Астана қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Айгүл Шағалтаева жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмаудың өсуіне байланысты санитариялық індетке қарсы (профилактикалық) іс-шараларды күшейту туралы қаулы қабылдады, деп жазады Egemen.kz.
Астанада сырқаттанушылық қалай өсіп жатыр?
Құжатта көрсетілгендей, 2025 жылдың 1 қазанынан бастап 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Астана қаласында ЖРВИ-мен сырқаттанушылықтың артқаны байқалады.
Соңғы, 45-аптада қалада 23 002 ЖРВИ жағдайы тіркелген. 44-ші аптамен (2025 жылғы 30 қазан – 5 қараша) салыстырғанда сырқаттанушылық 1,5 есе артқан (ол кезде 14 994 жағдай болған).
14 жасқа дейінгі балалар арасында сырқаттанушылық 60% құрайды – 14 018 жағдай.
Мектеп оқушылары жалпы сырқаттанғандардың 25%-ын (5 752 жағдай) құрап отыр, өткен аптамен салыстырғанда бұл көрсеткіш 1,1 есеге өскен. Әсіресе 1-4 сыныптарда сырқаттанушылық жоғары – 30% және одан да көп.
Лабораториялық мониторинг барысында ЖРВИ мен тұмаумен ауыратын пациенттерден алынған 285 сынама зерттелген. Соның 116 сынамасы оң нәтиже көрсеткен, барлығы да A(H3N2) тұмау вирусы. Бұдан бөлек, 6 жағдайда COVID-19 анықталған.
14 жасқа дейінгі балалар арасында A(H3N2) тұмауы 26 жағдайды немесе 22%-ды құрайды.
Қаулыда Астана қаласының аудан әкімдері, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, Білім басқармасы, білім беру ұйымдарының басшылары, ұлттық сараптама орталығының қалалық филиалы, қалалық жедел жәрдем станциясы және аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларына нақты міндеттер жүктелген.
Жалпы міндеттер
Аудан әкімдері, денсаулық сақтау және білім беру органдары, сондай-ақ зертханалық қызметтер:
ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2025-2026 жылдардың эпидмаусымына арналған ЖРВИ, тұмау және COVID-19 бойынша санитариялық-індетке қарсы және профилактикалық іс-шаралар туралы қаулысының толық орындалуын қамтамасыз етуі тиіс.
Емханалар мен амбулаторияларға қатысты талаптар
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысына амбулаториялық-емханалық ұйымдарда мына шараларды қамтамасыз ету тапсырылған:
үйге шақыртуларға қосымша жағдай жасау (автокөлік, жанар-жағармай, тіркеу бөлімінің кезекшілігі); медициналық персонал мен пациенттер үшін маска режимін сақтау; емханада науқастардың ұзақ уақыт жиналуын болдырмау, қосымша қабылдау кабинеттерін ашу; кіреберістер мен аумақта сүзгі-кабинеттердің (фильтр-кабинеттердің) жұмысын қамтамасыз ету; ЖРВИ, тұмау және асқыну белгілері бар адамдарды арнайы бөлмелерге оқшаулау, қажет болса, зерттеу үшін жағынды алу және амбулаториялық немесе стационарлық емге жіберу; жүкті әйелдер мен 1 жасқа дейінгі балалардың үйге шақыртуларын бірінші кезекте орындау, күнделікті патронаж және қажетті жағдайда дер кезінде госпитализациялау; тұмауға күдігі бар, ауыр және орташа ауыр жағдайы бар науқастарға қосымша телефон желілері арқылы консультациялық көмек көрсету және госпитализациялау; медициналық ұйымдардың жұмыс уақытын 08:00-20:00 аралығына дейін ұзарту, демалыс және мереке күндері – 08:00-18:00; ЖРВИ, тұмау және пневмонияны емдеуге арналған вирусқа қарсы препараттардың жеткілікті қорын қамтамасыз ету; қызметкерлерді бір реттік маскалармен (әр 3 сағат сайын ауыстыру) қамтамасыз ету; адамдар көп жерлерде ауаны зарарсыздандыру құрылғыларын пайдалану;санитарлық тораптарды сұйық сабын, бір реттік қағаз сүлгілер, педальды қоқыс жәшіктерімен жабдықтау; үй-жайлардағы температура +18°С-тан төмен болмауы тиіс; ЖРВИ белгілері бар пациенттерге онлайн кеңес беру; емханаларда ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу бойынша көрнекі ақпарат (стенд, парақша, бейнематериалдар) орналастыруды күшейту.Ауруханалар, перзентханалар және стационарлар
Стационарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдар мен босандыру ұйымдары:
қажет болған жағдайда соматикалық бөлімшелердегі төсектерді инфекциялық төсектерге қайта бейіндеу; ауруханаға келушілер – пациенттердің туыстары мен бөгде адамдардың кіруін уақытша тоқтату; медициналық персонал мен науқастар арасында маска режимін сақтау; ЖРВИ және тұмаумен ауыратын пациенттерге қызмет көрсететін медицина қызметкерлерін жеке қорғаныс құралдарымен (маска, халат, қолғап) қамтамасыз ету; ЖРВИ, тұмау және пневмонияны емдеуге арналған препараттар, дезинфекциялау құралдарының қорын толықтыру; аурухана ішіндегі температуралық режимді сақтау: жалпы бөлімшелерде +18°С-тен төмен емес, перзентхана блогында +22°С-тен төмен емес; палаталарды күніне кемінде үш рет желдету; ауа зарарсыздандыру құрылғыларын пайдалану; персонал мен пациенттер арасында ЖРВИ және тұмау белгілері бар адамдарды анықтауды ұйымдастыру, науқастарды жеке палаталарға немесе блоктарға оқшаулау.Қалалық жедел жәрдемге қатысты тапсырмалар
Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясына:
үйге шақыртуларды қамтамасыз ету үшін қосымша автокөлік, жанар-жағармай, тіркеушілердің ауысымдық жұмысын ұйымдастыру, еңбекке уақытша жарамсыздық парақтарын жеті күнтізбелік күнге дейін беру; ЖРВИ және тұмау белгілері бар жүкті әйелдер мен 1 жасқа дейінгі балаларға бірінші кезекте қызмет көрсету, қажет болған жағдайда оларды госпитализациялау; жеңіл және қайталанған жағдайлар бойынша онлайн кеңес беру тапсырылған.Мектептер мен балабақшалар: қашықтан оқу және таңғы сүзгі
Астана қаласының Білім басқармасы, денсаулық сақтау басқармасымен және МСАК ұйымдарымен бірлесіп, барлық білім беру ұйымдарында мына шараларды қамтамасыз етуі тиіс:
2025 жылғы 20 қарашадан 5 желтоқсанға дейін: бір сыныпта оқушылардың 30% және одан көбі ЖРВИ-мен ауырса, ол сыныпты қашықтан оқыту форматына ауыстыру; бір инкубациялық кезең ішінде бір сыныптың 20-30%-ында ЖРВИ жағдайы тіркелсе, он күнтізбелік күн бойы кабинет жүйесін тоқтату және сыныпқа жаңа балаларды қабылдамау; әр ауысым алдында таңғы сүзгі жүргізу – жөтел, қызу, басқа да ЖРВИ белгілері бар балалар мен педагогтарды сабаққа жібермеу; балалар үйлері, интернаттар, приюттар мен жасөспірімдерге арналған орталықтарда күнделікті сүзгіні (сауалнама, тексеру, қажет болғанда термометрия) ұйымдастыру; балалардың, жасөспірімдер мен қызметкерлердің күнделікті қатысу мониторингін жүргізу, себептерін анықтау және ауру жағдайлары туралы медицина ұйымдарына хабарлау; ЖРВИ және тұмау белгілері байқалған балаларды ата-аналары келгенге дейін оқшаулағышта ұстау, қажет болса жылдам түрде ауруханаға жеткізу; медициналық пункттер мен оқшаулағыштарды термометр, шпатель, бір рет қолданылатын маска, тұмауға қарсы препараттармен жабдықтау; үй-жайларда +18°С +22°С аралығында температуралық режимді сақтау; кабинеттерде ылғалды жинау мен желдету режимін күшейту, үзіліс уақытын 10 минуттан 15 минутқа дейін ұзарту; дәретханаларды сұйық сабын, бір реттік сүлгілермен қамтамасыз ету; оқушылармен жеке гигиена және ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу тақырыбында түсіндіру жұмыстарын, тақырыптық диктанттар өткізуді ұйымдастыру; бұқаралық мәдени, мерекелік және спорттық іс-шараларды уақытша тоқтату.Халықпен ақпараттық жұмыс
Алматы, Байқоңыр, Есіл, Нұра, Сарайшық және Сарыарқа аудандарының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары:
халық арасында ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуі; бақылаудағы объектілерде аудио және бейнематериалдарды көрсетуі; дәрістер өткізу және әлеуметтік желілерде ақпарат орналастыруы тиіс.Қаулыда эпидемияға қарсы іс-шаралар Астанада ЖРВИ және тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай жақсарғанға дейін жалғасатыны көрсетілген.