.

Жергілікті жұртшылық өкіл­дері алдағы референдум қоғам­ды Мемлекет басшысының стра­тегиялық мақсаттарына бірік­тіретініне назар аударды. Облыс­тық мәслихат депутаты, кәсіпкер Умар Шоназаров әр азамат үшін Конституцияның маңыздылығын төлқұжатпен салыстыруға болатынын айтты. Егер төлқұжатта адамның жеке деректері көрсетілсе, Конституцияда бүкіл халықтың тағдыры мен болашағы қамтылған.

Коалиция мүшелерінің өңірдегі волонтерлік бірлестіктермен кездесуі де мазмұнды өтті. А.Мыр­захметов атындағы Көкше­тау университетінде өткен жиын облыстық волонтерлер форумы­ның ашылуымен тұспа-тұс келді. Форумға 500-ге жуық адам қатысты.

Кездесуде Мәжіліс депутаты, республикалық волонтерлік қозғалыстың жетекшілерінің бірі Вера Ким жаңа Конституция жобасында волонтерлік қызметтің маңыздылығына мән берілгеніне тоқталып, жұртшылықты құт­тық­тады. Депутат атап өткендей, осы арқылы Ата заң жобасында мықты мемлекет тек билік инс­ти­туттары емес, сонымен қатар бір-біріне қолдау көрсетуге дайын адамдарға да арқа сүйейтіні туралы қарапайым, бірақ аса маңызды идея айқын көрініс тауып отыр.

Ғылым және жоғары білім ми­нистрі Саясат Нұрбек пен «Ас­самблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев жаңа Ата заңда адам капиталының дамуы елдің стратегиялық даму бағыттарының бірі ретінде танылатынын атап өтті. Бұл мемлекет білімге, ғылым­ға және жас ұрпақтың мүмкін­діктеріне сенім артып отырғанын көрсетеді.

«Eurasia Group Kazakhstan» кәсіпорны алаңындағы ашық диалог барысында коалиция мүше­лері фермерлердің сұрақтарына жауап берді. Өз кезегінде аграрлық сектор өкілдері жаңа Конститу­ция жобасында еңбексүйгіштік, прогресс пен білім мемлекеттің іргелі қағидалары ретінде бекітілгеніне оң пікір білдірді.

Жаңа Конституция жобасын­дағы еңбек адамының мәртебесі «ENKI» ЖШС керамикалық кірпіш зауытының еңбек ұжымымен кездесуде талқыланды.

Мәжіліс депутаты, «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров Конституцияның жаңа редакциясында қауіпсіз еңбек жағдайлары, лайықты сыйақы төлеу және әлеуметтік қорғау құқығы заңдық негізде бекітілетініне назар аударды.

Одан әрі Жалпыұлттық коа­лиция мүшелерінің Ақмола об­лысының спорт саласының өкіл­дерімен кездесуі Зеренді ауданының мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінде өтті. Бұл спорт мектебі заңсыз алын­ған активтерді қайтарудан түскен қаражат есебі­нен бой көтергенін айта кеткен жөн.

Бапкерлермен, спортшылармен және секция басшыларымен әңгіме барысында коалиция мүшелері жаңа Конституция жобасында әділеттілік ұғымы алғаш рет мемлекет пен биліктің жаңарған моделінің қағидаларының бірі ретінде бекітілгенін атап өтті. Кездесуде жергілікті спортшылар барлығына тең мүмкіндіктер туғызу, әсіресе өңірлерден шыққан талантты жастардың дамуы үшін маңызды мүмкіндік екеніне назар аударды.

Ақмола облысының туризм және қолөнер саласы өкіл­де­рі­мен кездесуде Ата заң дең­гейінде табиғатқа қамқорлық, ұлт­тық мәдениетті қолдау және шығар­машылық еркіндіктің ерекше маңызы сөз болды.

Өз кезегінде туризм саласының өкілдері жаңа Конституция жобасында азаматтар мен мемлекеттің міндеттері арасындағы теңгерім қамтылғанына назар аударды. Олар атап өткендей, әрбір қазақ­стандықтың дербес жауапкершілігі арқылы еліміздің қайталанбас бай мұрасын болашақ ұрпаққа аман жеткізе аламыз.

Кездесулерге қатысушылардың барлығы 15 наурыздағы референ­думға қатысып, жаңа Конститу­цияны қабылдауға дауыс беруге ниетті екенін білдірді. 

Соңғы жаңалықтар