Қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Қазақстанға басқа елдерден тұрақты тұру үшін 16,2 мың адам келсе, оның 8,3 мыңы, яғни 51%-ы бұрын Өзбекстанда тұрғандар екен. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының деректері көрсетіп отыр, деп жазады Egemen.kz.
Бұдан да көп көрсеткіш соңғы рет 2013 жылы тіркеліпті. Ал елдің жалпы иммиграциядағы үлесі 2014 жылдың қаңтар-қыркүйегінен бері алғаш рет 50%-дан асып отыр.
Өзбекстаннан келушілердің үлесінің 50%-ға жуық деңгейі 2010 жылдары байқалған екен. Бірақ кейін бұл көрсеткіш те, республикадан келген иммигранттардың жалпы саны да төмендеген.
Айта кетерлігі, 2016 жылдың қаңтар-қыркүйегіне қатысты егжей-тегжейлі деректер жоқ. Алайда, белгілі болғаны – сол жылы Өзбекстанның үлесі жыл қорытындысы бойынша тек 37% болған. Иммиграциялық ағым жыл ішінде әдетте біркелкі жүретінін ескерсек, үш тоқсандағы нәтиже бұдан көп айырмашылыққа ие болмағаны анық.
Биылғы жағдай неліктен өзгерді?
Өзбекстаннан келгендердің саны биыл былтырғы жылмен салыстырғанда 11%-ға ғана артқан. Алайда елдің иммиграциядағы үлесі бірден 15 пайыздық тармаққа артты.
Бұл неліктен болды? Себебі иммигранттардың жалпы саны былтырғы 20,4 мыңнан биылғы 16,2 мыңға күрт төмендеді. Мұның негізгі себебі:
Ресейден тұрақты тұруға келгендердің саны 47%-ға азайған (3,1 мың адамға дейін).
Моңғолиядан келгендер былтырғы «секірістен» кейін 71%-ға төмендеп, 0,3 мың адамға дейін қысқарған.
Өзбекстаннан қай ұлт өкілдері келіп жатыр?
Этностық құрылым бойынша деректерге сәйкес, Өзбекстаннан келушілердің үштен екі бөлігі – қазақтар. Олар көбіне Қазақстанның оңтүстік және батыс аймақтарын таңдап отыр.
Қоныстанатын өңірлер бойынша көрсеткіш: Алматы облысы – келгендердің 41%-ы, Маңғыстау облысы – тағы 22%-ы.