Алматыда «Ревматология, пульмонология, нефрология, гастроэнтерология және эндокринологиядағы сабақтас мәселелер» атты VII ғылыми-практикалық конференциясы аяқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мәжіліске терапиялық бағыттағы тәжірибелі мамандарға қоса, жас кадрлар да қатысты.
Еліміздің жетекші ревматолог, терапевт, пульмонолог, нефролог, гастроэнтеролог, эндокринолог сынды мамандарының басын қосқан жиынға Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты мен Қазақстан ревматологтар алқасы ұйытқы болды.
КІАҒЗИ Басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаев: «Біз өңірлік медициналық ұйымдарға ұйымдастырушылық-әдістемелік көмек көрсетіп келеміз. Ревматологияда пәнаралық тәсіл аса қажет, себебі иммундық-қабыну аурулары жүйелі сипатқа ие және жиі коморбидті патологиялармен қатар жүреді. Ревматологтардың кардиолог, нефролог, пульмонолог сияқты басқа да мамандармен біріге әрекет етуі пациенттерді сараптамалық деңгейде жүргізуге, ауру белсенділігін бақылай отырып, қауіп-қатерлерді төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, институт мамандарының өңірлік әріптестермен өзара байланысы маңызды рөл атқарады», деп атап өтті.
Институттың терапиялық қызмет жөніндегі Басқарма төрағасының орынбасары Ғалымжан Тоғызбаев та түрлі бағыттағы мамандардың күш-жігерін біріктіру пәнаралық өзара іс-қимылды жетілдіруге, ревматологиялық аурулары бар пациенттерді диагностикалау мен емдеу сапасын арттыруға ықпал ететінін нақты мысалдармен дәйектеді.
Ғылыми бағдарламада аутоиммундық ревматологиялық аурулар кезіндегі өкпенің интерстициалды дерттері, созылмалы бүйрек ауруын пәнаралық жүргізу, ревматикалық патологиялардағы эндокриндік бұзылыстар, гастроэнтерологиялық асқынулардың клиникалық аспектілері, сондай-ақ псориаздық артритті, анкилозды спондилоартрит пен жүйелі қызыл жегіні емдеудің заманауи стратегиялары ерекше назарға алынды.
Конференция барысында отандық сарапшылар жүйелі аутоиммундық аурулардың жіктелуін, диагностикасы, емделуі жөніндегі соңғы деректерді, күрделі коморбидті пациенттерді жүргізудің қазіргі клиникалық тәсілдерін, нақты клиникалық жағдайлар мен тәжірибелік шешім қабылдау алгоритмдерін талқыланды.