Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында «Конституция – тәуелсіздіктің кепілі» атты дөңгелек үстел жиыны өтті.
Жиында Конституцияның жаңа жобасы талқыланды. Ұсынылған өзгерістер құқықтық мемлекетті одан әрі нығайтуға және адамның құқықтары мен бостандықтарына кепілдіктерді кеңейтуге бағытталған. Кездесуге қатысушылар реформаның құндылықтық және гуманитарлық қырларына назар аударып, жаңа нормалардың қоғамдық санаға әсері жайында ой бөлісті.
– Алдыңғы кезекте Ата заңның жаңа мәтінінде білім мен ғылымға, тарихи-мәдени мұраны сақтау, төл мәдениетті қолдау, мәдениет пен инновацияға басымдық берілгені көңіл қуантады. Бұл 3-баптың 1-тармағында айқын жазылады. Одан бөлек 40-бапта Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұраның сақталуына қамқор болуға, тарих пен мәдениет ескерткiштерiне ұқыпты қарауға мiндеттi екені айтылған. Себебі еліміздің болашағы адам капиталына, азаматтардың білімі мен жетістіктеріне негізделетінін көрсетеді. Мұндай бағыт жастардың әлеуетін ашуға, шығармашылық пен зияткерлік дамуды қолдауға жол ашады, – деп атап өтті Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының директоры Ақан Әбдуәлиев.
Жиында сөз алған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай өнер адамдарының шығармашылығына қолдау көрсету жөнінде өз ойын ортаға салды.
– Қазір өнердің барлық саласы жан-жақты дамып жатыр. Атап айтқанда, ұлттық өнер, классикалық өнер, эстрада өнері, қазақ би өнері, хор өнері, кино және театр өнерінің дамуын атап өтуге болады. Мысалы, «Қазақконцерт» ұйымындағы «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығында халықтың әні, жыры, күйі мен дастаны кеңінен қамтылған. Демек, орталықтың негізгі міндеті – Конституцияда көрсетілгендей, тарихи-мәдени мұраны сақтау және төл мәдениетті қолдау қызметін атқару. Бұдан бөлек жаңа реформалар ұлтымыздың мәдениеті, менталитеті және әлеуметтік мәселелердің дамуына, сондай-ақ қоғамның білім деңгейі мен зияткерлік әлеуетінің артуына ықпал етеді, – деді ол.
Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония камералық хорының бас дирижері Гүлмира Құттыбадамова қазір нақ өзгеріс қажет кезеңде тұрғанымызды айтады.
– Қазір біз тез өзгеріп жатқан әлемде өмір сүріп жатырмыз. Оның үстіне, цифрландыру ойлау жүйеміз бен санамызды түбегейлі өзгертіп, өз ықпалын тигізуде. Уақыттың осы шынайы талаптары мен сын-қатерлері, сөзсіз, өзгерістер мен жаңарулардың қажеттілігін алға тартады. Конституция жобасымен мұқият танысып шықтым. Білім беру мен тәрбиелеу жүйесінің зайырлы сипаты бөлек атап көрсетілген. Сондай-ақ зияткерлік меншікті қорғау туралы ережені маңызды деп санаймын: Конституция деңгейінде мемлекеттің азаматтардың зияткерлік құқықтарын қорғауды өз міндетіне алатыны бекітілген. Бұл – мәдениет пен шығармашылықтың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашып, еркін шығармашылықпен айналысуға жағдай жасайтын аса маңызды қадам, – деді Г.Құттыбадамова.
Сондай-ақ іс-шараға қатысушылар елдің ұзақмерзімді жаңғыруы контексінде алдағы өзгерістердің маңызына тоқталды. Олар мәдениет пен өнердің қоғам өміріндегі рөлін күшейтетін тетіктерді егжей-тегжейлі қарастырып, азаматтардың құқықтық санасын қалыптастыруда сол мәдениет пен өнердің қалай көмектесетіні жөнінде пікір білдірді.
Кездесуде шығармашылық бастамаларды одан әрі қолдауға қатысты ұсыныстар тыңдалды. Мәдениет саласының өкілдері жаңартылған Конституцияның таланттарды ашуға және ұлттық мұраны қорғауға берік негіз қалыптастыратынын және ұлттың интеллектуалды әлеуетін дамыту үшін шешуші шарт екеніне баса назар аударды. Аталған жиынға мәдениет және өнер саласының өкілдері және «Қазақконцерттің» шығармашылық ұжымдарының көркемдік жетекшілері қатысты.