Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына барып, өңірдегі бірқатар аграрлық нысанды аралады. Іссапар аясында ол Қарғалы ауданындағы «Степное» ЖШС қызметімен де танысты. Мал және егін шаруашылығын қатар дамытып отырған бұл кәсіпорын ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге елеулі үлес қосып келеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
52 мың гектар жерді игеріп, 250 адамды жұмыспен қамтып отырған шаруашылық 2002 жылдан бері элиталық тұқым да өндіреді.
Серіктестік басшысы, «Ауыл» партиясының мүшесі Аманғос Төлеуов 2025 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болғанын айта кетейік. Кездесу барысында оның аграрлық сала мен партия жұмысына қосқан үлесі жоғары бағаланып, «Ауыл» партиясының 25 жылдық мерейтойлық медалі салтанатты түрде табысталды.
– Былтыр Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жылқы шаруашылығын ғылыми негізде дамыту үшін ғылыми зерттеу институтын құру міндетін алға қойған болатын. Осы тапсырма аясында Ақтөбе облысында «Қазақ жылқы шаруашылығы және жемшөп өндірісі» ғылыми-зерттеу институтының жаңа ғимараты салынып жатыр. Бұл жоба отандық селекцияны дамытуға, асылтұқымды жылқыларды кешенді түрде зерттеуге, жылқы еті мен қымызды экспортқа бағыттауға, сондай-ақ ұлттық және спорттық бағыттағы жылқы шаруашылығын дамытуға жол ашады, – деп атап өтті депутат.
Бүгінгі таңда институт құрылымында заманауи зертханалар, манеж, атқора, ветеринариялық пункт пен жарыс жолы қарастырылған. Мұнда 67 адам жұмыс істейді, оның ішінде 4 ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы мен 3 ғылым кандидаты бар.
Бүгін Мәжіліс депутаттарының өңірлердегі кездесулері басталды. 13 қаңтарға дейін жалғасатын жұмыс сапарлары барысында «AMANAT», «Ауыл», «Ақ жол», «ЖСДП», «ҚХП» және «Respublica» саяси партияларының парламенттік фракцияларының депутаттары сайлаушыларды қабылданған заңдар туралы хабардар етеді, олардың жергілікті жерлерде қолданылу барысын зерделейді және азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелер мен проблемаларды тыңдайды.