• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 08:55

Экономикалық аймақ іске кірісті

0 рет
көрсетілді

Қойнауы «қара алтынға» толы Атырау облысында тағы бір арнайы экономикалық аймақ жұмысын бастайды. Былтырғы 1 жел­тоқсандағы Үкіметтің қаулысымен құрылған жаңа аймақтың қандай ерекшелігі бар?

Құжатта арнайы экономикалық аймақтың 2036 жылғы 31 желтоқсанға дейін жұмыс істейтіні көрсетілген. Жаңа құрылым Атырау-Доссор тас жолының жанындағы жалпы аумағы 450 гектар жер теліміне орналасады.

Бұл аймақты құрудың бірнеше мақсаты бар. Біріншіден, жоғары техно­логиялық, бәсекеге қабілетті өндіріс­тердің жедел дамуына жағдай жасалады. Екіншіден, жаңа инвестиция тартылып, оның көлемі 320 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде шетелдік инвестиция – 120 млрд теңге, ал отандық инвесторлар құятын қаржы 200 млрд теңгені құрайды. Үшіншіден, заманауи технологияларды енгізу, қызмет көрсету сапасын арттыру көзделіп отыр. Төртіншіден, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту көрсеткіші артады. Бесіншіден, бірнеше өнімін өндіру мен қызмет көрсету көрсеткіші 410 млрд теңгені құрағалы отыр. Осы орайда жаңа экономикалық аймақта өңдеуші өнеркәсіптің химия, мұнай-химия, металлургия, бейметалл минералдық өнімдері, металл өңдеу, резеңке және пластмасса бұйымдары секілді бағыттарды дамытуға басымдық беріледі.

Алтыншыдан, арнайы экономикалық аймақ аумағында арнайы құқықтық режім енгізіледі. Мұнда еркін кеден аймағының кедендік рәсімін қолдану көзделіп отыр. Құжатқа сәйкес, еркін кеден аймағы әрекет ететін учаске кедендік бақылау аймағы саналады. Сол себептен кедендік бақылауды қамтамасыз ету үшін қажетті жабдықтармен қамтылады. Осыған байланысты кеден саласындағы уәкілетті орган аймақтың периметрін қоршау, бейнебақылау жүйесімен жабдықтау секілді талаптарды белгілейді.

«Атырау» арнайы экономикалық аймағына 2036 жылға дейін 70 компа­нияның қатысатыны нақтыланып­ты. Осы кезеңге дейін мұнда 2500 жұ­мыс орнын ашу көзделіп отыр. Ашыла­тын өндірісте отандық еңбеккерлер 85 пайызды құруға тиіс. 

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің айтуын­ша, бұл – көмірсутегі шикіза­тының 65 пайызы шоғырланған өңірдің өндірістік әлеуетін арттыратын жоба. Өйткені аталған аймақта тек мұнай-газ химиясына ғана емес, бар­лық салаға серпін беретін өнім шыға­рылады.

«Біздің мақсатымыз – тек шикізатты өндіру емес, оны өңдеу, өнеркәсіпті дамыту әрі сапалы жұмыс орындарын құру. Бұл өңірдің тұрақты дамуы мен инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз етеді», дейді С.Шәпкенов.

 

Атырау облысы 

Соңғы жаңалықтар