• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Әлем 04 Ақпан, 2026

Нобель көрмесі: Демократияға төнген қатер Венесуэла мысалында көрсетіледі

20 рет
көрсетілді

Нобель бейбітшілік сыйлығы аясында ұйымдастырылатын биылғы көрме әлемде демократияға төнген қатерлерді талдауға арналып отыр. «Democracy on the Brink» атты экспозиция Венесуэладағы саяси үдерістерді мысалға ала отырып, демократияның жаһандық деңгейде әлсіреуін және авторитарлық үрдістердің күшеюін көрсетуді мақсат етеді, деп жазады Egemen.kz.

Көрме 2025 жылғы 12 желтоқсаннан 2026 жылғы 30 қыркүйекке дейін өтеді. Ұйымдастырушылар демократияны тек басқару жүйесі ретінде емес, оны қорғауды талап ететін қоғамдық сана мен жауапкершілік ретінде қарастыруды ұсынады. Экспозиция келушіні белгілі бір саяси ұстанымға итермелемей, дерек пен адам тағдыры арқылы ойлануға жетелейді.

Нобель лауреаттары сыйақысын қалай жұмсады?

Көрмеде Венесуэланың демократиялық мемлекеттен авторитарлық басқаруға көшу жолы айқын көрсетілген. Бұл үдеріс Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты, венесуэлалық саясаткер Мария Корина Мачадо жүргізген күреспен сабақтастырыла баяндалады. Экспозицияда оның елдегі саяси өзгерістер үшін атқарған қажырлы еңбегі жеке желі ретінде ұсынылған.

Венесуэла бүгінде әлемдегі ең репрессивті режимдердің бірі ретінде аталады. 2014 жылдан бері елден 8 миллионнан астам адам көшіп кеткен, бұл халықтың шамамен төрттен бір бөлігі. Елде қалған тұрғындар кедейлік пен тұрақсыздық жағдайында өмір сүріп, шетелге кеткен жақындарын сағынады.

Нобель, Букер және біз

Көрменің маңызды бөлігі – босқынға айналған венесуэлалық жастардың тағдыры. Magnum агенттігінің фотографы Emin Özmen Колумбияда тұрып жатқан жас венесуэлалықтармен жүргізген сұхбаттары мен фотосуреттері арқылы «жоғалған ұрпақтың» болмысын ашады. Оның айтуынша, «бұл жастар өз елінде болашақ көрмейді, бірақ өз өмірінен үміт үзбегендіктен кетуге мәжбүр».

Экспозиция демократияның тағдыры азаматтардың сергектігі мен оны қорғауға деген дайындығына тікелей байланысты екенін аңғартады. Ұйымдастырушылардың ұстанымынша, демократияны сақтау – тек мемлекеттердің емес, әрбір қоғам мүшесінің ортақ міндеті.

Олжас Сүлейменов Нобель сыйлығына ұсынылады

NRK телеарнасының өнер және сәулет сыншысы Мона Пале Бьеркe көрменің мазмұндық тепе-теңдігін жоғары бағалады.

«Биылғы Нобель көрмесі жинақы әрі көркем. Маған оның келушіні белгілі бір тарапты таңдауға үгіттемейтіні ұнады», деп пікір білдірді ол.

Осылайша, Нобель бейбітшілік сыйлығы аясындағы бұл көрме Венесуэла тағдыры арқылы демократияның қазіргі әлемдегі осал тұстарын көрсетіп, оны қорғау мәселесінің баршаға ортақ екенін еске салады.

Соңғы жаңалықтар