• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Сәуір, 2022

Болмысы бөлек Вова

177 рет
көрсетілді

Біздің ауылдың шетінде христиандар зираты орналасқан. Мұнда жерленгендердің дені – өткен ғасырдың 60-жылдары тың игеру кезеңінде ауылға қоныс тепкен­дердің ұрпағы. Көпті көрген қариялар ауыл құрылған уақытта украин, белорус және чуваш ұлты өкілдерінің жергілікті тұрғындарымен етене араласқанын айтып отыратын.

Әлгі зиратта Вовка (ауыл­­­да­ғылар осылай атап кеткен, шын есімі Вла­димир) есімді азамат мәң­гілік ұйқыда жатыр. Оны біл­ген, көрген адамдар «үй-күйі жоқ, араққа құмар, ауылдың малын бақ­қан еді» деп менсінбеушілікпен еске алар еді. Бірақ мен оның жа­саған іс-әрекеттеріне көз жү­гіртіп, өзгеше ойға бе­рі­летінім бар. «Вов­ка қай­тыс болды» деген хабарды естігенде, жақын туысым­нан айырылғандай күй кешкенім рас.

Вовка талай жыл ауыл­дың қо­йын бақты. Мектеп қабыр­ғасында жүрген ке­зім. Бір­де оның тамақ са­лын­ған қап­шығына көзім түс­­ті. Ішінен екі-үш кітап­тың мұқа­басы көрінді. Кітап­тарды қолыма ала бергенде, көзіме оттай басыл­ды: Жұрт жамандайтын әлгі Вовкаң Ілияс Есен­берлиннің «Көш­пенділер» трилогиясының орысша нұсқасын оқып жүр екен (Вовканың қазақшасы онша емес еді). Қой баққан кезде ермек қылады ғой. Сұрастырсам, кітаптарды ауыл кітапха­насынан жаздырып алатын көрінеді. Ал «ауылдың кейбір айт­қыштары» кітап оқу былай тұрсын, кітапханаға аяқ басып көрсін. Кітап оқу мәселесіне келсек, жас­тардың да жағдайы мәз емес. Вовканы жаман деп көр енді.

Бүгінде қай ауылды алып қа­ра­саң да, жергілікті жердің өткені жайлы тар­қатып айтар ақса­қал­дар­дың қатары сиреген. Кей­де қария­лардың ортасында отырып, әсерлі әңгіме тыңдағың кеп құлшынып отырасың. Әттең... Вовка әңгіменің шебері еді. Әңгі­месін «Я не понял» деп бастайтын-ды. Жан-жақты еді жарықтық. Қай саланы болсын, шама-шарқынша қызықты етіп айтып беретін. Тіпті білгенінше ауылдың тарихын тар­қатып, кім-кімге қалай туысатынын жатқа білетін. Оның әңгімесінен кейін көңіл көкжиегі көтері­ліп қалатын еді. Ауыл меші­тінің бірқатар құры­лыс жұ­мысына Вовканың ең­бегі сіңді деуге әбден болады. Ақ­ша­ға жалданып істесе де, әр ша­­руаны тиянақ­ты атқаратын. Ме­шіт жұ­мыс­тарына асар жасал­ған уақыт­та ауылдың тепсе те­мір үзер кей­бір жігіт­тері үйін­де дөңбекшіп жат­қан­да, Вовка сауабы мол істен қалыс қалмайтын.

Бүгінде біреудің бойын­да­ғы ке­містікті көрсе, мұрын шүйіре қарайтындар аз емес. «Кедейсің» деп кемітетін­дер де жетерлік. Мал бағу­шы болсын, от жағушы болсын, мекеме басшысы бол­сын, бәрінің де Алла алдын­дағы дәрежесі бір. Бауырмал болайық, ағайын!

Соңғы жаңалықтар