Облыс әкімдігінде өткен актив отырысында еліміздің жаңа Конституциясының жобасы талқыланды. Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен жиынға облыстық мәслихат, қоғамдық кеңес төрағалары, сала басшылары қатысты.
Алқалы кеңесте Ата заң жобасында көрініс тапқан негізгі ережелердің мемлекеттігімізді нығайтуға, азаматтардың құқығы мен еркіндігін қорғауға, экономика, білім, ғылым, инновацияның дамуына, сондай-ақ еліміздегі саяси институттарды жетілдіруге бағытталғаны туралы сөз болды.
Өңір басшысы конституциялық реформа еліміздің дамуындағы жаңа тарихи белес, маңызды қадам екенін атап өтіп, алда жаңа Конституция жобасының жөн-жосығын халыққа жан-жақты түсіндіру міндеті тұрғанын айтты.
«Облыс тұрғындарымен Ата заңдағы өзгерістердің мән-маңызы туралы әңгімелесіп, тарихи маңызы бар реформаны көпшілікке ұғынықты етіп жеткізуіміз қажет. Әрбір тұрғын Конституция жобасында ұсынылған өзгерістердің мән-мақсатына көз жеткізіп, түсінгені маңызды», деген өңір басшысы Қ.Ақсақалов осы мақсатта өтетін кездесулер, ой-пікір алмасулар азаматтардың бәріне бірдей ұғынықты болғаны жөн екенін айтты.
Сондай-ақ ол бұл іске өңірдің зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері де атсалысуы қажеттігін жеткізді.
Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрамында болған облыстық мәслихат төрағасы Сайлаубек Есжановтың айтуынша, Ата заң жобасында «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы, «Заң мен тәртіп» қағидаты сияқты негізгі бағдарлар бекітілген. Осылайша, жаңа жоба мемлекетті әділ басқару, заң үстемдігін нығайту және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттырудың нақты құқтық тетіктерін айқындап беріп отыр.
Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Бектұрғановтың сөзінше, ел көлемінде жарты жылдан бері жүріп жатқан конституциялық реформа аясында күн тәртібіне түрлі ұсыныстарды енгізу, оны талқылау, Ата заңның мәтінін өзгерту тәрізді ұлы үдерістердің тікелей эфир арқылы көпшіліктің көз алдында өткені биліктің халыққа мейлінше ашық екенін көрсетіп беріп отыр.
«Конституциялық реформа үдерісіне халықтың да белсенді атсалысып жатқанын байқап отырмыз. Әрине, алда әлі де талай ұсыныс айтылар, Конституция жобасы қызу талқыға түсуі мүмкін. Ел өміріндегі елеулі оқиға болған соң, ол – дұрыс. Бірақ ашық, сындарлы диалог болу қажет», деді қоғамдық кеңес төрағасы.
Жиында конституциялық реформаның мән-маңызына халыққа қарапайым тілде жеткізіп, түсіндіре білу маңызды екені айтылды. Актив отырысынан кейін Ата заң жобасы облыстық, аудандық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жиналысында талқыланды.
Қостанай облысы