• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Кәсіпкер Бүгін, 09:00

Балық өсіру – бәсі жоғары шаруашылық

10 рет
көрсетілді

Көлі мен өзені көп Жетісу жері балық шаруашылығында бәсі жоғары өңірдің бірі еді. Дегенмен тоқырау жылдары шаруалардың шырайы кетті. Бертін келе ішкі сұраныстың артуы тауарлы балық өндірісін қайта жандандырды. Бүгінде бұл кәсіпті дөңгелетіп отырғандар некен-саяқ.

Былтыр өңірде балық ресурс­тарын молайту мақсатында 500 мыңға жуық сазан шабақтары­мен балық шаруашылығын дамыту жұмыстары жүргізілген. Жалпы алғанда, су айдындарына 891 мыңнан астам шабақ жіберілді. Сондай-ақ 2,2 мың тоннадан ас­там балық аулау лимиті белгіле­ніп, оның 800 тоннадан астамы ауланған. Балық шаруашылығын да­­мы­­­ту­дың 2021–2030 жылдарға ар­­­н­ал­­ған бағдарламасы аясында өңір­­­де 700 тоннадан астам тауарлы балық өндірілді.

Акваөсіру саласын қолдау мақсатында 40 млн теңге көле­мінде мемлекеттік субсидия қа­рас­тырылды. Бү­гін­де 30-ға жуық балық шаруа­шылығы жұмыс істейді. Кәсіп­орындардың басым бөлігі шабақты өзге аймақтардан 4-5 грамм салмаққа жеткен кезде сатып алып, оны тауарлы деңгейге дейін өсіріп, нарыққа шығарады.

Балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің бірі – Мұрат Сейітханов. Ол ба­­лық өсіріп, тонналап өнім алып отыр. Оның кәсібін өзге­лер­­ден ерекшелендіретін тұс – уыл­дырықтан бастап, шабақ өсі­руді жолға қоюы. Яғни ол ба­лық өсіру тізбегінің бастапқы, ең жауапты кезеңін игеріп, дайын ша­бақты өзге шаруашылықтарға ұсынумен айналысады.

«Біз сапалы уылдырықты Түркиядан алдыртамыз. Оның да өзіндік технологиялық, уақыттық және қаржылық қиындықтары бар. Бұл бағытқа жуырда ден қой­дық, болашақта уылдырық шаша­тын аналық табынды қалып­тастыруды жоспарлап отыр­мыз. Қазір шетелден жет­кізілетін уылдырықтың сақталу режімі аса қатаң. Тасымал кезінде температура 2 градус шамасында тұрақты болу керек. Көрсеткіштің сәл ауытқуының өзі өнім сапасына кері әсер етеді», дейді кәсіп иесі.

Сурет: 7-su.kz

Қызығы сол, елімізге уыл­ды­рық көбіне Қырғыз Респуб­ликасы арқылы жеткізіледі. Себебі көрші елде тауарлы ба­лық шаруашы­лы­ғы қарқынды дамыған. Түркия­дан келетін өнімнің негізгі бө­лігі сонда бағытталады да, елімізге са­лыс­­тырмалы түрде аз көлемде бөлі­неді. Бұл жағдай отандық балық өсірушілер үшін бастапқы мате­риалға қолжетімділік мәсе­ле­сін өзекті етіп отыр.  Сол себеп­ті балық шаруашылығын уыл­дырықтан бас­тап толық циклде дамыту қажет.

«Елімізде кәсіп бастау туралы сөз қозғалғанда көбіне мал шаруа­­шылығы алға шығады. Алай­да балық өсіру ісі де эконо­мика­­лық тұрғыдан тиімді әрі кең аумақты қажет етпейтін сала сана­лады. Мысалы, ондаған ірі қараны бор­да­қылауға елеулі еңбек күші, жемшөп қоры және инфрақұрылым керек болса, балық шаруашылығын салыстыр­малы түрде шағын алаңда ұйым­дастыруға болады. Тиісті күтім жасалып, жемдеу тәртібі сақталып, суда оттегінің тұрақты деңгейі қамта­масыз етілсе, жоғары эко­но­ми­калық нәтиже көрсетуге мүмкін­дік бар», дейді кәсіпкер.

Оның айтуынша, бір бас­сейннің өзінен қомақты табыс табуға болады. Бұған қоса, ондаған мал ұстауға қажет кең қора-жай­дың орнына, жүз мыңдаған ша­бақ­ты өсіруге бетон бассейн жеткілікті.

Жалпы, балық саласы – жүйе­лі тәсілді талап ететін кәсіп. Кейіп­­керіміз аталған саланың қыр-сы­рын терең меңгерген маман. Көп­жылдық тәжірибесіне қарамастан, кәсіпті бастау кезеңінде қолайлы нысан табуда қиындықтарға тап болған. Ізденіс нәтижесінде Өте­най елді мекені маңындағы бұ­рынғы мал бордақылау алаңына назар ау­да­рып, бірнеше жыл келіссөз жүр­гізген соң, аумағында су көзі, жер телімі және жабық қорасы бар ны­сан­ды сатып алған. Одан кейін қора ішін балық өсіруге бейім­деп, ар­­найы бассейндер орнатқан. Су айна­­лымын қам­тамасыз ету үшін он­­да­ған су сорғысы жүйесі іске қо­сыл­­­ған. Бұл инфрақұрылымдық жұ­­­­­мыс­­­тарға шамамен 25 млн теңге кө­­ле­мінде жеке қаражат жұмсал­ған.

Жобаны кеңейту мақсатында кәсіпкер мемлекеттік қолдау тетік­терін де пайдаланған. Атап айт­қанда, «Даму» қорының Бірыңғай кешенді бағдарламасы аясында жеңіл­детілген несие алған. Соны­­мен қатар «Ауыл аманаты» бағ­дар­­­ламасы шеңберінде тө­мен пайыз­дық қаржыға қол жет­кі­зген. Тар­­тылған қаражат есебі­нен бір мезгіл­де 500 мың дана шабақ шыға­руға мүм­кіндік беретін бірнеше инкуба­циялық құрылғы сатып алынған. Осы­лай­ша, «7 су балық» фермасы өн­ді­рістік қызметін жолға қойған.

Қазір «7 су балық» шаруа­шы­­лы­ғында инкубациялық құрыл­­ғы­­лар арқылы үш мәрте ба­лық өсіріліп шығарылған. Бассейн­дерде шамамен 500 мың форель шабағы өсірі­ліп жатыр. Кәсіпкердің мә­ліме­тінше, Түркиядан жет­кізі­ле­тін уылдырық сапалы әрі өнім­ділігі жоғары. Әр 100 мың дана уылдырыққа қосымша көлем­де берілу тәжірибесі бар. Бас­сейндерде өсіріліп жатқан ша­бақтардың бір бөлігі тапсырыс берушілерге тиесілі. Шаруа­шылық міндеті – шабақ­тар­ды 50-60 күн ішінде қажетті сал­маққа жеткізіп, иелеріне өткі­зу. Инкубация ке­зеңін­дегі дернә­сілдердің де нақты иелері бар.

Форель тұқымдас балықтарға нарықтағы сұраныстың жоғары болуы өнімнің жедел өткізілуіне ықпал етіп отыр. Кәсіпкердің айтуын­ша, бұл балық түрі Еуропа на­рығында жоғары бағаланады, тұтыну салмағы шамамен 300-400 грамм аралығында. Уылдырық­тан шыққан дернәсіл аталған салмаққа орта есеппен 8 айда жетеді. Кейінгі жылдары елімізде өсірілген форельге ішкі сұраныс та арта түскен.

«Шабақтар тәулігіне бес рет азық­тандырылады. Қазір Поль­ша­дан жеткізілетін арнайы құнарлы жем қолданылады. Жем «Хан балық» ЖШС арқылы сатып алынады. 20 килограммдық жем құны шамамен 50 мың теңгені құрайды. Болашақта кәсіпорын байытылған балық жемін өз күшімен өндіруді жоспарлап отыр, бұл өндірістік шы­ғындарды оңтайландыруға мүм­кіндік бермек. Сонымен қатар алдағы уақытта өңірдегі су айдын­дарына 1 млн дана сазан, дөң­маңдай секіл­ді жергі­лікті балық түрлері жіберіледі. Бұл бастама су эко­жүйе­лерінің био­логиялық тең­гері­мін қалпына келтіруге бағыт­талмақ», дейді М.Сейіт­ханов.

Алдағы жоспарлардың қата­рын­да форель балығының уыл­дыры­ғын өндіру ісін жолға қою бар. Өндіріс көлемі арт­қан жағ­дай­да қосымша жұмыс орындары ашы­луға тиіс. Сонымен қа­тар кәсіпкер әлеу­мет­тік жауап­­кершілік аясында өңір тұрғын­дарын қолдауға бағыттал­ған бас­тамаларды жүзеге асыру ниетін білдірген.

 

Жетісу облысы 

Соңғы жаңалықтар