• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

Елімізде дәрі-дәрмек бағасы қымбаттады және тапшылық байқалуда: Себебі неде?

10 рет
көрсетілді

Қазақстанда 2026 жылдың басынан бастап дәрі-дәрмек жеткізушілерге қатысты Салық кодексінің жаңартылған нормалары күшіне енді. Нәтижесінде коммерциялық сегментте дәрі сататын көтерме және бөлшек компаниялар енді белгіленген бағаның 5% мөлшерінде қосылған құн салығын (ҚҚС) төлейді. 2027 жылдан бастап бұл мөлшерлеме 10%-ға дейін өседі. Бұл талап тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК), міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында жеткізілетін және орфандық ауруларды емдеуге арналған препараттарға қолданылмайды, деп жазады Egemen.kz.

Шекті баға саясаты және оның салдары

2025 жылдың тамыз айында Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмектің шекті бағасын қалыптастырудың жаңа тәртібін енгізгені мәлім. Құжат өндірушілер, көтерме жеткізушілер мен дәріханалар үшін бағаны реттеп, шамамен 5 мыңға жуық атауды қамтыды. Бастапқыда бұл шара бағаның өсуін тежеуге мүмкіндік береді деп күтілді.

Алайда жағдай күрделірек болып шықты. Халықаралық Еуразиялық фармацевтикалық форумда EUROBAK денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Павел Хегай мәлімдегендей, кейбір дәрілер бойынша жарияланған 15-30% төмендеу іс жүзінде 60-90%-ға дейін жеткен. Тіпті жекелеген жағдайларда шекті көтерме баға өндіруші бағасынан да төмен белгіленген.

Форум қатысушыларының айтуынша, бірқатар импорттық препарат отандық нарықтан мүлде жоғалып кеткен. Көптеген өнім бойынша табыстылық мәселесі туындаған. Өзіндік құны теріс қалыптасқан дәрілерге өндірушілер жаңа тапсырыстарды келісуден бас тартқан.

Баға өсуі жеделдеді

Парадокс мынада – бағаны қатаң реттеу керісінше қымбаттауға алып келген. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2026 жылғы қаңтарда фармацевтикалық өнімдер 2025 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 15,1%-ға қымбаттаған. Бұл – соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш.

Бағаның жедел өсуі дәл 2025 жылдың тамызынан, яғни шекті баға туралы бұйрық күшіне енген кезден басталған. Бұған дейін өсім қарқыны 7-8% деңгейінде болса, кейін 9-15% аралығына дейін артқан.

Сарапшылар өндірушілер мен жеткізушілер реттелетін дәрілерден келген шығынды басқа өнім түрлерінің бағасын көтеру арқылы өтеуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Енді азаматтар дәрі-дәрмек бағасын Naqty Onim арқылы тексере алады

Proxima Research компаниясының 2025 жылдың үш тоқсаны бойынша дерегі ел тұрғындарының дәрі-дәрмекке үнеммен қарай бастағанын көрсетеді. Бөлшек саудадағы сатылым көлемі нақты мәнде 13%-ға азайып, 376,7 млн қаптамадан 329 млн қаптамаға түскен. Ал бір жыл бұрын, керісінше, 8% өсім байқалған еді.

Соған қарамастан, ақшалай шығын артқан. 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында халық дәріге 537,4 млрд теңге жұмсаған – бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 11%-ға көп.

Нарық құрылымындағы өзгеріс қолжетімді дәрілердің азайғанын аңғартады. Бағасы 350 теңгеге дейінгі ең арзан препараттардың үлесі екі жылда ақшалай есепте 6,5%-дан 4,6%-ға, ал нақты көлемде 48,4%-дан 36,5%-ға дейін төмендеген.

Керісінше, орташа баға сегментіндегі дәрілердің үлесі артқан. Бағасы 1-3 мың теңге аралығындағы препараттар 21,7%-дан 27,3%-ға, ал 3-5 мың теңге аралығындағылар 8,1%-дан 10,3%-ға өскен.

Қосылған құн салығы дәрі-дәрмек бағасына әсер етпейді

Емделуден бас тартқандар көбейді

Ұлттық статистика бюросының іріктемелі зерттеулеріне сәйкес, 2025 жылдың үшінші тоқсанында ел тұрғындарының дәрі-дәрмекке жұмсаған шығыны жылдық мәнде 8,4%-ға өсіп, бір адамға шаққанда тоқсанына 4 мың теңгеге жеткен. Ал алдыңғы екі жылда бұл көрсеткіш 3,3-3,7 мың теңге деңгейінде болған.

Әлеуметтік сауалнамалар да алаңдатарлық үрдісті көрсетеді. Дәрінің қымбаттығына байланысты емделуден бас тартқандардың үлесі 22,5%-ға жеткен (жыл ішінде 2,3 %-дық тармаққа артқан). Сонымен қатар қажетті препараттың болмауынан медициналық көмек ала алмағандар саны 3,5%-дан 5,3%-ға көбейген.

Бағаны әкімшілік жолмен тежеу талпынысы фармацевтика нарығында күтпеген салдарға алып келді. Сарапшылардың пікірінше, реттеу тетіктерін қайта қарап, өндіруші, жеткізуші және тұтынушы мүддесін тең ұстайтын тиімді модель қалыптастыру қажет. Әйтпесе дәрінің қолжетімділігі мәселесі одан әрі ушығуы мүмкін.

Елімізде дәрі-дәрмек бағасы қалай реттеліп жатыр?

Соңғы жаңалықтар