«Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық паркінің инспекторлары Шелек өзені маңында қар барысының ізін анықтаған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Аталған парктің Таушелек орманшылығы аумағында, Шелек өзені бойында мемлекеттік инспекторлар Омар Әміриев пен Дүйсен Келдәулет кезекті рейд барысында Қазақстанның Қызыл кітабына енген жануардың ізін, сондай-ақ таутекелер мен бұғы-маралдарды ұялы телефонға түсіріп алған.
«Мұндай кадрлар ұлттық парктің табиғи байлығы сақталып, жануарлар әлемінің тұрақты мекендеп жатқанын көрсетеді. Табиғатты қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз», делінген бейнежазба мәлімдемесінде.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында қар барысы фототұзаққа ілінгенін хабарлаған едік.