• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

Ірі салық берешегі бар тұлғаларға елден шығуға тыйым салынады

40 рет
көрсетілді

Жаңа жылдан бастап Қазақстанда салық берешегіне қатысты талаптар күшейтіліп, белгілі бір шектен асқан қарыз үшін азаматтардың банк шоттары бұғатталады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Қайсар Арын мәлімдеді. Өзгерістер салықтық тәртіпті нығайтуға және жаңа Салық кодексіне біртіндеп бейімделуге бағытталған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Аталған комитеттің түсіндіруінше, енді салық берешегі 20 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 86,5 мың теңгеден асқан жағдайда азаматтардың есепшоттары бұғатталады. Алдымен салық төлеушіге ресми хабарлама жолданады, содан кейін банк шоттары бойынша шығыс операциялары, касса және инкассалық өкімдер уақытша тоқтатылады.

Қайсар Арынның айтуынша, қарыз мөлшері 45 АЕК-ке (194,6 мың теңге) дейін жеткен жағдайда шектеу осы шаралармен ғана шектеледі. Егер берешек осы деңгейден асса, онда дебиторлық қарызды өндіріп алу, мүлікті түгендеу, оны өткізу, тіпті салық төлеушіні сот шешімімен банкрот деп тануға дейінгі шаралар қолданылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Салық төлеу отаншылдықтың озық үлгісіне айналады

Сонымен қатар салық қарызын өтеу кезінде өсімпұл мен айыппұлды есептен шығару тетігі де қарастырылған. Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Үкімет микро және шағын бизнес субъектілеріне арналған арнайы жеңілдіктер пакетін әзірлегенін атап өтті.

Қ.Арынның түсіндіруінше, жаңа Салық кодексіне бейімделу кезеңін жеңіл өткізу үшін микро және шағын бизнеске қатысты кешенді шаралар қабылданды. Қаржы министрінің бұйрығы әзірленіп, қазір Әділет министрлігінде қаралып жатыр. Егер ол мақұлданса, ресми түрде тіркеліп, жарияланады. Бұл жеңілдік тек салық қарызы бар және бюджет жіктемесінің тиісті кодтары бойынша берешегі бар микро және шағын бизнеске қатысты.

Микро және шағын бизнес салықтық әкімшілендіруді «таза парақтан» бастайды

Қайсар Арынның айтуынша, егер салық төлеуші 1 қаңтар мен 31 наурыз аралығында негізгі қарызын өтесе, салық органы өсімпұл мен айыппұлды автоматты түрде есептен шығарады. Бұл норма банкроттық, оңалту немесе қайта құрылымдау рәсімінде тұрған кәсіпорындарға да қатысты.

«Сот шешімімен осы рәсімдерде тұрған салық төлеушілер белгіленген мерзімде міндеттемелерін орындаса, олардың да өсімпұлдары мен айыппұлдары кешіріледі. Бұдан бөлек, қосылған құн салығы бойынша тіркеуге тұрмағаны үшін Әкімшілік кодекстің 275-бабының 5-тармағында көзделген айыппұлдар да алынып тасталады», деді аталған комитет өкілі.

Тағы бір маңызды өзгеріс – ірі салық берешегі бар тұлғаларға қатысты шектеулер. Егер қарыз мөлшері 27 мың АЕК-тен, яғни 100 млн теңгеден асса, компанияның бірінші басшыларына елден шығуға тыйым салынады. Бұл норма 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.

Айта кетейік, жаңа Салық кодексінде салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу үшін ең төменгі шек 6 АЕК (23 592 теңге) деңгейінде белгіленетіні де хабарланған. Сонымен бірге бизнестен салық қарызын мәжбүрлеп өндіру қағидаларын қайта қарау жоспарланып отыр.

Мамандар бұл өзгерістерді салық тәртібін күшейтумен қатар, адал салық төлеушілерге қолдау көрсетуге бағытталған қадам деп бағалап отыр.

Салық берешегі қай межеден асса, есепшот бұғатталады?

Соңғы жаңалықтар