Ұлттық банктің мәліметінше, биылғы жылдың қаңтар айында депозиттік ұйымдардағы салымдар бір айда 3,75% -ға төмендеп, 46,2 трлн теңгені құрады. Жинақтың ең көп үлесі теңгемен сақталады – 36,2 трлн теңге. Алайды 2025 жылдың желтоқсанмен салыстырғанда олардың көлемі 4,5%-ға қысқарған. Ал шетел валютасындағы салымдар 9,5 трлн теңге (бір айда -5,9%) құрап отыр, деп жазады Egemen.kz.
Клиенттер бөлінісіне үңілсек, жеке тұлғалардың салымдарындағы қаражаттың басым бөлігі – шамамен 26 трлн теңгені (-0,8%) құрап отыр. Ал банктік емес заңды тұлғаларға тиесілі үлес 20,2 трлн теңгеге (-7,3%) тең. Осы орайда «BCC Invest» брокерлік компаниясының сарапшылары өздерінің экономикалық шолуында ел азаматтары үшін жинақтарды тек депозитте сақтамай, облигацияларға салу тиімдірек екенін алға тартады. Мамандардың пайымынша, теңгемен және валютамен номинирленген облигациялар бойынша пайыздық мөлшерлемелер бүгінде депозиттік мөлшерлемеден жоғары болып отыр.
2026 жылы жинақты қай валютада сақтаған тиімді?
Сарапшылардың айтуынша, 2025 жылдың үшінші тоқсанының соңында мерзімсіз депозиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелер оның мерзіміне қарай 15% деңгейінде қалыптасқан. Ал мерзімді және жинақ депозиттеріне келсек, толықтыру құқығынсыз салымдар бойынша мөлшерлеме 10,5-18,1% аралығын, ал толықтыру мүмкіндігі қарастырылған жинақтар бойынша 11,8-17,6%-ды құраған.
«Тек сақтап қана қоймай, сонымен қатар көбірек икемділік пен әлеуетті кірістілік алғысы келетін инвестор үшін облигациялар түріндегі баламалар көбінесе сенімдірек көрінеді», делінген BCC Invest шолуында. KASE-тегі корпоративтік облигациялардың кірістілігі теңгемен жылдық 13,61-25%, ал доллармен 4,5-10% аралығында құбылып тұр. Бастапқы нарықтағы облигациялардың басым бөлігі ұсынатын табыс мөлшерлемесі дәстүрлі депозиттік ставкалардан әлдеқайда жоғары. Бұл үрдіс, әсіресе, жоғары табысты шығарылымдар сегментінде айқын байқалады. Сарапшылардың пайымынша, егер банктер нақты кіріс мөлшерлемесін бекітсе, облигациялар инвесторға мерзіміне қарай қосымша сыйлықақы алуға жол ашады.Теңгелік депозиттер бойынша пайыз өсті: салымшылар нені ескеру керек?
Сонымен қатар мамандар депозиттердің тиімділігі қаражатты пайдалану мүмкіндігіне тікелей байланысты екенін алға тартады. Мәселен, пайызы жоғары жинақ депозиттері салымды мерзімінен бұрын алуға шектеу қояды, әрі бұл жағдайда клиент жинақталған сыйақысынан айрылып қалуы мүмкін. Ал облигациялар нарықтағы икемділікті сақтай отырып, құнды қағазды сату немесе өтеу арқылы қаржыны ерте шығарып алуға мүмкіндік береді. BCC Invest сарапшыларының пікірінше, облигациялардың тағы бір артықшылығы – тәуекелдерді әртараптандыру әлеуетінде. Инвестор өз портфелін түрлі эмитенттер мен мерзімдер арасында бөлу арқылы қаржылық қауіпсіздігін нығайта алады. Бұдан бөлек, еліміздегі валюталық депозиттердің кірістілігі, әдетте, 1%-дан аспайды. Ал долларлық облигациялар жылдық 10%-ға дейін табыс ұсына алады. Осыған байланысты сарапшылар валюталық депозитті табыс құралы емес, тек «валюталық сейф» ретінде қарастыруды ұсынады.