«Қазақтелекомның» 1 қаңтардан бастап көрсетілетін қызметтер бағасын көтеретіні туралы хабарламасы әлеуметтік желілерде талқыланып жатыр. Пайдаланушылардың бірі белгіленген тарифпен үш жылдық келісімшарт жасасқанын, алайда баға бәрібір өсетінін атап өтті, деп жазады Egemen.kz.
«Қазақтелеком» абоненттер үшін 2026 жылға арналған тарифтерінің қорытынды құнының өзгеруін ҚҚС-тың 16% -ға дейін өсуімен түсіндіреді. Бұл ретте баға тарифтерді сақтауды көздейтін ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасқандар үшін де өскен.
«Қазақтелеком» операторы пайдаланушыға компания тарифтерді ҚҚС-сыз бекітетінін және 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап олар өзгермегенін түсіндірді.
«ҚҚС мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға дейін ұлғайған жағдайда салық қызметтің барлық базалық құнына есептеледі, осыған байланысты ақы төлеудің қорытынды сомасы пропорционалды түрде ұлғаяды. Соманың өсуі компания тарапынан тарифтің өзгеруімен емес, заңнамаға сәйкес абонент үшін қызметтің түпкілікті құнына енгізілетін салық мөлшерлемесінің көтерілуімен байланысты», деп атап өтті «Қазақтелеком».
Келісім-шарттарда тарифтер ҚҚС-сыз бекітілген және олардың бағасы салықтың өсуіне байланысты өзгеруі мүмкін.
Бұған дейін ұялы байланыс операторлары тарифтерді 2025 жылдың желтоқсан айынан бастап көтере бастағаны хабарланған болатын.