• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:50

Уайым

10 рет
көрсетілді

Түрлі себеппен жайылатын ағайын дастарқанында көбіне өзгелердің әңгімесін еріксіз естіп отырасың. Мұндайда біреулердің өзара сұхбаты бостекі болса, көңіл аудармайсың, ал мәнді де мәністі тақырып өрби қалса, зейініңді бөліп, әсерлі, пайдалы дүние күтіп дәметесің. Кейде дәмең тентіреп кетсе, бірде олжаға кенеліп, жан дүниең рақаттанып, жоқ жерден жетісіп қаласың. Енді дәл осындай, яғни жанға жағымды тиген бір сұхбат жөнінде айтудың орайы келіп отыр.

Ол кезде Шымкентте тұратынбыз. Жаңадан зәулім үй салып, соған көшіп келген көршіміз қонаққа шақырды. Бардық. Біраздан бері таныс-біліс болып қалған үй иелері емен-жарқын қарсы алып, төргі бөлмеге бастады. Ішке кірсек, бізден басқа да қонақтар бар екен... Кең залдың қақ төрінде басына аппақ орамал тартқан, аққұба келген, жанарының нұры таймаған, тәнінен еті қашса да, тұлғасы тұрпатты кейуана жайғасқан. Оның оңы мен солын ала жас ерекшеліктеріне қарай жасы үлкен кісілер отыр. Менің көзім төрдегі әжейге түсе берді. Әженің текті жерден шыққаны, өмірден көргені мен түйгені мол екені, кірпияздығы, сыпайылығы сөйлеу мәнерінен, өзін-өзі ұстауынан көрініп тұрды... Дастарқан басындағыларды бір-бірімізге таныстыру барысында білдік, бұл кісі үй иесінің түп нағашысының кемпірі екен. Әжейді бір кісі сөзге тартып отырды. Арадағы әңгіме төмендегідей өрбіді.

– Қаншаға келдіңіз?

– Он екі жылы кем жүздемін.

– Тоқсанға жақындаған қандай екен?

– Жақсы деп те, жаман деп те айта алмаймын...

– Қандай арманыңыз бар?

– Тірінің арманы таусылмайды ғой, шырағым... Дегенмен жас келген соң, арманың аласарып, жұқарып, уайымың қалыңдай түседі екен.

– Ол не уайым, апа?

– Кеңірек жауап берейін... Бұ дүниедегі татар дәмің, су ішкілігің таусылатын күн-қарсаңды Құдай әзірге сездірер түрі жоқ. Дегенмен көз жұмар сәтіңнің алыс еместігін түйсінбей қоймайсың. Бұл түйсіну кеудеңдегі желімдей жабысқан сандаған уайымыңды сүзгіден өткізіп, олардың екеуіне ғана жүрегіңді сыздатады да, басқасы әдірәм қалатын сықылды. Тынышыңды алатын осы екі уайымның бірі өзіңнің о дүниедегі халіңнің нешік боларына, екіншісі құрсағыңды жарып шыққан перзенттеріңнің қамына қатысты туындайды екен.

– Бұл екеуінің қайсысы ауыр деп ойлайсыз?

– Кез келген ана, басқа кезді айт­пағанда, бақидың табалдырығын атта­ғалы тұрған сын сағаттың өзінде о дүниедегі жағдайы қалай болатынына емес, соңында қалып бара жатқан, тіпті олар өмірден орнын тауып, берекесі тасып, бақуатты күн кешіп жатса да, перзентінің жайын көбірек уайымдайды екен...

– Барлық перзентіңіздің айдарынан жел есіп тұр емес пе, оларды уайымдауыңыздың жөні жоқ. Шүкір Құдайға, Сайрашыңыз бен Хатирашыңыз барған жерлерінде бағы ашылды. Дәулетті тұрады. Екеуі де – жұрт іздеп барып емін алар мықты дәрігер. Ал қолыңыз­дағы кіші ұлыңыз Кенжеш – дүркіреген үлкен бастық. Үлкен ұлыңыз Есей – қалай шиырып тастаса да асығы алшысынан түсіп тұрған мықты кәсіпкер. Есімі ел аузында. Қысқасы, перзенттеріңіз ешкімге есе жіберетін жандар емес.

– Е, шырағым, солайы солай ғой... Саған не десем екен?.. Ілгерідегі мен бүгінгінің таным-түсінігі өзгеріп кетті... Соның бір мысалын қазіргі ата-ананың өз перзенттерінің қамын жеудегі іс-әрекетінен де көруге болады. Бұрынғылар «Кеудесінде жаны бардың несібесі Құдайдан, сондықтан ұрпағым бұйырған тірлігін жасап, күнін көрер, санаттан сызылып, көштен қалмас, ал олардың о дүниесі қалай болмақ? Тәңірдің алдына барғанда жүзі төмен күй кешпей ме?» деген сауал мазалап, соны уайымдаған. Осы уайымның қамауында қалып қоймас үшін ұл-қызын екі дүниенің де жамандығынан сақтандыру үшін ерте бастан әрекетін жасаған. Ал бүгінгілер басқаша түсінікте: ұрпағының бақида қандай күйде болатынын ойлауды азайтқан, осы тіршіліктегі жағдайына ғана алаңдап уайымға салынады. Біз ескінің көзіміз, бұрынғылардың таным-түсінігінен ажырай қоймағанбыз. Сондықтан балаларымның бұ дүние­дегі тіршілігінен гөрі о дүниесі қалай болатынын уайымдаймын.

– Балаларыма имандылық тұрғы­сы­нан жөнді тәрбие бердім бе, бере алмадым ба деп уайым жеуіңіз бе бұл?

– Иә, ол да бар, бірақ мұнан да ма­ңыздысы – «ұрпағыма жаннат бұ­йырмай, көздері жәудіреп, тозақ шең­берінің ішінде шырылдап, ботадай боздап қалып қоймас па екен?» деген сұрақ. Мына тар уақытта осы сауалға оңды жауап табу қиын. Бұл жерде о дүниедегі өз жағдайымды ойлаудан гөрі перзенттерімді «құтқарсам» екен деген тілегім үлкен... Балаларымызға марқұм әкелері екеуміз шамамыз келгенше тәрбие бердік, Құдай, әруақ, обал-сауаптың не екенін, дін талабын ұғындыруға тырыстық... «Бірақ осы еңбегіміз өз жемісін берді ме, берсе, ол қандай деңгейде?» деген сұрақ мазалай береді. Бұған нақты жауап бере алмаймын. Сол себепті балаларымның о дүниесін ойлап қатты уайымдаймын, шырағым. Былай қарағанда бәрі дұрыс секілді... Балапандарымның бәрі аттай шапқылап, тірліктерін істеп жүр, жаман аттарын естігенім жоқ... Бәрін білуші – Тәңір тағаланың өзі... Өз маңдайларына жазылғанын көрер. Бәрі бұ тіршіліктегі амал-әрекетіңе, ниет-пиғылыңа байланыс­ты дейді ғой айтушылар, – деді кейуана.

Жұрт тұнжырап үнсіз қалды.

Соңғы жаңалықтар