Үйленіп кеткендерден үй бөліп кеткендер көп. Қыз-жігіттер жастық шақтың қызықшылығын теріс көрмесе де, шаңырақ көтеруге асығар емес. Санақшылар былтыр некелескендердің саны ешқашан бұлай аз болмағанын айтады, деп жазады Egemen.kz.
2025 жылы елдегі жалпы некелесу коеффициенті Тәуелсіздік тарихындағы ең төменгі деңгей – 5,62-ге дейін түсіп, бір жыл ішінде 0,51 тармаққа азайған. Бұл туралы DATA HUB сараптамалық арнасы хабарлады. Сарапшылар Ұлттық статистика бюросының сайтында жарияланған өткен жылға қатысты алдын ала деректерді негізге алған. Айтуларынша, мұндай көрсеткіштер әдетте кейін нақтыланған мәліметтерден айтарлықтай ерекшелене бермейді.
Неке сақиналары 38,2%-ға қымбаттады
Сонымен сарапшылардың талдауына сүйенсек, 1991 жылдан бері некелесу коэффициенті үш негізгі кезеңді бастан өткерген. Алдымен төмендеу, кейін өсу, соңынан қайта құлдырау байқалған. Әрбір құлдырау алдында көрсеткіш шарықтау шегіне жетіп отырған. Алғашқы шарықтау 1991 жылы – 10,1 болса, екіншісі 2013 жылы – 9,89 деңгейінде тіркелген. Кейінгі 12 жылға созылған теріс динамика барысында коэффициент, жалпы алғанда, 4,27 тармаққа азайып, бүгінде 1999 жылғы ең төменгі көрсеткіш – 5,8 деңгейіне жақындады.
«Жалпы некелесу коэффициенті белгілі бір кезеңде тіркелген некелер санының халықтың орташа жылдық санына қатынасын көрсетеді. Сондықтан оның өзгеруі екі факторға да тәуелді. Мәселен, 2014 жылдан бері некелер саны азаю үрдісін көрсетсе, халық саны керісінше тұрақты өсіп келеді. 2025 жылы елде 114,5 мың неке тіркелген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 7% төмен. Нәтижесінде көрсеткіш кейінгі 22 жылдағы ең төмен деңгейге түсті», дейді сарапшылар.
Алайда сарапшылар некелесу коэффициентінің төмендеуі азаматтардың отбасы құруға ықыласы азайды дегенді білдірмейтінін айтады. Өйткені бұл көрсеткіш некеге жарамды жастағы халық санының өзгерісін толық есепке алмайды. Яғни, некелер санының азаюы көбіне дәл осы жас санатындағы азаматтар үлесінің қысқаруына байланысты болуы мүмкін.
Тоқаев: Неке институтын ер мен әйелдің ерікті одағы ретінде заңнамалық тұрғыдан бекіту қажет
Статистикаға қарағанда, некелердің 85%-дан астамы 18-39 жас аралығында тіркеледі. Осы жас санатындағы адамдар санының азаюы некелесу коэффициентінің төмендеуімен қатар жүрген. Дегенмен бұл үрдіс барлық кезеңде біркелкі емес. 2023, 2024 жылдары әлеуетті қалыңдықтар мен күйеу жігіттер саны қайта өскені байқалған (2025 жылға қатысты нақты дерек әзірге жарияланбаған).
Заңсыз неке
Соған қарамастан, бұл өсім неке қарқынын жақсартуға жеткіліксіз болды. DATA HUB сарапшылары мұны отандастарымыздың некеге кешірек тұру үрдісімен байланыстырады.
«2014-2024 жылдары алғаш рет некеге тұрғандардың орташа жасы 27,1-ден 27,9 жасқа дейін артқан. Бұдан бөлек, ресми статистикаға әсер етуі мүмкін тағы бір фактор – тіркелмеген азаматтық пен діни некелердің көбеюі», дейді олар.