Алматыдағы Есентай өзенінде қауіпті жағдай сақталып отыр – қатты аяз бен мұздың жиналуына байланысты мұзды су селі қайта жүру қаупі бар. Бұл туралы бүгін «Қазгидромет» хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Гидрометеорологиялық қызметтің мәліметінше, 18 қаңтарда Кіші Алматы өзені алабына жататын Есентай өзенінде шағын су-мұзды сел қалыптасқан. Оған төмен ауа температурасы мен өзен арнасында мұздың белсенді түзілуі әсер еткен.
«Есентай өзенінің арнасында мұз түзілімдерінің басым бөлігі сақталып, судың көп жиналуы байқалып отырғандықтан, су-мұзды селдің қайта қалыптасу қаупі бар», делінген хабарламада.
Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері Алматыда ауа температурасы нөлден төмен деңгейде сақталады. 21 қаңтарда күндіз -3...-5 градусқа дейін, ал түнде -11...-13 градусқа дейін төмендейді. Келесі қар 22 қаңтарда жауады деп күтіліп отыр.