• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 15:11

Оқушыларға мамандық таңдасатын ЖИ-агент іске қосылды

20 рет
көрсетілді

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде (ҚӨУ) «AI-кәсіптік бағдарлаушы» жасанды интеллект (ЖИ) агенті таныстырылды. Аталған инновациялық цифрлық шешім мектеп оқушыларына болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға көмектесуге бағытталған. Әзірлеме ЖИ негізінде құрылған заманауи кәсіптік бағдар беру құралдарының бірі және бірнеше дәлелденген әдістемені біртұтас жүйеге біріктіреді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жоба AI-Sana ұлттық бағдарламасы шеңберінде аталған университеттің цифрлық технологиялар және жасанды интеллект бөлімі мамандарының инклюзивті білім беру және психологиялық қолдау орталығымен бірлескен жұмысы нәтижесінде жүзеге асырылды. Бұл бастама университеттің білім беру үдерісіне заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған стратегиялық бағытын көрсетеді.

Жобаны пилоттық енгізу С.Мәуленов атындағы гимназиясынан басталды. Аталған білім ордасының жоғары сынып оқушылары жасанды интеллект көмегімен кәсіптік бағдарлау тестілеуінен алғашқылардың бірі болып өтті.

Елімізде енді оқушыларды жасанды интеллект репетиторлары оқытады

Цифрлық технологиялар және жасанды интеллект бөлімінің басшысы Қалыбек Мауленов жобаның идеясы мектеп оқушыларының нақты қажеттіліктерінен туындағанын атап өтті.

«Тәжірибе көрсеткендей, 25 оқушының тек бес-алтауы ғана болашақ мамандығын нақты айқындаған. Қалғандары ізденіс үстінде. Осыған байланысты біз жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, оқушыларға мамандық таңдау үдерісіне саналы түрде қарауға көмектесуді мақсат еттік», деді ол.

Жүйе бұрын жеке қолданылып келген 5 психологиялық және кәсіптік бағдарлау әдістемесіне негізделген. Барлық әдістемелер цифрлық форматқа бейімделіп, біртұтас зияткерлік талдау моделіне біріктірілген. Жобаның негізгі артықшылықтарының бірі – нәтижені жедел ұсыну мүмкіндігі. 500-ден астам интерпретация нұсқасын қамтитын кіріктірілген деректер базасының арқасында жасанды интеллект қысқа уақыт ішінде қорытынды қалыптастырады.

Қосымша әдістемелер пайдаланушының мықты жақтарын, қабілеттерін және әлеуетті даму бағыттарын анықтауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде оқушы тек ұсынылатын мамандықтар тізімін ғана емес, жеке ерекшеліктерін қамтитын кеңейтілген кәсіптік бағдарлау портретін алады.

Астанада мектеп оқушыларының қауіпсіздігін жасанды интеллект бақылайды

Аталған университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Эльмира Наурызбаева жобаның басты мақсаты – тұтас әрі түсінікті кәсіптік бағдарлау жүйесін қалыптастыру екенін атап өтті.

«Сапалы әдістемелер жеткілікті болғанымен, олар көбіне жеке-жеке және ақылы негізде қолданылады. Біз оларды бір цифрлық платформада біріктіріп, жасанды интеллект көмегімен кешенді кәсіптік бағдарлауды қолжетімді еттік», деді проректор.

Бұл ретте жасанды интеллект психолог немесе мұғалімнің орнын алмастырмайды, керісінше олардың жұмысын толықтырып, уақытты үнемдеуге және объективті талданған ақпарат ұсынуға мүмкіндік береді.

Пилоттық жобаға қатысқан мектеп оқушылары жаңа құралдың практикалық тиімділігін жоғары бағалады. ЖИ-агент Telegram платформасында қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді: @UniCareerKzBot, @UniCareerBot.

Цифрландыру және жасанды интеллект жылы

Соңғы жаңалықтар