Елімізде ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту мәселесі кейінгі жылдары мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналды. Бұл – бекер емес. Ауылдағы ұсақ шаруашылықтардың әлеуетін біріктірмейінше өндірісті ұлғайту, өнімді өңдеу, нарыққа тұрақты шығу мүмкін болмай тұр.
Жалған есеп жарға жықпасын
Бұл мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше назарға алып отыр. Президент «Turkistan» газетіне берген сұхбатында кооператив құрудың тиімділігін айта келе: «Бірлестік құру ісін науқанға айналдырып, жұртқа қысым көрсетуге, оларды мәжбүрлеуге жол берілмейді», деді. Өңірдің агросарапшылары бұл мәселеде жалған есеп жаңылыстыратынын айтып отыр. «Кооперация құруда жоғарыдағы басшылардан бастап, қарапайым сала маманына дейін аса мұқият жауапкершілік танытуы керек», дейді агросарапшы Ниқанбай Омарханов.
– Кейінгі үш жылда «ел бойынша 4 мыңнан астам ауыл шаруашылығы кооперативі ашылды» деген жаңсақ есептер беріліп келгені жасырын емес. Бұл деректер жергілікті атқарушы органдардан бастап, Парламент мінберінде де көтеріліп, ақыр соңында Мемлекет басшысына дейін жеткен.
«Жуырда ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы ретінде облысымызда «ашылды» деп есеп берілген кооперативтер бойынша аудандарға хабарласып көрдік. Өкінішке қарай, бірде бірінен нақты, мардымды жауап ала алмадық. Сонда бұл кооперативтер қайда, олар не істеп жатыр?» дейді сарапшы.
Шын мәнінде елімізде де, облыстарда да «кооператив» деп аталып жүрген құрылымдардың басым бөлігі – 2-3 адамның басын қосып, «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 32 млн теңге несие алған, бірақ ауыл экономикасына нақты әсер етпейтін жасанды бірлестіктер.
Мемлекет басшысы 2025 жылғы 28 қарашада ауыл әкімдерімен кездесуінде бұл мәселені ашық айтты: «Көбіне мұндай кооперативтерді бірнеше адам ғана құрады. Олар жеке шаруашылық иелері мен өнім өңдеушілер арасында делдал болып жүреді. Соған қарамастан мемлекеттен жеңілдіктер алады. Бірақ бұл ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға кедергі келтіреді».
«Бұл – бүгінгі кооперацияның басты диагнозы. Заң жүзінде бәрі дұрыс. Ал іс жүзінде ауыл адамы үшін кооперативтің пайдасы тимей отыр», дейді Ниқанбай Иманғалиұлы.
Сарапшылар әр ауылда «қағаз» жүзіндегі ғана емес, нақты жұмыс істейтін кооперативтер құрылуы қажет деп отыр. Нағыз кооператив құру үшін мұздатқышы бар, мал сою пункті, сүт қабылдау мен бастапқы өңдеу орны, ветеринарлық зертханасы, қолдан ұрықтандыру пункті, арнайы автокөліктері мен құрал-жабдықтары бар біртұтас инфрақұрылым қажеттігін көлденең тартады.
«Осындай кооперативті құру үшін ауылдағы өндіріс көлемі мен мамандануына қарай кемінде 200-400 млн теңге қажет. Мұны 30 миллион теңгелік несиемен шешу – өзімізді өзіміз алдаумен тең», дейді агросарапшы.
Мұндай маңызды шаруада мемлекеттің рөлі шешуші болуға тиіс. Мемлекеттік қолдау, жеңілдетілген несие мен нақты ұйымдастырушылық бағыт қажет. Агромамандар ол үшін ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы заңға заман талабына сай өзгерістер енгізілсе, кооперацияны дамытудың жеке мемлекеттік бағдарламасы қабылданса, әр ауданда қанатқақты режімінде кооперативтер құрылса деген ұсынысын жеткізіп отыр.
Қаржы қолбайлау болып отыр
Агросарапшы Аспандияр Сейсеннің айтуынша, елімізде тіркелген ауыл шаруашылығы кооперативтері ауыл экономикасына серпін беріп отырған нақты тетікке айнала алмай отыр. Мұның бірнеше себебі бар екенін айтады.
Басты мәселе – қаржыға қолжетімсіздік. Мемлекет басшысының тапсырмасымен енгізілген 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие ауыл халқы үшін үлкен мүмкіндік ретінде қабылданды. Алайда бұл бастама іс жүзінде шалғай ауыл тұрғындарына толық жетпей отыр. Себеп қарапайым: кепілдікке қойылатын жылжымайтын мүлік мәселесі. Кооперативтерге арналған 31,5 млн теңге, жеке тұлғаларға қарастырылған 9 млн теңге аз қаржы емес. Бірақ ауылдағы қарапайым адамның оны алуға кепілдікке қоятын бағалы мүлкі жоқ. Ал кепілі бар ірі шаруашылықтар осы несиелерді алып, нәтижесінде мемлекеттік қолдау ең мұқтаж ауыл тұрғынына емес, онсыз да аяғынан нық тұрған алпауыт шаруаларға бағытталып отыр, дейді сарапшы.
«Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мал шаруашылығын дамыту үшін несиенің 85 пайызын Даму банкі кепілдендіретін механизм бар екенін айтқан еді. Алайда, бұл құралдың тиімділігін шалғайдағы шаруа әлі күнге дейін нақты сезініп отырған жоқ. Егер бұл жүйе шын мәнінде жұмыс істесе, кооперацияға деген қызығушылық та, сенім де әлдеқайда жоғары болар еді. Кооперацияның дамуы тек қаржыға тіреліп тұрған жоқ. Ауыл тұрғындарының бірігіп жұмыс істеуге деген сенімі төмен. Бұған халықты кінәлау дұрыс емес. Себебі жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмысы жоқтың қасы. Ауылға бармай, кабинетте отырып кооператив құрамыз деу – нәтиже бермейді», дейді Аспандияр Сейсен.
Бүгінде агробанк құру қажеттігі жиі айтылады. Бұл – уақыт талабы. Ауыл шаруашылығының ерекшелігін түсінетін, кепілдік саясатын ауыл жағдайына бейімдейтін арнайы қаржы институтынсыз кооперацияны дамыту қиын. Сарапшының айтуынша, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды (ӘКК) тек қаржы таратушы емес, ауылдың нақты мәселесін шешетін құрылымға айналдыру керек.
Тұрақты табыс көзі
Аграрлы аймағымызда «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында күні бүгінге дейін 114 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылыпты. Олар ауыл тұрғындарынан ет, сүт және басқа да ауыл өнімін тұрақты түрде сатып алып, оны өткізуге көмек көрсетіп отырған көрінеді. Мәселен, «Мади-Агро 7» ауыл шаруашылығы кооперативі жақын ауылдардағы тұрғындардан ет жинап, оны облыстағы ірі кәсіпорын – «Qarmet» АҚ-ға өткізеді. Биылдың өзінде осы кооператив арқылы 80 тоннаға жуық ет сатылған.
«Бұл – кооперацияның ауыл адамы үшін төрт түліктің нақты табыс көзіне айнала алатынын көрсететін айқын мысал. Сонымен қатар жеке қосалқы шаруашылықтарда өндірілген өнімді сақтау мен өткізу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Мал шаруашылығы бағытындағы өнімдер аудан әкімдіктері ұйымдастыратын жәрмеңкелер арқылы сатылып, ауыл тұрғындарының қосымша табыс көзіне айналып отыр», дейді облыстық ауыл шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы іске қосылған 2023 жылдан бері Қарағанды облысында 114 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Оның ішінде 2023 жылы – 62, ал 2024–2025 жылдары 52 кооператив өз жұмысын бастады. Кооперация құруда Ақтоғай ауданы – 25 АӨК, Бұқар жырау мен Шет аудандары – 25 АӨК-тен, Қарқаралы ауданы – 17 АӨК көрсеткішімен алдыңғы қатарда келеді. Бұл жұмыс алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасын табады.
Саланы дамытудың тиімді үлгісі
Ақтоғай ауданы кооперацияны дамытудың тиімді үлгісін көрсетіп отыр. Мұнда «Ауыл аманаты» аясында кейінгі екі жылда жүздеген млн теңгеге әртүрлі жоба қаржыландырылды.
2023 жылы ауданда 65 жобаға 598,3 млн теңге жеңілдетілген несие берілді. Оның ішінде 18 кооператив пен 47 жеке шаруа қожалығының өміршең жобалары қаржыландырылды. Нәтижесінде, мал басы көбейіп, техника алынды, 100-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. 2024 жылы да бұл жұмыс жалғасын тапты.
«Бір ауыл – бір кооператив» жобасы аясында Ақтоғай ауылында «Сапа Мix» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Бұл кооператив әмбебап бағытта жұмыс істеп, ауыл тұрғындарының күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған бірнеше маңызды жобаны іске асырып жатыр.
Бірінші бағыт – ауыл тұрғындарын және жақын елді мекендерді мал азығымен, жем-шөппен, көмір, отын, құрылыс материалдарымен тұрақты қамтамасыз ету. Осы мақсатта аумағы 561 шаршы метрді құрайтын арнайы нысан сатып алынып, автотаразы орнатылды. Қазір 150 тонна «Шұбаркөл» көмірі жеткізіліп, екі арнайы автокөлік алынған. Тұрғындарға және шаруашылықтарға 5 мың рулон шөп тасымалданды. Сонымен қатар 2026 жылға қарай 200 гектар жерге құнарлы жоңышқа тұқымын егу үшін жер дайындалып, қоршауы жасалды. Аталған бағыттағы жобаның жалпы құны – 200 млн теңге.
Екінші бағыт – ауылдық жерде микро, шағын және орта бизнес субъектілерін дамытуға арналған өндірістік кешен салу. Ақтоғай ауылының солтүстік-батыс бөлігінен 1 гектар жер телімі бөлініп, аумағы 520 шаршы метр болатын өндірістік кешеннің құрылысы жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстарының 90 пайызы аяқталған. Жобаның жалпы құны – 173 млн теңге. Бұл кешен ауылдық тұтыну кооперативі негізінде 10 жеке кәсіпкерді біріктіріп, жартылай дайын өнімдер шығару, тігін цехы, қымыз өндіру, кондитерлік өнімдер, көкөніс консервілеу және кәдесый дайындау сияқты бағыттарды қамтитын болады.
Үшінші бағыт – ауыл өнімдерін тікелей қала нарығына шығару. Осы мақсатта Қарағанды қаласында «Ақтоғай өнімдері» атты коммуналдық дүкен ашылды. Ол Бауыржан Момышұлы көшесі, 24/6 мекенжайында орналасқан. Жобаның құны – 15 млн теңге. Қазір дүкенде қала тұрғындарына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік нарық бағасынан төмен бағамен сатылып жатыр, жоба толық іске қосылған.
Бүгінгі шындық – тек кооперацияны тіркеумен ауыл дамымайды. Кооператив қаржыға нақты қолжетімді, өнімін өткізе алатын, ауыл адамы сенетін құрылымға айналуға тиіс.
Ол үшін кепілдік мәселесін жүйелі түрде шешу, агробанк немесе тиімді кепілдік механизмдерін іске қосу, ауылда тұрақты әрі нақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу, жергілікті биліктің жауапкершілігін арттыру қажет. Агросарапшылар осылай дейді.
Ауыл – мемлекеттің тірегі. Ал ауылды сақтау – кооперацияны «қағаздан» шығарып, «Сапа Мix» секілді кооперативтің санын арттыру қажет. Мемлекеттің де алға қойып отырған міндеті – осы.
Қарағанды облысы