• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өнер Бүгін, 08:35

Жақұт тастың зергері

0 рет
көрсетілді

Аяқтың астында жатқан асыл тастарды біз байқай берме­ге­ні­міз­бен, Байболат Айтқалиұлы одан алқа жасап, жүзіктің көз­де­рін жонады. Өңірде өтетін көр­мелерден ғана көріп жүрген зер­гер­ді арнайы іздеп, шеберханасына бар­ған­быз. Жақұт пен лағыл, амети­ст пен опал сынды тастардан таңғаларлық әшекей жасап жүрген шебер «Креативті дамыту орта­лығының» жертөлесінде оты­рады екен.

Қоржынға жинаған тастарын ең әуелі үлкен цехта әшекей бұйымдарға лайықтап, кесіп алады. Олардың әрқайсысын жеке-жеке қобдишаға салып, сақтайды. Сөйтіп, рет-ретімен өңдеп, тас бұйымдарын жасай береді. Қолындағы қоңырқай тас­ты шыр айналған шарыққа ұстап отыр. Ара-арасында жарық түсіріп, қарап қояды. Бағалы тас жарқ-жұрқ етеді. Өңделмегеніне көз салып едім, кәдімгі тас. Бір қарап, асыл тас екенін ажырата қою қиындау. Байболат зергер қайдан біледі десем, жерінің асты қатпар-қатпар асыл тасты Асубұлақ ауылында туып-өскен екен. Иә, атақты партизан Қасым Қайсеновтің кіндік қаны тамған мекен. Көпшілік біле бермейтін шығар, тамылжыған табиғаттың аясындағы бұл елді мекенде дүркіреген фабрика болған. Осы жақтан жерасты байлығын фабрика агрегаттары қарш-қарш шайнап, келесі өңдеуге жіберіп жататын. Шебердің бұл жолды таңдауына туған жерінің тасы түрткі болса керек-ті. Кішкентайынан ауыл маңынан жылтыр тастарды жинап, әуестенген. Қызығушылығы кейін кәсібіне айналған.

– Ең алғаш рет тастан шахмат фигураларын қашадым. Тасты станокта жонып, киізбен ысқылап, біркелкі фигура жасадым, – деді қолындағы асыл тасты сөреге қойып жатып.

Сөресінде асыл тастың түр-түрі тізулі. Бұлар біздің елде аса бағалана бер­мегенімен, көрші қытай жұртында тас саудасы қызып тұр. Бас-аяғы шақырым­дарға созылып жатқан тас базар да турист тартады.

– 16 жасымда сонау Орал қаласына ебі бар 12 баланы комбинаттан тас өңдеудің оқуына жіберді. Оқу тегін. Кәсіпорын жатақханамызды төлесе, училище екі уақыт тегін тамақ беретін. Алты күн оқудың дүйсенбісі практика еді. Ол жерде тас кесуді үйренеміз, оны жылтыратамыз. Екі жыл оқудан соң комбинатқа жұмысқа орналастық. Ә дегенде әскер қатарына жарамадым. Қатарластарым Отан алдындағы борышын өтеп келгенше, тас өңдеуді әбден меңгердім, – дейді шебер Байболат Айтқалиұлы.

Жұмыр тастан түйін түюдің нағыз маманына айналғанын байқаған комбинат басшылары КСРО басшысы Брежневтің туған күніне бағалы тастан сыйлық дайын­да деп тапсырма берген. Ерекше композиция бастағаныммен, әскер қатарына алып кетті. Ол жұмыстың соңғы детальдарын әріптесі аяқтап, сонау Мәскеуге жөнелткен көрінеді. Әскерден келген соң да комбинатқа кірген. Бір жағынан ауылда басқа жұмыс орны да жоқ-тын. Қалба сілемінің арғы-бергі жағындағы жатқан ауылдарды осы комбинат асырап отырды десек артық емес.

– Әскерден кейінгі цехтың жұмысы ауыр болды. Қаптың түбіне ғана түсетін түйіршікті танталды Үлбі металлургия зауытына жіберіп отырдық. 2000 градуста балқитын металл болғандықтан, тығыздығы да түсінікті шығар. Көтерсең, зілдей еді. Танталдың ішінде ниобий деген металл және бар. Сондай-ақ Асубұлақ кенішінен қалайы да шыға­­­рыл­ды, – дейді шебер жас кезін есіне алып.

Ауыр жұмыстан денсаулығы сыр бере бастаған соң суретшінің шеберханасына ауысып, ұзақ жыл сонда еңбектенген. Кейін фабрика жұмысы тоқтап, тұр­­­ғын­дар қалаға үдере көшкенде Байболат шебер де ілескен. Зергерлікті жетік меңгерген ол Өскемендегі әйгілі Монета сарайында медаль, теңгенің тиындарын жасаған. Ал зергерлік өнермен бертінде айналыса бастады. Әсіресе әйелдерге арналған алқа, жүзік сынды әшекейлердің топтамасын жасайды. Тастан түйген композициялары да көз жауын алады.

– Мынау, – деді қолына жалпақ тас­ты алып: – Пейзажды тас. Көрдің бе, жалпағынан кескенімде табиғаттың суреті шықты. Анау тау, бергі жағы орман, – деп тастағы табиғи картинаны көрсетті. Расымен, жансыз жұмыр тас та сыр бүгеді екен.

Айтқандай, тас шебері асыл тастарды геологтермен бірлесе шығып, өзі де жинайды. Өзіне қажет жақұт тастарды Шығыс Қазақстаннан ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен іздестіреді. Тіпті сонау Африкадан малахит тасқа дейін алғызған. Мұндай жасыл тас Жезқазған өңірінде де кездеседі екен. Асыл тастың түсіне қарап қана емес, тығыздығына қарай да таңдайды. Соңында зертханада құрамын тексертеді.

Ал Шығыста кездесетін тастардың танымалы – агат, яшма, кварц. Олар Қалба жоталары мен Тарбағатай сілемдерінде кездеседі екен.

 

Шығыс Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар