«Ақ жол» демократиялық партиясының орталық кеңсесінде партия ұлттық кеңесінің пленумы өтті. Онда қатысушылар парламенттік фракцияның жаңа Конституция жобасын қолдау жөніндегі ұсынысын талқылады.
Партия төрағасы Азат Перуашев өткен жылдың қыркүйегінен бастап әуелі Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының, кейін Конституциялық комиссияның құрамында жаңа Ата заң жобасын әзірлеу үшін атқарылған жұмыстар жайында баяндады. Жобаның негізгі ережелерін «Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжілістің вице-спикері Дания Еспаева таныстырды.
Талқылау барысында партия төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса, Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев, партияның парламенттік фракциясы аппаратының басшысы Берік Дүйсембинов, партияның Астана қалалық филиалының төрағасы, мәслихат депутаты Асқар Смағұлов, Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, депутат әрі облыстық мәслихат комиссиясының төрағасы Бауыржан Сандыбаев, Алматы облыстық филиалының төрағасы Мейраш Шынасылова, Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ермек Әбілдин, Ақмола облыстық филиалының төрағасы, депутат әрі облыстық мәслихат комиссиясының төрағасы Саят Сыздықов, Жетісу облыстық филиалының төрағасы, депутат әрі облыстық мәслихат комиссиясының төрағасы Ермек Егiнбаев, т.б. партия мүшелері сөз сөйледі.
Олар қабылданып жатқан шешімдердің дұрыстығын дәлелдейтін жеке жұмыс тәжірибелерімен бөлісті, сондай-ақ қоғамда талқыланып жатқан конституциялық реформа мәселелері бойынша өз пікірлерін білдірді.
Ұлттық кеңес мүшелері жаңа Конституция жобасын бірауыздан қолдап, редакциялық сипаттағы бірқатар ұсыныстарын білдірді. Бұл ұсыныстар Конституциялық комиссияның хатшылығына жолданатын болады.