Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы курорттық-рекреациялық шаруашылық нысандарын пайдаланып, дамытуға бағытталған үкіметаралық келісімдерді ратификациялау туралы заңдарды қарады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Атап айтқанда, сенаторлар «2009 жылғы 1 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының Ыстықкөл ауданындағы жер учаскелерін жалға беру туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарады. Аталған заң курорттық-рекреациялық нысандар орналасқан жалпы ауданы 58,8 гектар жер учаскелерін уақытша ақылы пайдалану ережелерін реттеп, екі елдің тиімді пайдалану мен сақтау міндеттемелерін бекітеді.
Сенатор бір палаталы Парламентке көшу туралы: Заң шығарушы органның өкілеттіктері қайта қаралды
Бұдан бөлек, «2006 жылғы 4 шiлдедегі Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының аумағында орналасқан курорттық-рекреациялық шаруашылық объектiлерiне Қазақстан Республикасының меншiк құқықтарын реттеу туралы келiсiмді және 2006 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының аумағында орналасқан курорттық-рекреациялық шаруашылық объектiлерiне Қазақстан Республикасының меншiк құқықтарын реттеу туралы келiсiмге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң қаралды. Егер бұл заң мақұлданса еліміз бірқатар нысанға иелік етіп, оларды жаңғыртуға, туристік инфрақұрылымды дамытуға инвестициялар тарта алады.
Сенат қару иелері мен күзет ұйымдарына талапты күшейтпек
Сенаторлардың пікірінше, аталған заңдар іске асырылса, еліміз бен Қырғызстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық нығайып, курорттық нысандар жаңғыртылады. Бұл өз кезегінде туристік саланы дамытуға ықпал етеді.
Отырысты қорытындылай келе комитет мүшелері заңдарды Палатаның қарауына жіберуге келісті.