Үкіметте өткен брифингте Дамир Сейсембеков жаңа ереже бойынша SIM-картаның өздігінен іске қосылмайтынын айтты.
«Егер сіз, айталық, дүкенге барып SIM-карта сатып алсаңыз, ол өз атыңызға биометриялық сәйкестендіруден өтпейінше жұмыс істемеуі тиіс», деді комитет басшысы.
Биометриядан өту жолдары:
Хабарлама арқылы: Абонент SIM-картаны телефонға салған кезде, оған арнайы нұсқаулық жазылған хабарлама келеді.
Мобильді қосымша арқылы: Еліміздегі үш ірі байланыс операторының қосымшаларында биометриядан өту мүмкіндігі қарастырылған.
Ресми бөлімшелерде: Егер азаматта смартфон болмаса, сондай-ақ биометриядан өту қиындық тудырса, ұялы байланыс операторларының ресми сату бөлімдеріне жүгінуіне болады.
«Жалпы алғанда, бүгінгі таңда дүкеннен SIM-карта сатып алудың еш мәні жоқ деп есептеймін. Мұны операторлардың мобильді қосымшалары арқылы оңай жасауға болады», деп түйіндеді Дамир Сейсембеков.