Түркістан қаласындағы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған №32 жалпы орта мектебінде оқушылардың ойлау қабілеті мен логикалық дағдыларын дамыту бағытында жаңа бастама қолға алынды.
Білім ордасында арнайы жабдықталған шахмат кабинеті ашылып, әр қабаттың фойесіне оқушылардың қолжетімді түрде ойнауына арналған шахмат тақталары орнатылды. Шахмат – баланың көрнекі-бейнелі ойлауын дамытып, шешім қабылдау, талдау мен табандылық дағдыларын қалыптастыратын интеллектуалды ойын. Сондықтан мектепте бұл бағытқа қызығушылық артып отыр. Қазіргі таңда 1-4 сыныптан 150 оқушы, 5-7 сыныптан 45 оқушы тұрақты түрде үйірмеге қатысады.
Мектеп директоры Айгүл Абайқызы бұл бастаманың маңызы ерекше екенін айтты.
«Шахмат – жай ғана ойын емес, баланың ми қабілетін шыңдайтын құрал. Үйірмеге қатысып жүрген оқушылардың сабаққа ынтасы артып, ойлау жылдамдығы, зейіні жақсарғанын байқаймыз. Ата-аналардың да қызығушылығы жоғары. Олар баласының бос уақытын тиімді өткізіп, өзіне сенімді бола түсуін қолдайды. Біз үшін әр жеткіншектің жан-жақты дамуы – басты мақсат», деді мектеп басшысы.
Оқушылардың шахматқа сүйіспеншілігін арттыру мақсатында жақында мектепке халықаралық гроссмейстер Нұрлан Ыбраев келіп, жас шахматшыларға шеберлік сабағын өткізді. Бұл іс-шара ата-аналар мен балалардың интеллектуалды ойынға ынтасын арттыра түсті.
Айта кетейік, елімізде 42 мектепте шахмат пән ретінде оқытылады, ал 1500-ге жуық білім ордасында үйірмелер жұмыс істейді. 2027 жылға дейінгі кешенді жоспар аясында Түркістан облысындағы шахмат үйірмелерінің саны одан әрі артпақ. Бір сөзбен айтқанда, шахмат – баланың болашағын өзгерте алатын интеллектуалды инвестиция.
Сұлтанбек НҰРЛАН,
Түркістан облысы білім басқармасының баспасөз хатшысы