ERSAI индустриялық порты Құрық портында акватория мен кірме арнаның түбін тереңдету жөніндегі стратегиялық жобаны іске асыруға кірісті. Жоба бойынша теңіз түбінің тереңдігін 5 метрге дейін ұлғайту және жыл бойы үздіксіз навигацияны қамтамасыз ету көзделіп отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жобаны толықтай ERSAI компаниясы қаржыландырады.
Көлік министрлігінің мәліметінше, жобаны іске асыруға дайындық барысында ERSAI Cutter Suction Dredger (CSD 650) типіндегі ERSAI 5 атты жеке жерснарядтың құрылысын қаржыландырды. Бұл түбін тереңдету жұмыстарының мерзімі, сапасы және құны бойынша толық бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Жобаның мерзімі – іске асыру 2026 жылғы қаңтар-маусым айлары аралығын қамтиды, жұмыстардың жалпы көлемі 1 млн м³.
Теңіз түбін тереңдету жұмыстары – контейнерлік терминалды іске қосуды және кеме жасау-жөндеу қуаттарын кеңейтуді көздейді.
Жобаны іске асыру – жүк айналымының өсуіне, Орта дәліз бойындағы транзиттік ағындарды тартуға, сондай-ақ Каспий өңірінде болашақ инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін инфрақұрылымды қалыптастыруға мүмкіндік береді.